Талабы таудай Элля

Элля орыс этносының өкілі. Орыс сыныбына барады. Дегенмен қазақ тілін жақсы меңгерген. Көпшіл, шыншыл, қашанда ақжарқын жүзі нұрланып тұратын орыс қызының сабақ үлгерімі де өте жақсы. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мәдени-көпшілік шараларда үнемі бойкөрсететін Элля орыс әдебиеті мен қазақ тілі пәндерін сүйіп оқиды. Орыс-қазақ ақын-жазушыларының өлең-жырларын жаттап, шығармаларын оқиды. Тіпті жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр.
– Элля ақкөңіл, ашық-жарқын мінезді. Ойындағысын қымсынбай айтып, пікір алмаса біледі. Достары да көп. Орыс сыныбында оқығанымен қазақ тілінде сөйлеседі. Жуырда мектеп-лицейде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен мектепішілік «Көктем аруы – 2025» байқауында өзінің жан-жақтылығымен көзге түсіп, екінші орын иеленді. Білім сайыстарында да бәсі биік. Болашағынан зор үміт күтер оқушым, – дейді сынып жетекшісі Жадыра Бердалиева.
Дәрігер болуды армандайтын Элля туралы сыныптастарының да, ұстаздарының да пікірі жақсы. Барлығы оның білімге, білуге құштарлығы басым дейді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін оқушы қалалық балалар кітапханасының тұрақты оқырманы. Кітапханада өтетін іс-шаралардың да белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда қазақ тілі мен әдебеиті пәнінің мұғалімі Гүлбарам Жауғашарова Эллямен бірге ғылыми жұмыс дайындауға кіріскен.
– Элляны түрлі сайыстарға қатыстырып, талантын ұштауға ұстаз ретінде ықпал етудемін десем болады. Өзі де берілген тапсырманы тиянақты орындайды. әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайды. Бауырмал, мейірімді. Жаныңа келіп, «апай, жағдайыңыз қалай?» деп жылы жымиып тұрады. Талабы таудай оқушы. Келешекте өз ісін жетік меңгерген маман иесі шығарына сенемін, –дейді Гүлбарам Жауғашарова.
«Көп естігеннен, бір көрген артық» демей ме?! Бізде ұстаздары мақтауын асырған талабы таудай шәкіртпен тілдескенді жөн көрді.
– Маған әдеби кітаптар оқыған ұнайды. Кітапханашы апайлар кітап таңдауыма үнемі көмектеседі. Аулада қазақ достарым көп. Қазақ тілін солармен сөйлесу арқылы үйрендім. Әлі де үйренерім көп деп санаймын. Мұғалімдерім де үнемі қолдау білдіріп, мақтап, қолпаштап отырады. Мен үшін достардың орыс, қазақ, өзбек болғаны емес, адалдығы, сыпайылығы маңызды. Мектеп бітірген соң дәрігер болуды қалаймын. Дегенмен мен әзірге алтыншы сыныпта оқимын. Мүмкін келешекте ойым өзгеріп, таңдауым басқа салаға түсетін шығар. Бастысы, қандай мамандықты меңгерсемде білікті әрі білімді маман болғым келеді, – дейді Элля Лапшина.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА