Бақ қонған берекелі ауыл

Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан тұрмысы жайлы, тіршілігі ауылшаруашылығымен тығыз байланысқан бұл мекен – Бірлік ауылдық округі деп аталады. Кеңес уақытында төрт түлігі төсінде өріп, алқабынан алтын дән өнген ауылдың тыныс-тіршілігі тоқырау жылдарында оңай болмағандығын бәрі біледі. Дегенмен қилы кезеңдерді өткеріп, алға беталған ауылдың бүгінде берекесі артып, тірлігі қайта түлеген. Ендеше, газетіміздің бүгінгі санында тұрмысы түзелген ауылдың кешегісіне көз жүгіртіп, бүгінгі бейнесін бедерлесек...
Тарихтан тамыр тартсақ...
1928 жылдың маусым айында жаңадан құрылған Қазалы ауданы партия ұйымының ұйғарымымен Бірлік ауылында «Қосшылар Одағын» құрылады. Одаққа жалынды жас Жармахан Бекетаев төраға болып бекітіледі. 1931 жылы аудан бойынша 29 колхоз құрылғанымен «Бірлік» колхоздар қатарына кіре алмай қалады. Басты себеп – Республикада қолдан жасалған ашаршылық еді. Соның салдарынан жергілікті жұрттың көбі күнкөріс қамы үшін Өзбекстан, Қарақалпақстан жеріне және Арал теңізі жағасына көшеді. Жағдайды бажайлаған басшы Жармахан Бекетаев бастама көтеріп, тұрғындарды қолдан ау тоқытып, дариядан балық аулау, базардан мылтық алып беріп, құс ату, жер жыртып, егін егу және мал басын көбейтуге атсалысып, аштықтан аман алып қалудың амалын жасайды. 1934 жылдың көктемінде әртарапқа кеткен азаматтар туған жеріне қайта оралып, ауылдың жандануына жұмыла үн қосады. Сол жылы ауылдағы ахуал жақсарып, «Бірлік» қайтадан колхоз атанады.
Ауылдың бас көтерер азаматтарын жинап, басқарма мүшелерін сайлайды. Мыса Елкеев, Қаржаубай Азанәлиев, Жәли Досетов, Мұратбай Ахметов, Сердалы Құлжанов және Жамаш Баймұратов сынды азамататар басқарма мүшелері болып сайланып, өздеріне артылған саланың жұмысын арқалайды. Ұйысқан ұжымның ұтымды жұмысының арқасында үкімет пен партияның жүктеген міндеттерін мүлтіксіз орындап отырды. Сол жылы №10-шы «Қарлаң» ауылдық кеңесі ашылады. Оған Бердібай Қуатбаев төраға болып, хатшылығына Ізімбетов Ілияс бекітілді. Ал Жармахан Бекетаев колхозды 1945 жылға дейін басқарды.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы колхоздардың егін егіп, шөбін шаып тасу үшін ауыл орталығынан 1935 жылы машина трактор станциясы ашылды. Сол жылдың қысында МТС-ке ХТЗ тракторының екі данасы келеді. Кейін қажеттілікке сәйкес техника саны тағы да толықтырылды. Маусымдық жұмыстар аяқталған соң мамандар техникаларды МТС шеберханасына әкеліп, жөндеп отырды.
Ұлы Отан соғысы жылдары МТС жанында аумақтық «Политотдел» мекемесі құрылады. Бұл мекеме саяси жұмыстармен айналысады. Партия хатшылығында Нағымар Назмаханов пен Шамша Мәженов жетекшілік етті. Сол жылдары МТС жанында «Промкомбинат» малшыларға арнап қараша үй, соғыстағы жауынгерлерге арнап байпақ басып, киім тікті. Сондай-ақ ет дайындап, наубайхана жұмысын жандандырды. Кірпіш цехында күйдірілген кірпіш шығарды. Қайнаған қызу тірліктің айналасынан әр саланың өз майталмандары табылды. Мал шаруашылығын Шәкет Нұралиев ширатса, Ал Ілияс Саймаханов, Мұратбай Ахметов, Нәшше Күншығаров пен Яхия Төлегеновтер егін егуде басшылық етіп, еңбекте ептілігін байқатты.
МТС жанынан тракторшы мамандығына оқытатын курс ашылды. Оған ауыл әйелдерін Зұлфия Жұбатқанқызы үйретті. Күләй Ахметова, Жақсыбике Ізтілеуова, Қағаз Рамазанова сынды қыз-келіншектер тракторшы мамандығын алып, колхозда еңбек етті.
1957 жылы МТС тарап, РТС болып қайта құрылды. Басшылығына Ілияс Саймаханов тағайындалды. Ауылшаруашылығы мамандары мен қызметкерлері жалақыларын РТС мекемесінен алып тұрды. 1959 жылы Бірлік ауылында «Откорм» совхозы құрылды. Оған Нұрман Рысмамбетов директор болып тағайындалды. 1960 жылдан совхозды Шәкет Нұралиев, 1963-1970 жылдары аралығында Сәйдім Сұлтанмұратов, 1970-1972 жылдары Николай Озернов басқарды.
1972 жылы Откорм совхозы тарап, мал дайындайтын мекеме ретінде қайта құрылды. Оған Жалғас Тұрсымұратов басшылық етті.
1977 жылы жұмысшылары «Бірлік» ауылы тұрғындарынан құралған бұл мекеме Қазалы аудандық мамандандырылған мал өсіру, бордақылау және дайындау бірлестігіне айналады. Бұл кезеңде ауыл көлемінде 4000 бастық мал бордақылау алаңы, «Сайман» учаскесінен 500 басқа арналған қоражай, ауыл орталығынан монша және жұмысшы қызметкерлерге тұрғын үйлер құрылысы қаланып, пайдалануға беріледі.
1980-ші жылдары бордақылау алаңындағы ірі қара 5000 басқа жеткізіледі. Күндік қосымша салмақ әрбір бас ірі қараға 400-500 грамм, мал басының тірілей салмағы 350 килограмды құрайды.
Ауылды ажарландырған қос қабатты кеңсе үйі, сауда орталығы, 90 орындық балабақша, материалдық қоймалар және кең әрі жарық тұрғын үйлер, 5 гектар алма бағы, көшелерге жол салынып, тас төселетін тұс сексенінші жылдардың соңы еді. Сол тұста бағымдағы малға арналып, 500 гектарға дейін сүрлемдік және дәндік жүгері, 1000 гектар жоңышқа, арпа, бидай дақылдары егіліп, күтіледі. 531 гектар ауыспалы егіс танабы пайдалануға беріледі. 20 гектар көлемінде бақша, көкөніс егіледі. 2005 жылдан кейін «Аранды» ауылдық округінен бөлінген ауыл өз алдына «Бірлік ауылдық округі болады.
Бітер істің басына...
Дамудың дара жолын таңдаған ауыл тізгінін әр жылдарда тәжірибесі жетік мамандар ұстады. 2005-2009 жылдар аралығында Нәби Үргеншібай ауыл ахуалын жақсартып, жандандырса, 2009-2013 жылдары Қожахмет Қуанғали ауыл әкімі қызметінде болып, қарқынды жұмыстар атқарды.
Ал 2013-2014 жылдар аралығында Ермек Аймаханав ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтулы үлес қосты. Сондай-ақ 2014-2019 жылдары аралығында Баймұрат Теміров те өзіне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқара білді. Қазіргі таңда бұл ауылда биліктің тізгінін Өміртай Өтеп-әлі ұстап отыр. Ел-жұртын еңбекпен дамудың даңғыл жолына бастаған әкімнің атқарып жатқан шаруалары шырайлы. Ел сенімін арқалаған ауыл әкімінің қызмет ету қарқыны көңіл қуантады. Ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, әр жұмысынан нақты нәтиже шығарып келеді.
– Қазақ танымында «Елу жылда ел жаңа» деген тәмсіл бар. Осы сөзді негізге алып, ауыл ахуалын жақсарту жолында тұрғындармен тізе қосып, ауқымды жұмыстарды атқарып келеміз.
«Ауыл – ұлттың ұйытқысы» демекші, мемлекет тарапынан ауылды көтеруге ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Мұндай мүмкіндікті біз де қалт жібермей, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға барынша қам жасап жатырмыз, – дейді ауыл әкімі Өміртай Өтеп-әлі.
Білімде бәсі биік
Білімге қарай ойыссақ. Бірліктегі екі қабаттан тұратын мектеп 2017 жылы пайдалануға берілген. Мұнда оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беруде білікті мамандар шоғырланған. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында 1-11 сыныптар бойынша 140 педагог сабақ береді. Мектеп ғимаратында балаларға қажетті құралдар-жабдықтармен жасақталған 32 кабинет бар. Оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді өткізу мақсатында арнайы волейбол, грек-рим үйірмелері қызмет етеді. Мектеп жанынан ашылған «Күнікей» шағын орталығы жұмыс жасап тұр. Шағын орталықта 40 бала тәрбиеленуде. 11 қызметкер бала тәрбиесіне
– Бірліктегі оқу ордасы балаларға сапалы білім беруде аудан мектептерінің алдыңғы сапында. Бұлай дейтінім, 2002 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық тестілеуден жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келе

міз. Кемінде 4-5 түлек республиканың жоғарғы оқу орындарына грант жүйесі арқылы оқуға түсіп, білім бәсінде беделімізді биіктетіп жүр, – дейді ауыл әкімі Өміртай Өтеп-әлі.


