Көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы
2018 жылғы 18 мамыр күні Ә. Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» қауымдастығының ұйымдастыруымен қазақ тілінде білім алатын жастардың орыс әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру, сөйлеу мәдениеті деңгейін көтеру, орыс тілін меңгерген дарынды жастарды анықтау мақсатында Көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.
Байқауға Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласынан іріктеу турынан өткен жоғары сынып оқушылары және жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 14-22 жас аралығындағы 17 талапкер қатысты.
Байқау ережесіне сәйкес талапкерлер белгілі қазақ, орыс ақын-жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық және поэзиялық шығармаларынан жатқа үзінді оқыды.
Байқауға қатысушыларды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәрсенова Дариха Үмбетайқызы бастаған қазылар алқасы бағалады.
Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахналық және оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша Сырдария ауданындағы №36 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Амангелдиев Хантемір І орынды жеңіп алса, Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласындағы №272 орта мектептің 10-сынып оқушысы Ғалымжанова Айдана және Қызылорда қаласындағы №257 орта мектептің 8-сынып оқушысы Теңізбай Арайлым ІІ орынды, ал «Абылайхан» атындағы жоғары колледжінің 1-курс студенті Есенгелдиев Елдар, Қызылорда қаласындағы №187 орта мектептің 9-сынып оқушысы Санақұлова Аружан, Жаңақорған ауданындағы №163 орта мектептің 7-сынып оқушысы Икрам Нұрсұлтан ІІІ орынды жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздары басқарманың дипломдарымен және ескерткіш сыйлықтарымен марапатталды.