Менің әжем

Әжем Жамбосын Дариха 1954 жылы мамырдың 2-жұлдызында Қармақшы ауданы, Жосалы қыстағында дүниеге келген. Дүние есігін ашпай жатып, екі жасында асқар тау әкесінен айрылады. Анасы мен бауырларының қасында болып, анасының мейірімімен, бауырларының қамқорлығымен 1971 жылы мектеп бітіреді.
Ол 6 класс оқып жүргенде, ең алғаш рет мектепте ағылшын деген сабақ жүреді. Жас ұстаз сабақ береді. Осы күннен бастап, әжем анасына: «Мен ағылшын пәні мұғалімі боламын,» — деп айта береді. Анасы байғұс өз жағдайына қараса керек: «Қайдан білейін, қиындау мамандық екен, бірақ арманыңа жет,» деп айтады.
Бірақ, әжем айтқанынан қайтпай, жас ұстаздың үйіне барып, өз бетінше дайындалып, ұстаздың қасынан шықпайды. Жас ұстаз да әжемнің талабына шек қоймай,бар білгенін үйретеді.
Алайда мектеп бітірген жылы бұл арманына жете алмайды. Екінші жылы тағы да жеңіліс. Үшінші жылы институттың дайындық бөліміне рұқсат алады. Осылайша сегіз ай өте шығады. Қабылдау емтиханынан өте жақсы бағамен тапсырып, студент атанады.
Қуанышы ұзаққа созылмай, осы жылы әжеме Алланың орны толмас үлкен сынағы келіп, бары да, нары да жалғыз анасынан айрылады. Әжем үшін нағыз өмір басталады. Анасыз өмір, үлкен сынақтар... Бірақ, әжем берілмеді. Бәріне қарсы тұрып, 1978 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі деген атақпен қолына диплом алды. Ана үміті ақталды.
«Мақсатың айқын болса, арманың орындалады,» дейді әжем.
Әжем үшін өмірдің тағы бір жаңа кезеңі басталды. Осы кезде менің әжеме ажарлы да, білімді, құрметті, ақылды дәрігер – менің сүйікті қымбатты атам кездеседі. Екеуі тіл табысып, көп ұзамай отау құрады. Сөйтіп, өмірге ұрпақтар келді. Біз дәрігер мен мұғалімнің немерелері болғанымыз үшін Аллаға сансыз шүкір деп, мақтанышпен айтамыз.
Әжемнің тағы бір әңгімесінде: «Маған ең қиыны – атаңның әкесін көру. Мен осы уақытқа дейін әке деген сөзді ешкімге айтпағанмын, әкенің қамқорлығын көрмегенмін. Ол кісі мені қалай қарсы алады? Мені қорғайтын анам да жоқ,» – деген ой маза бермеді. Бірақ, бәрі Алланың қалауымен басқаша болды. Мені атам қамқорлықпен, "айналайын" деген сөзімен қарсы алды. Сол кезден бастап, мен ол кісіні әке дейтінмін. Бұл сезімді айтып жеткізу қиын дейді.
Ең алғаш рет әке батасын алып, жұмысты бастап кетеді. №204 мектепте 40 жылға жуық ұстаз болып, 2012 жылы еңбек демалысына шығады.
«Адамның жолының болуы, еңбегінің жемісті болуы – ата-ананың разылығы,» – дейді әжем.
Ол үнемі айтып отырады: «Менің осындай жетістікке жетуім, шәкірттерімнің мені іздеуі, меннен ақыл-кеңес сұрауы, барлық жақсы жақтарымның болуы – менің ата-енемнің батасы. Бұл екі кісі менің еңбек етіп, жұмыс жасаууыма зор үлесін қосты. Менің қызығымды, бақытты сәттерімді көре алмай кеткен ата-анамның орнын толтырды. Сол кісілердің батасымен өстім, өндім, көгердім,» – деп үнемі айтып отырады.
«Сендер де ата-аналарыңды сыйлаңдар! Ата-анасы барлар – бақытты. Солардың баталарымен, ақылымен жүріңдер,» дейді менің әжем бізге.
Бұл – менің әжемнің өмірінен бір естелік жазбалар.
Қазір біз бақыттымыз – осындай ақылды, мейірімі мол, әркез бізге көмек қолын созып, ақыл-кеңесін айтып отыратын асыл да ардақты, үлкен жүректі ұстаз әжеміз бар. Менің таң қалатыным – кез-келген уақытта сұрасақ, соған әжем жауап беруден жалыққан емес.
Әжеме қазіргі арманыңыз не? деп сұрасақ: «Менің арманым – сендердің амандықтарың, бақытты ұзақ ғұмыр сүрулерің, ең бастысы – саналы, иманды, білімді ұрпақтар болуларың,» дейді.
Сөз соңында әжем туралы былай дер едім. Өмірінде Алланың сынақтарына сынбай, қиын кезеңдерді жеңе білген, мақсатын дұрыс қойып арманына жете білген, екі нәрсені дұрыс таңдай білген (жар таңдау мен мамандық таңдау), өмірлік тәжірибелері мол, ақылына көркі сай, мейірімді, жан-жағын, ұрпақтарын, барлық мәселеге сабырмен қарайтын, бізбен бірге балаша қуанып, кішкентай нәрсеге мәз болатын, Алладан күндіз-түні тілек тілеп, дұғада отырған менің асыл ардақты әжем, дер едім.
Әжетайым аман болыңыз! Бізге керексіз. Сізден үйренеріміз әлі көп. Ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеймін. Біз сізді қатты жақсы көреміз, әжетайым. Мен сізбен мақтанамын
Айгерім ҚУАНТҚАН,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың
1-курс студенті
1-курс студенті