Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ынтымақты елдің ырысы артады

Ынтымақты елдің ырысы артады

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Сан ұлтқа сая болған қазақ елі бұл мерекені ерекше атап өтеді. Қазақ топырағында бірлігі мен ынтымағы жарасқан бірнеше ұлт бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Олар ортақ Отан – Қазақстанды көркейтуде жұдырқтай жұмылып, түрлі салада еселі еңбек етуде. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Геннадий Шиповских. ­Мереке қарсаңында халық қалаулысына айналған азаматпен сұхбаттасудың орайы келді.
– Геннадий мырза, бірлік мерекесі құтты болсын! Елдің ынтымағы мен тыныштығы – бақ-береке. Ал, Сіздің түсінігіңіздегі бақыт ұғымы қандай?
– Әрбір адам бақыт деген дүниені әртүрлі ұғып, түсінеді. Біреуге ол ақша, біреуге пәтер, біреуге мансап, енді біреулер үшін қомақты қаражат болуы мүмкін. Мен үшін бақыт біріншіден, әке-шешеңнің, ағайын, бауырларың, достарыңның амандығы. Егер төрт құбылаң түгел болып, сені қоршаған қымбат жандар аман жүрсе, жоғарыда айтып кеткен нәрселердің барлығы өз ретімен келе береді деп сенемін.
– Адамның бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
– Мен бағалайтын айрықша қасиет – шыншылдық және адалдық. Себебі адам неғұрлым адал, шыншыл болса, соғұрлым ашық болады. Өмірден озған әке-шешем де, бүгінгі таңдағы ата-анам да мені әрдайым осы бағытта тәрбиеледі. Қазақта жақсы сөз бар «Басыңды шапса да, шындығыңды айт» деген. Мен үнемі осы аталы сөзді ұстанамын.
– Сізге үлкен көлемде қаражат ұсынылды делік. Қайда, қалай жұмсар едіңіз?
– Бүгінге дейін бұл туралы қатты ойланып көрмеппін. Дегенмен өзіңе тиесілі, адал жолмен, қажырлы еңбегіммен келген қаражатқа жақындарымның жағдайын түзеуге тырысамын, мұқтаж жандарға көмектесер едім. Әр пенде «Мен не істей аламын?», «Жұртқа қандай жақсылық жасау қолымнан келеді?» деп талпыну керек. Жанашырлық істің қайыры мол. Ол ертелі-кеш сені табады.
– Құлазыған көңіліңізді не көтереді?
– Қандай бір қиындыққа тап болсам, өзім күрмеуін шеше алмайтын күрделі мәселеге кезіксем, жақындарымның ақылына сүйенемін. Бір іске көңілім толмай, сенімсіздік туындаса дұрыс жол сілтейтін жандардың кеңесіне құлақ түремін.
Көңіл-күйім болмағанда музыка тыңдаймын. Әсіресе рок музыкаға деген қызығушылығым жоғары. Сондықтан болар құлазыған сәтте осы жанрдағы әуендер маған жақсы әсер сыйлайды.
– Бұған дейін берген сұхбаттарыңыздан кітапқұмарлығыңыз аңғарылады. Қазір кімдердің шығармаларын оқып жүрсіз?
– Менің бірнеше хоббиім бар. Солардың ең бастысы – кітап оқу. Түрлі жанрдағы әдебиеттерге құштармын. Ғылыми фантастика, криптология жанры, мистика, тарихи, саяси кітаптар жаныма жақын. Жақында ғана әлемдік классикаға көз жүгірттім. Брэм Стокердің «Дракула» және Оскар Уайльдтің «Портрет Дориана Грея» атты кітаптарын тауыстым.
Жуырда тағы бір кітапқа тапсырыс беріп қойдым. Ол Хантингтон деген жазушының трактаты. Жақын арада қолыма тиеді деген үміттемін. Жалпы кітаппен дос адаммын.
– Өмірде қатты қуанған және өкінген сәттеріңіз...
– Әрине өмір болған соң түрлі жағдайлармен бетпе-бет келуге тура келеді. Өзімнің өмірбаяныма көз жүгіртер болсам, өте қатты өкінген кезім – туған әке-шешемнің өмірден өтуі, отбасымнан айырылуым. Бұл тақырып менің жүрегіме ауыр тиеді, сол себепті көп қозғағанды құп көрмеймін.
2005 жылы мені жетімдер үйінен қазақ отбасы асырап алды. Қазақ отбасындағы ата-анам Мұрат Насыров пен Баян Нимағанбетова аялы алақанымен маңдайымнан сыйпап, қамқорлық танытқан сәттен бастап, қуанышты күндерім басталды. Бұл мен үшін өте маңызды болды. Сонымен бірге өзіңізге сұхбат беріп, қасиетті Қазалы перзенті болып отырғанымның өзі қазіргі ата-анамның арқасы деп білемін.
– Газет оқырмандарына, жерлестеріңізге тілер тілегіңіз...
– Қазақ қанатты сөздерге бай халық. Солардың арасында «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деп жатады. Елдің бірлігі бекем, адамдардың татулығы мығым болсын. Ел аман, жұрт тыныш болып, мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік. Қызылорда облысы, Қазалы ауданына жалынды сәлем жолдаймын. Әр отбасында бақыт пен береке тұрақтасын, қуанышты күндерде қауышуды жазсын!
– Уақыт бөліп, әсерлі әңгіме өрбіткеніңізге рахмет. Құрметті болыңыз!
Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 сәуір 2020 ж. 962 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031