Қоғамдық көліктің қалтарысы көп

Осы тұрғыда тұрғындарды толғандырған жағдайды біржақты ететін сәт қашан туар екен деген сауал еріксіз туындайды? Өзіміз қойған сауалға өзіміз жауап берер болсақ, кеудені қуаныш кернейтіндей ілгерілеушілік байқала қоймайтынын ашық айтуға тура келеді. Оның үстіне бұл мәселеде құзырлы органдардың біздің сауалымызға берер жауабы бесенеден белгілі.
Дей тұрғанмен олардың бұл мәселеге айтар уәжіне құлақ түруді жөн санадық. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Әйтеке би кенті аумағында тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен жеке кәсіпкер С.Айтжанов және «Қазалы такси» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып келеді. Бүгінде қоғамдық көліктің кент аумағында 4 бағыты белгіленген. Нақтыласақ, №1, №3, №4 және №6 маршрут тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Шыны керек, бұрын бұл көрсеткіш бірнеше есеге артық еді. Ал қазір қоғамдық көліктердің саны жыл санап азаю үстінде. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрдәурен Есенғалиұлы мұның себебін қосалқы бөлшектер бағасының қымбаттауымен, сондай-ақ жекелеген такси қызметтерінің көбеюімен байланыстырады.
– Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда өңірде қоғамдық көліктің орнын такси қызметі басып келеді. Соның салдары тұрақты жолаушылар ағынының төмендеуіне әкелуде. Осыған байланысты тасымалдаушылар үшін жол жүру шығындарын өтеу тиімсіз болып, шағын автобустардың біртіндеп сатылымға шығуына себеп болуда.
Осы жағдайды ескере отырып, кентішілік қоғамдық көлік қызметінің тиімділігін арттыру, қозғалыс жиілігін жақсарту мақсатында жаңа маршруттық бағыттар мен олардың сызбалары әзірленді. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу арқылы қоғамдық көліктерге бюджет қаражаты есебінен субсидия бөлу қарастырылды.
Аталған бағытта аудандық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылып, бірнеше рет әлеуметтік желілер мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы конкурс жарияланғанымен, бірде бір әлеуетті тасымалдаушылардың (әлеуметтік өнім берушілердің) қатыспауына байланысты конкурстар өтпеді деп танылды, – дейді бөлімнің бас маманы.
(Осы жерден бастап 2-бетке)
Несін жасырамыз, жергілікті атқарушы орган қоғамдық көліктің жай-күйін жақсартып, қызметтің сапасын одан әрі дамытуға жұмыстанып жатырмыз дегенді жиі айтады. Әйтсе де тұрғындар мұндай жауаптан әбден жауыр болдық дегенді алға тартты. Кент тұрғыны Әсима Меңдеш жолаушылар тасымалдаумен шұғылданатын кәсіпорындар мен қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыратын тиісті органдардың жұмысы жүйесіз деп ренішін білдірді.
– Біз білсек, қоғамдық көлік қозғалысына, олардың қызмет сапасына жергілікті атқарушы орган жауапты. Әйтсе де, жағдайдың бір арнаға түсіп, түзелер түрі жоқ. Мезгіл сайын осы мәселе төңірегінде талап-тілегімізді айтып мазасыз күй кешіп жүрміз. Бұрын маршруттар уақытылы жүрмейді деп даурығатын едік, ал қазір сол күнімізге де зәру боп қалдық. Өйткені маршруттардың бағыты қысқарғалы, кент ішінде оларды көп кездестірмейтін де болдық, – дейді ол.
Бүгінде аудан орталығы саналатын Әйтеке би кентінің 50 мыңға жуық халқы бар. Бір қызығы, осыншама тұрғынға кент ішінде 20-ға әрең жетіп жығылатын шағын автобус қызмет көрсетеді. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бүгінде кент ішінде жалпы саны 18 шағын автобус тұрғындарды тасымалдайды. Көлік тапшылығы кент орталығына алыстан қатынайтындарға қиын. Жұмыстан үйге, үйден жұмысқа асыққан тұрғындарды қоғамдық көліктің кестеден кешігуі әбден қажытып отыр. Уақытының бір бөлігін аялдамада маршрут күтіп жоғалтатын тұрғындар бұл түйткілді қалай да шешу керек дейді.
– Өз басым көпшілік "Жаңаауыл" атап кеткен аумақта тұрамын. Үйден базар не вокзалға, теміржолдың арғы бетіне жету үшін таксиге мінуге мәжбүрмін. Өйткені біздің аумақ бойынша қатынайтын маршруттың бағыты қазір жоқ. Сосын амалсыз телефондағы қосымшаға жүгініп, такси шақырасың. Жолақысы қалтаңды кәдімгідей қағады. Кейде асыққанда бірер аялдама болатын жердің өзіне әдеттегіден көбірек соманы төлейміз. Маршрут санын көбейтіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетсе, бұлай сабылып жүрмес едік, – дейді кент тұрғыны Айсәуле Қазбекқызы.
Жолаушы тасымалымен айналысатын серіктестік иелерінің сөзіне сенсек, саладағы қиындықтар қаржы тапшылығынан туындап отырған көрінеді. Айтуларынша, бұл қиындықтар бірер жыл төңірегінде емес, елімізде пандемия болған уақыттан бастау алған. Жұмысы тұралап қалған жүргізушілердің басым бөлігі сол кезден бастап жеке көліктерін сатып жіберген. Өйткені жолақы түсімі тасымалдаушылардың шығынын өтеуге жетпепті.
Айта берсек сылтау көп. Әйтсе де бұл кентішілік қоғамдық көлік қозғалысын қанағаттандырусыз қалдыруға себеп болмау керек секілді. Халықтың талап-тілегін тыңдап, оны тиісінше шешу – маңызды міндет десек те, мінбердегілердің күрмеуі көп қоғамдық көліктің кемшіліктерімен күресі мардымсыз болып тұрғаны бұлтартпас шындық.
Түйін. Кент аумағының күннен күнге кеңейіп жатқанын ескерсек, күн тәртібінен түспеуі тиіс тақырыпты қалтарыста қалдырмауға қам қылу керек. Сонда ғана қоғамдық көлікті күтіп жүдеген жұрт көңілі жібіп, жауаптылар алғыс арқалар еді.
Арайлым ЖҮСІПОВА