Қазақстанда уақыт белдеуінің ауысуы: Зерттеу қорытындысы жарияланды

Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнама нәтижелері және бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқанға дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтитын кешенді тәсіл қолданылды. Зерттеу жүргізу әдістемесі бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің халық денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол-көлік оқиғалары деңгейіне, қылмысқа және басқа да аспектілерге әсерін бағалау бойынша 40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтиды.
"Денсаулық сақтау саласы бойынша 100 мың адамға есептелген қала және ауыл тұрғындарымен қатар түрлі жастағы азаматтар қамтылды. Энергия тұтыну бойынша электр энергиясын тұтыну статистикасын, оның ішінде ең жоғары жүктемелерді және бүкіл ел бойынша электр энергиясын тұтынуға салыстыру жүргізілді. Еңбек қызметі бойынша, орындалған жұмыс көлемі, кешігу және сабаққа келмеу жағдайлары, жарақаттар мен тәртіп бұзу жағдайлары қамтылған", – деді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Оның сөзінше, зерттеу қорытындысы уақыт белдеуінің ауысуы тұрғындардың өміріне кері әсер етпегенін көрсеткен.
"Мемлекет басшысы үкімет пен парламентке аталған мәселені егжей-тегжейлі қарап, бірлесіп оңтайлы шешім қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Министрдің баяндамасында айтылғандай, мониторинг бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері жоқ екенін көрсетті", – деп қосты премьер-министр Олжас Бектенов.
Фото: pinterest.com