ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Бүгінгі мақаламызда отбасы құндылығы жөніндегі Ислам дініндегі қағидалар мен қазақы болмыстың өзара үндестігіне, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы кейбір отбасылық түйткілдердің шешіміне тоқталмақпыз.
Отбасы – Алланың нығметі
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендерге өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салғаны – Оның (Алланың) белгілерінен. Расында, бұл істе ойланатын адамдар үшін үлкен ғибрат бар» дейді (Рум сүресі, 21-аят).
Бұл аятта Алла Тағала отбасы құрылымын Өз нығметі ретінде сипаттайды. Яғни, жұбайлар арасындағы сүйіспеншілік пен мейірімділік – бірлік пен татулықтың кепілі. Қазақ халқы да осынау қасиетті байланысты әрдайым ерекше қастерлеген
Алла Елшісі (с.ғ.с.) де: «Үйлену – менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менің үмбетімнен емес» – деп отбасын құрудың маңызын көрсеткен.
Баланың тәрбиесі – ата-ананың аманаты
Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды тозақ отынан сақтаңдар» (Тахрим сүресі, 6-аят).
Бұл аят – ата-анаға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бала – Алланың аманаты. Оны рухани, имани тұрғыдан тәрбиелеу – ең басты міндет.
Қазақ қоғамында баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. «Баланы жастан», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақылдар соның айғағы. Балаға ес білгеннен-ақ имандылықты, үлкенді сыйлауды, намаз оқуды, шыншыл болуды үйреткен.
Қариялар – отбасының берекесі
Қазақ – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Әке мен шешені, ата мен әжені төрге отырғызу – қазақтың ғана емес, Исламның да талабы. Құранда: «Оларға (ата-анаңа) «туф» деп айтпа, ұрыспа және оларға сыпайы сөйле» (Исра сүресі, 23-аят).
Қазіргі қоғамда қарияның сөзін тыңдамайтын, тәрбиеге көнбейтін ұрпақ көбейіп келе жатқандай. Бұл – имани кемшіліктің белгісі. Отбасында ата мен әжеге орын берілмесе, ұрпақ рухани іріп-шіри бастайды. Сондықтан отбасылық берекені сақтау үшін үлкендерге құрметті қайта оралуымыз керек.
Қорыта айтсақ, бүгінде отбасына сырттан әсер ететін жат көзқарастар, батыстық өмір салты, әлеуметтік желілер мен теледидардағы жағымсыз контенттер көп. Мұның барлығы жас отбасылардың арасына іріткі салып, имандылық пен тәрбиеге көлеңке түсіруде.
Отбасы – қоғамның темірқазығы. Ол болмаса, ұлт болашағы бұлыңғыр. Ислам діні мен қазақы болмыс – отбасы құндылықтарын көзінің қарашығындай сақтауға үндейді. Біз үшін салихалы жар табу, иманды ұрпақ өсіру, ата-ананы қадірлеу – бұл дүниедегі бақ пен ақыреттегі құт.
Алла Тағала баршамыздың отбасымызға береке, сүйіспеншілік, түсіністік пен сабыр нәсіп етсін. Қазақтың әрбір шаңырағы иманмен нұрланып, ұрпағымыз – ұлағатты, жұбайларымыз – сабырлы, қарияларымыз – қадірлі болғай. Әмин.
Нұрдәулет НӘБИ,
Қазалы аудандық орталық
«Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы