Асық ойнаған озады

Асық ату – тек ойын ретінде ғана емес, спорттық іс-шара ретінде де танымал. Асық ойынының маңызы мен ерекшелігі – балалар мен жастарды ғана емес, ересектерді де спортқа баулуға мүмкіндік береді. Бұл ойынның Кеңес заманында шектеулі болып ұмытылып, бүгінгі таңда қайтадан түлеп, мемлекет қолдауына ие болып отырғанын жақсы білеміз. Ұлт жанашырлары асық атудың кең көлемде дамуына зейін танытып, қазір елде бұл спорт түрінен түрлі жарыстар ұйымдастырылып, ел біріншіліктері өтуде. Ұлттық ойынды насихаттау барысында көптеген сайыстар өткізілуде. Ал еліміздің түкпір-түкпірінде асық атудан жас буынды баулып, ұлттық спорттың ұмытылмай дамуына үлес қосып жүрген жандар жетерлік. Соның бірі – Пайзулла Набиев.
Ол 1988 жылы Төретам кентінде дүниеге келген. Қызылорда заң колледжінде 2006 жылы оқып, 2009 жылы тәмамдайды. 2010 жылы Шымкент қаласында әскерде шекара қызметінде болады. 2012 жылы Батыс Қазақстан инновацилық-технологиялық университетінде сырттай дене шынықтыру және спорт мамандығын оқып 2014 жылы бітіреді.
2012-2014 жыл аралығында Қазалыда «Қайнар» спорт клубында жұмыс істейді. 2014 жылы ауданда үлкен Қазалы спорт клубы ашылып, сонда әдіскер болып қызметке кіріседі. 2016 жылдан бастап оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеуде.
– Ауданда 2014 жылдан бері қазақтың ұлттық «Асық ату» және «Бес асық» спорт түрімен айналысып келемін. Ауданда бұл спорт түрінен тұрақты жұмыс болмағандықтан, осы спортты қосымша түрде дамытуға бел будым. Асық ату – жастарды тек дене шынықтырумен ғана емес, ұлттық мәдениетімізді сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге де баулиды. Осы уақыт ішінде менің 8 оқушым Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, еліміздегі ең үздік спортшылар қатарынан көрінді. Сонымен қатар, облыс чемпионаттарында да көптеген чемпиондарымыз жеңіс тұғырына шықты. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Себебі ұлттық спорттың дамуына өз үлесімді қосып, жасөспірімдердің бойында ұлттық патриотизмді ояту мені ерекше қуантады, – дейді Пайзулла Абдуллаұлы.
Иә, асық ату – ғасырлар бойы қазақ халқының мәдениетінен орын алып келе жатқан ойын. Көбіне қазақ балаларымен қатар, ересектер арасында да қызығушылық тудырғаны жасырын емес.
– Асықтар – қой мен басқа да малдың сүйектері. Оларды арнайы ережелер бойынша атып ойнау үшін қолданады. Ойынның мақсаты мен ережелері әртүрлі болғанымен, ең негізгісі – асықты дәл әрі мақсатты ату. Асық ату ойыны балаларды және жастарды қозғалысқа ынталандырады, әрі физикалық дағдыларды жақсартады. Бұл спорт түрі қазақ халқының бай мәдени мұрасы және оның сақталуы мен дамуы біз үшін үлкен маңызға ие. Ойын кезінде балалар мен ересектер арасында жақсы қарым-қатынас қалыптасып, олар бір-бірімен достық байланыс орнатады. Баланы ептілікке, мергендікке, табандылыққа, шыдамдылыққа баулитын нағыз ұлттық ойынның бір түрі. Жастардың физикалық және психологиялық дамуына да үлкен әсер етеді. Асық ату ойындары қазіргі таңда ұл мен қыз балалар арасында, сондай-ақ ересектер арасында спорт ретінде де өткізу дамып келеді, – дейді ол.
Иә, ауданда шынығып, облыста бақ сынап Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алып жүрген шәкірттері көп. Бәсекеде ептілік танытып, жеңіс тұғырынан көрінген олар ұлттық ойынға осылайша өз үлесін қосып келеді. Ендеше спортшыларымыздың әрдайым «асығы алшысынан түссін» демекпіз.
Айнұр ӘЛИ