міз. Кемінде 4-5 түлек республиканың жоғарғы оқу орындарына грант жүйесі арқылы оқуға түсіп, білім бәсінде беделімізді биіктетіп жүр, – дейді ауыл әкімі Өміртай Өтеп-әлі.
Ауыл медицинасының ахуалы
Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт ашылған тұста алғашқы меңгерушісі Фатима Мұхаммедамина болды. Ол МТС-те бала-бақшаның меңгерушісі бола жүріп, бұл қызметті де қатар алып жүрді. Кейін Ольга Ким, Дина Жайбергенова, Орынша Керімбердиев, Гүлшара Бұхарбаева, совет Медетов сынды ақхалаттылар ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетті. 1985 жылдан бастап 2022 жылға дейін ауыл түлегі Рая Бақытова науқастарды емдеп, сауықтыруға септесті.
Ал 2022 жылдан бастап Айнұр Бегалиева ауыл халқының медициналық көмек алуын қамтамасыз етіп, науқастарға қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде медициналық мекемеде штат бірлігі 3,75-ті құрайды. Ал қызметкер саны – 5-еу. Мұндағы қызметкерлер өз ісіне әбден маманданған. Әрбір науқасқа ерекше назар аударып, көмек көрсетеді. Тіпті науқас ауыр жағдайда болса, аудан орталығына жеткенше алғашқы жәрдемін аямайтын да осылар. Осындай қызметке машықтанған оларға қарап: «ауыл дәрігері – әмбебап» деген сөздің дұрыс екенін ұғынасың.
Мәдениетінен мән кетпеген
Ұлт руханияты да ауылдан бастау алады. Салт-дәстүр, мәдениеттің сарқылмас қоры да ауылдарымызда сақталып келеді. Адамзат тарихының құнды сырларын сүріндірмей әкеле жатқан киелі мекеннің бірі – ауыл кітапханасы. Бүгінде кітапхана қорында 10491 кітап бар.
1937 жылы көшпелі «Қызыл мүйіс» үйі құрылған тұста Алмағамбет Ізбақышев кітапхана меңгерушісі болды. Ал Сақтаған Байтілеуов кітапхана жұмысын жетілдіріп, оқырманның сұранысын қанағаттандыруға күш жұмсады. Мәрия Кәрібаева ғұмырының 32 жылын осы салаға арнап, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, ауыл жастарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруда қажырлы еңбек етті.
1986-2002 жылдары Сағира Кемалова, 2002-2006 жылдары Әсемкүл Бисембаевалар кітапсүйер қауымның көңілін табуға тырысты. Бүгінде ауыл кітапханасында Гүлсінай Иззатова оқырмандармен тығыз байланыс орнатып, оларға тиісті қызмет көрсетіп келеді.
Ал ауылдық клуб 1963 жылы бой көтерген. Клубтың меңгерушілері болған Шамшырақ Рахатова, Ақсұлу Самединова, Гүлбағыш Оспанова, Ақжан Есетов, Бектұрған Ізтілеуовтер ауыл мәдениетіне оң өзгерістер әкеліп, тұрғындардың таным деңгейін арттырды.
Ауыл тұрғындарының руханиятқа деген ықыласы ерекше екенін аңғардық. Ауыл клубын асарлатып салғандығы соның анық айғағы. Бұл мәдениеттің ауыл халқы үшін маңызды екендігін байқатады.
Байланыс жүйесі байыпты
Почта және байланыс бөлімшесі колхоз болып ұйымдасқан уақыттан жұмыс істеп келеді. Осы аталған бөлімшеде аудан орталығына ақпарлар мен деректер беріліп, сырттан келетін хат-хабар жинақталады. Ауыл орталығындағы почта бөлімшесін алғашында Шыныбай Жұмағамбетов басқарды. Байланыс монтері қызметін Ұлы Отан соғысы ардагері Жұма Сүндетов атқарды.
1964-1965 жылдары Төлепберген Бердібаев, 1966-1968 жылдары Қожаберген Піралиев, 1969-1971 жылдары Диханбай Жұматов, 1972-1974 жылдары Гүлбағыш Оспанова бөлімшені басқарса, 1974 жылдың аяғынан 1994 жылға дейінгі уақытта Қошқар Баймұратов меңгеруші болып қызмет етті.
1981-1994 жылдары телефон байланысы саласында Балғазы Ермағамбетов 1981 жылдан 1994 жылға дейін жұмыс істеп, өмірінің соңына дейін почта бөлімшесі бастығы қызметін атқарды.
1994 жылдан телефон байланысында Боранбай Әбдіров, почта бөлімшесінде Сара Жұбатқанова жұмыс жасап, халыққа қызметтерін көрсетіп келеді.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген
Бірлік ауылының тұрғындары бұрыннан кәсіпке бейім. «Қожабақы» селолық жұмысшылар кооперациясы мекемесіне қарасты Бірлік ауылы дүкеншілері Сәду Жаманбаев, Домақ Науашев, Фатима Бохаева және Айзада Ешімовалар жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Олар сауда саласында еңбек етіп қоймай, ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеп, керек-жарақпен қамтамасыз етті.
«Ырыстың оннан тоғызы – сауда да» демекші, ауыл кәсіпкерлері Жанымсұлу Қани мен Сара Жұбатқанова күнкөрісін сауда арқылы ажыратуға кіріскен. Ауыл тұрғындары өздеріне қажетті дүние үшін ат арытып, алысқа шабылмайды. Өйткені «Ай-Жан», «Дастан» аралас заттар дүкенінде тұрғындарға қажетті дүниенің бәрі табылады. Осылайша ауыл кәсіпкерлері тұтынушыға қажетті тауарды қолжетімді бағада ұсынып, сауданың көрігін қыздырып отыр.
Ауылдан қалаға қатынаймын деушілер үшін такси қызметі де қарастырылған. Ауыл тұрғындары Бөкенбай Құтжанов пен Жахангер Байкөбеков жолаушылар тасымалымен жүйелі айналысып келеді.
– Ауылда «Ауыл амаманаты» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып жатқан жандар да бар. Ауыл тұрғыны Жәнібек Тоқмырза 2024 жылдың қазан айында жоба аясында 4 миллион теңге несие алып, өз кәсібін бастады. Бүгінде ол ғимараттың қас бетін қаптау қызметін ұсынып келеді. Сондай-ақ 2 тұрғын 3 миллион теңге грант алды. 2023 жылдың желтоқсан айында жеке кәсіпкер Алтынбек Тілеуқабыл «Ауыл амаманты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2,5%бен барлығы 3 миллион теңге несие алып, той қызметі бойынша кәсібін жалғастыруда, – дейді ауыл әкімі Өміртай Өтеп-әлі.
Ізгі істерге ұйытқы ұйымдар
Ауылдағы барлық саяси-әлеуметтік жағдайға әкімдік жанындағы қоғамдық ұйымдар да белсене атсалысатынын байқадық. Бағамдағанымыздай әр ұйымның өзіне жүктелген міндеттері жоғары деңгейде ұйымдастырып, біршама істің басынан табылып жүр.
Атап айтсақ, Ордабай Төлегенов төрағалық ететін ардагерлер кеңесі, төрайымы Гүлжаһан Шәкірова болған әйелдер кеңесі, жетекшісі Мәди Қали бастаған жастар ұйымының қоғам үшін ұлт мүддесі үшін ұйысып келеді. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен алтын құрсақты аналардың қатысуымен жастардың бойында жалпы адамзаттық құндылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған сағаттар өткізіледі. Онда үлкендер өнегелі өсиетін айтып, өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі етеді.
Мешіт – ізгілік мекені
Бірлігі жарасқан ауылдың тіршілігінен жанашыр жандардың, жомарт азаматтардың шарапаты аңғарылып тұрады. Бұны Бірлікте біткен мына бір істен бағамдадық. Осыдан он жылға таяу уақыт бұрын тұрғындар тілегі орындалып, көптен күткен ізгілік мекені ауыл төрінен орын тепкен еді. Бүгінде ізгіліктің ұясындай болған жаңа мешіт ауылдың ауызбірлігіне қызмет етіп, халықты адамгершілікке шақыратын орынға айналған.
Рамберді ишан Бұхара, Самарқанда діни оқу орындарынан дәріс алған емші әрі әулие кісі болған. 1896 жылы Бірлік ауылына келіп, ізгілік мекені – мешітті салып, ауыл тұрғындарын имандылыққа шақырған. Ал кейін 1998 жылы ауыл азаматтары Темірбай Елемесов, Әлжан Қалжанов, Қошқар Баймұратов және Төлепберген Бердібаев, сол кездегі ауыл басшылары Чкалин Мұратбаев пен Есенкелді Мәлиевтердің қолдауымен азық-түлік дүкені мешіт ғимаратына беріліп, «Рамберді ишан» мешіті болып ашылады.
Кейін ҚМДБ-ның иелігіне өткен діни ғимарат заман талабына сәйкес келмейтіндіктен жаңадан қайта салынған. Мешіт құрылысын жүргізуді кәсіпкер Бекқали Бекбауылов қолға алады. 2015 жылы 8 қазанда мешіт облыс және аудан азаматтары, имамдардың қатысуымен пайдалануға беріледі.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