«Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері

Адамзат тарихындағы 1418 тәулікке созылған екінші дүние жүзілік қисапсыз қайғы- қасірет әкелді. Сол сұрапыл күндердің нүктесін қойған Жеңіске биыл – 80 жыл. Ел басына күн туған айтулы сәтте ерлік пен өрліктің үлгісін көрсетіп, батылдықтың туын биіктеткен жанның бірі менің әкем, соғысы және еңбек ардагері Құрманалы Тұяқбаев.
Әкем 1925 жылы Арықбалық ауылдық кеңесіне қарасты қазіргі Жанқожа батыр ауылы дүниеге келген. 6 жасқа енді жеткен 1931 жылы ашаршылықтан арып-аршыған ата-анасы азық іздеп, Тәжікстанға көшіп кетеді. Қазалыдан барған он шақты үй көші Термоз қаласы маңындағы әскери орналасады. 1937 жылы маусым айында туған жерін аңсап олар, Қазалыға қайта келіп, №15 ауыл Жиделі колхозына қоныстанады. Бұл кезде Құрманалы 12 жаста еді. Мектепке барып, небәрі 5 кластық білімді «өте жақсы» деген көрсеткішпен аяқтайды.
Әкем өзі баяндаған естелігінде былай дейді.
1943 жылдың 25 қаңтарында әскер қатарына шақырылған ол Ташкенттің қасында Азатпаш деген жерде 17-артиллеристік полкте алты ай оқиды. Жанында Жұмағали Өтепбергенов, Керім Төлемісов деген ауыл жігіттері де болады. Алты ай өткен соң жас сарбаздар батысқа қарай жөнелтіледі. Мәскеудің Казан вокзалына түскен соң Ленинградқа қарай шығатын тас жолдың үстіне жеткізіледі. Алғаш жаумен бетпе бет келген жауынгерлер қобалжығанымен, бірте-бірте салқынқандылыққа бойларын үйретеді. Жаңа құрам ұзамай бөлінеді. Әкемді артиллерияның зенит бөліміне қабылдады. Мұнда 5 ай сонда оқып, 1943 жылы 28 қарашада Великий Луки қаласы тұсында 2-Прибалтикалық фронтқа апарады.
Ал өзінің өлшіл рухын жаныған Великий Луки қаласын жау қоршауына босатқан сәтті былайша еске алатын.
«Зенитші мамандығын меңгерген біз 29 қараша күні сағат 10-00 шамасында немістің 11 ұшағымен айқасуға тура келді. Мұнда бізден бұрын келгендер де бар екен. Біздегілер жау ұшағын атқылай бастады. Қас қағым сәтте 2 ұшақты атып түсірдік. Көмекке «ЯК-12» маркалы ұшақтың 9-ы келді. Аспанда ұшақтар айқасы басталды. Біз атысты тоқтаттық, біздің истребительдер немістің «Мистер Шмит -110» маркалы әуе көлігінің үшеуін атып түсірді. Сол күні кешке жоғарыдағы басшыдан 30 қарашада артиллериядан 1-1,5 сағат артжаттығу жасауға бұйрық келді. Таң қараңғыда артиллерия Великий Луки қаласының үсті көкпеңбек көк түтін болды. Қызыл ракеталар атылып, белгі берілді, артиллерия атысты тоқтатты. Жаяу әскерлер атакаға шықты»,– дейтін.
Соққы алған жау Невель қаласына қарай жылжиды. Қосымша жеткен әскер күішнен соң тегеурінге тойтарыс бере алмаған немістер кері шегініп, өзенінің арғы бетіне бекінді. Ұтымды әскери тактика арқасында ол жерден де екі күннен соң қуылады. Ендігі бағыт – Витебск қаласы маңында өрбиді. Мұздай қаруланған жау жағы мықтап бекініс орнатады. Қос тарап үш күн қақтығысады. Жағдай өзгере қоймайды. Алайда сол қанқұйлы Витебскдегі майданында жарақаттанып, әскери госпитальге түседі. Емдеу орнында екі айдан науқасына ем алған сарбаз қатарға қосылып, қаруын қайта қолына алады.
«Госпитальда Мақанғали Төлебаев деген ауылдас ағамен кездестім. Ол менің хабарымды, жараланып елге қайтқанда, үйге айтып келіпті. Кейін екінші рет «Каунас» жеріндегі соғыста жараландым. Ленинград госпиталында емделіп, жазылдым. 1944 жылдың 25 тамызында қайтадан соғысқа ендім. Мені 230-атқыштар ротасына қабылдады. Командирі капитан Попов деген кісі болатын», – дейтін естелігінде.
Әкемнің айтқандарынан ойымда қалғаны мына жолдар еді.
«Біздің 88-атқыштар корпусы Великий Лукиды азат ету мақсатымен қала іргесінде кескілескен ұрыстар жүргізді. Сызды окопта немістердің шабуылын күтіп жатырмыз. Бір мезгілде арт жақтан «Тылда немістер! Парашюдші десантшылар!»- деген айқай естілді. Рота командирі аға лейтенант Г.Котовтың басшылығымен бір топ байланысшылар десантқа қарсы шығып, немістердің «көзін» әуеде жойдық. Жерге аман түскендері іле қарсы атысты бастады. Батальон болып немістердің шабуылын тойтардық. Әлден уақытта көзім көпір маңында қаннен-қаперсіз рациямен айналысып жатқан бес фрицке түсті. Байқатпай жақын келіп, автоматпен атып жібергенімде екеуі құлап түсті. Бұдан әрі шүріппені қалай бассам да автоматым атылмай қалды. Сөйтсем, оғым таусылыпты. Не болғанын түсінген фашистер асықпай маған қарай келе жатты. «біткен жерім осы екен» дегенімде, олардың екі-үш адым жасауы мұң екен, бұта арасынан жеделдете атылған мылтық даусы естіліп, екі неміс сұлап түсті. Үшіншісі құлап бара жатып атып үлгірді. Алғашқы оқ оң қолымды жалай өтті де, екіншісі кеуде тұсыма тиді. Есімді жиып, құтқарушыма қарасам, ол өз көйлегімен жарамды таңып отыр. Бұл менің майдандас досым Ж.Абдуллин екен»,– деп майдандас достарын үнемі есіне алып отыратын.
Бірде командир Қ.Тұяқбаевқа жаудың пулемет нүктесін жоюды тапсырды. Бқл жолы әскерлер аталмыш тапсырманы орындай алмайды. Қауіпті нысананы табуда бірнеше солдат жараланса, бірнешесі ажал құшып, небәрі тоғыз адам аман қалады. 3- наурыз күні қалған тоғыз әлгі орынға қайта жетеді. Беталысты байқаған қарсыластар оқтарын қарша боратады. Бұлар да граната лақтырып үлгереді. Жақын жерден жарылған жарқыншақ жауынгердің сол қолын жарақаттанады. Мейірбике жарасын таңып, емдеу бөліміне жеткізді. Осы жолы қаруластар М.Заяцов пен Ж.Абдуллин үшеуі жаудың пулемет нүктесін жояды.
Үшеуі де «Қызыл жұлдыз» орденімен наградтады. Алайда Абдуллин ол сәтті көре алмай кетеді.
Құрманалы Ленинград жеткізіледі. Бұл жердегі хирург ота жасап, қолыңды кескенде тез жазылатынын, қолы кесілсе, ауылыңа қайтатынын айтады. Алайда жаужүрек жігіт келісім беремей, қолыма мыс салдырып алып, Новосибирскіге бағыт алады.
Әкем жарақаты жазылған соң Владивостокта 2-3 ай қираған қаланы қалпына келтіру жұмысына қалып, елге 1945 жылы 25 қазандағы қарашада елге қайтады.
Соғыстан келген соң колхозда еңбек етіп, жолын жұмысшы болудан бастайды.
1947 жылы жұбайы Қымбатпен отбасын құрып, екеуі үлгілі ұл-қыз өсіріп, ұлағатты жанұя басшысы бола біледі.
Ұзақ жыл қазіргі Жанқожа батыр ауылында көлік жүргізушісі болған азамат ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып, айналасына үлгі болды. Тапсырылған жұмысты тындырымдылығымен бел жазбай, жанын сала атқарған ол ауылда тұңғыш автокөлік жүргізуші болып, ізіне шәкірттер ертеді. 1985 жылы «Құрметті еңбек демалысына» шығады.
Ерлік ешқашан ескерусіз қалмайды. Құрманалы Тұяқбаев «Қызыл Жұлдыздан» бөлек Кеңес Одағының Маршалы Жуковтың, «СССР Қарулы Күштерінің құрылғанына 70 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі және өзге де түрлі мерекелік марапаттар мен орден-медальдардан кенде қалған жоқ.
Көпшіл, қиындық туса жасымайтын, бар болса тасымайтын адамгершілік қалыптан таймаған азаматтың жолын үлгі тұтып, ақылына құлақ асқандар көп болатын. Ұл-қыздары мен немере-шөберелері де «майдангер ұрпағы» деген атты абыроймен алып жүруді перзенттік парыз, азаматтық борыш, кісілік кредосына айналдырған.
Бағила ҚҰРМАНӘЛІ,
Жанқожа батыр ауылындағы
№94 орта мектептің тарих пәні мұғалімі,
майдангердің ұрпағы