Қазалыда туған хит
Болайық жақыннан таныс.
Әуенге ырғалып бірге
Ортада билейік вальс, – деп басталатын ырғақты әнді бүгінде білмейтін қазақ баласы кем де кем. Құрылымы аса күрделі болмаса да, терең иірімге түзіліп, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін жұп-жұмыр, мазмұнды дүниені қазақ даласынан өзге көршілес мемлекеттегілер мен шалғайдағы қандастар да жатқа айтады. Жұлдызды туындының жарыққа шыққалы бері өз құнын жоғалтпай, тыңдарманын жалықтырмауы – көп шығармаға берілмейтін бақ, бұйырмас мүмкіндік. «Вальспен» талай кеш қызықты өтті. Талай бозбала өзі ұнатқан арудың көңілін тапты. Талай түлек білім ошағымен қоштасты. Орындаушысы, клипі жалпы жұртқа жақсы таныс болса да, хиттің Қазалыда туғанынан көпшілік бейхабар.
Белгілі ақын, композитор Шынберген Сүлейменовтің шәкірті Дін Шора деген азамат бар. Қазалыдағы концертті аяқтап, Аралға бара жатқанда хабарластым. Сол кезде шығып, ұсынған ән болатын. Композитор шын жүректен тіледі ме, ән мені, мен оны таптым. «Вальссіз» бірде-бір концерт, тойым болған емес. Тіпті бір орындағанымда, тағы да қайтара айтқызып, қалың көптің қосыла шабыттандыратыны бар, – дейді қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, бірнеше вокалдық жарыс жеңімпазы Нұрболат Абдуллин жақында тілшілерге берген сұхбатында.
Әнді тудырған талантты жерлесімізге хабарласып, пікірін білдік.
– Әлі есімде, 2016 жылдың жазында Шынберген Сүлейменовтің Қазалыдағы ата-анасының шаңырағында болдық. Сол тұста Әйгерім Мамырова бір әнімді орындап жүрген еді. Әнші қыз оны бойды шымырлатар әсем үнімен тамылжыта шырқап болысымен, барлығы орындаушы екеумізге қошемет білдіріп, жақсы пікірлерін айтты. Қонақтардың қатарында болған Нұрболат Абдуллин күліп: «Маған да бір өлеңіңді дайындап қой», – деді әзіл-шыны аралас пейілімен, – деді Дін Шора.
Арада екі-үш ай өткенде Қазалыдан Аралға бара жатқанын айтып, сазгерге бұйымтайын алуға хабарласады. Бұл күні Д.Шора да Қазалыға тойға баратын болады. Қос тарап екі ауданның аралығында кездеседі. Осы сәтті автор былайша еске алады:
– Досымды көріп, оның жайын білмекке асыққаныммен, сұрағанындай әнім жоқ еді. Жолай не айтатынымды ойлап, іштей пайымдап келемін. Бірақ жолығысуымыз жағдайды күрт өзгертті. Шабыт деген қызық қой, мезгілі жетсе мүмкіндікке де, мерзімге де қарамайды. Нөсерлеткен жаңбыр да, түнгі сағаттың үш екені де тосқауыл болмай, Нұрбуллинмен әңгімелесіп тұрған бес минутта құйылып бір ән келе қалды. Жанымда баянда ойнайтын Асылхан есімді жігіт болатын. Екеуіне әуенді тыңдатқанмын, ұнатты. Диктафонға түсіріп, Асылхан баянға, мен домбыраға қостық. Нұрболат ризашылықпен алып кетті. Сөзін Оразбек Қиынбаев жазды, – деді.
«Сол кезде ән хитке айналарын білдіңіз бе?» деген сұрағымызға Дін Бақытұлы:
– Эстарададағы замандастарымызды тыңдай жүріп, «осындай ән халыққа керек-ау» деген ойда болсам да, шынымды айтсам, мұндай танымалдыққа ие боларын ойлаған жоқпын, – деген жауап қайтарды.
Осылайша 5 минутта туған ән 15 күнде жазылып, Бакуде клип болып түсіріледі. Шығысымен 10 миллион қаралым жинаған клип те, ән де әлі талғампаз тыңдарман көңілінен табылып келеді. Барлық жастағы адамға ұнамды «Вальс» концерттер, тойлар, түрлі басқосулар мен бітіру кештерінде шырқалуда. Сөз бен сазы бір-бірінен әдемі үйлесімділік түзіп, жүректерді жылытуда. Тыңдаушылардың бірі оны жастық шақты еске түсіретін керемет естелік десе, бірі Нұрболаттың бағын ашқан шоқтығы биік туынды екенімен бөліскен. Енді бір пікір Шәмші шығармаларындай ұрпақтар сабақтастығына арқау болатынын жеткізген. Өміршең ән әлі де қазақ өнерін өрістетері анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА