Ақ кимешек көрінсе, сені көрем

Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, дәстүрлі сабақтастық үзіліп қалды. Әжесінің басқан ізін аңдып, бауырына тығылып, етегіне оратылып жүретін кешегі бала, бүгінгі ата-аналардың көбі заман талабы деп, еуропалық тәрбиені таңдады.
Ғалымдардың пайымдауына сүйенсек, өмірден көргені мен түйгені мол әже тәрбиелеген баланың тілі тез шығады. Өйткені ол баламен үлкен адамша сөйлеседі. айналасындағыларды қабылдау арқылы дамитын бала сөздің мәнін біледі. Өскін үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың әдемі әңгімелері, тарихи таным, ән-жырлары, шежірелерін тыңдап өседі. Сонымен қоса әже шаңырақтағы қарым-қатынасты реттейді, балаларды мейіріммен, ақылымен өмірге бейімдейді. Осы орайда бүгінгі жас ұрпақтың бұл отбасының осы діңгеніне деген байланысын арттырудың жолы – аталмыш тақырыптағы өлең-жыр, әңгіме, ертегі секілді шығармаларды көптеп оқыту дер едім.
Жақында «Әже тақырыбындағы шығармалардың құндылығы мен тәрбиелік мәні» атты ғылыми жұмысыммен республикалық жарыста бас жүлдеге ие болдым. Мұны көпшіліктің көкейінде жүрген ауқымды мәселе деп ойлаймын. Жұмысты жазуда шығармаларды талдай отырып, «Әже тәлімі жазушылар үнімен» тақырыбында планер көмекші құралын және сол шығармаларда кезедесетін көне сөздерге түсіндірме сөздік құрастырдым. Бұл құралдың барысы әже тақырыбында қалам тербеген жазушылар мен олардың шығармалары туралы талдап жазылған. Көмекші құралды өзім секілді білім алушыларға оқуға кеңес беремін.
Бүгінде жасөспімідер ата-әже тәрбиесіне зәру. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы қазірде бесік жырын айтып, бесік тербететін келіндер мен ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқанынына қынжылып, дәстүрді құрметтемейтін ұрпақ өсе ме деген қаупін айтқан. Ғылыми жұмысымды бастауыма осы жолдар арқау болды.
Әже – отбасының алтын қазығы, өнеге мектебінің қайнар көзі. Мен үйде әжеммен бірге тұрамын. Жанашырым маған өнеге тәрбиесін бергені өз алдына, ақыл-кеңесін, көптеген жақсы істерді жасауыма көп көмегін тигізеді. Соның бірі – кітап оқу әрекеті. Екеуміз бірлесіп көптеген кітаптар оқимыз. Әжем әр кітап оқыған сайын мені көптеген қызықты әңгімелерімен сусындататын. Соның бірінде өзім сынды әжесінің тәрбиесінде болған ұлы тұлғалар туралы айтқан еді.
Алғашқысы, Абай атамыз. Абай Құнанбаев Зередей асыл әженің аялы алақанында тәлім алып, қазақтың бас ақыны, зор тұлғаға айналды. Бауыржан Момышұлы да әже тәрбиесінде болып, жастайынан аңыз-ертегілерге сусындап өскен. Ол әжесін өмір жолында кездескен адамдардың бәрінен жоғары қояды екен. Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан қазақтың сөнбейтін жарық жұлдызына айналды.
Ақын Мағжан Жұмабаев, Мұзафар Әлімбаевтың «Әже», Мұқағали Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе...», Жұмекен Нәжімеденовтің «Әжесінің сабағы», «Менің әжем», Қастек Баянбаевтың «Әжем туралы», Абзал Бөкентің «Кебеже» өлеңдері қазақ әжесінің кескін-келбетін, мінезі мен әрекетін өлеңмен өрнектеген. Жазушы Әдібай Табылдының «Жанашыр», «Әженің қуанышы», Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Домалақ ана» әңгімелері тарихты түгендеп, қазақ әйелінің бүтін болмысын көз алдыңа әкеледі.
Осы шығармаларды оқып, өлеңдерді жаттап, мазмұнын талдағанада, көптеген жақсы қасиеттерді бойға сіңірдім. Авторлардың бірі әже бейнесі арқылы еңбекқорлықты дәріптесе, келесісі, қамқорлық қасиеттерді көрсеткен. Әже қолынан шыққан төл тағамдар да ұлттық бренд. Сондай ақ әже қонақжайлылық, жомарттық, кеңшілікті ұғындырып, өткеннен өнеге өрбітіп, білімділік, алғырлық, зеректікке баулиды.
Ата-анаға құрмет жасау арқылы – үлкенді сыйлау, жақсының сөзін тыңдау, сұлулықты сезіну, өнерді сүю, көркем әдебиетті оқу, адал еңбек ету, білім мен ғылымға құштарлық, жаңалық жаршысы бола білу, білгім келді деумен өмір сүріп, білуге құштар болуға дағдыландым.
Өмірде қандай өзгерістер болса да, ұрпақ тәрбиесі ұстанымнан ешқашан тысқары қалмайды. «Отан отбасынан басталады» десек, болашақ ұлттың қамын ойлайтын ұрпақ өсіруде ата-әже тәрбиесінің алар орны ерекше.
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, қазіргі қарыштап дамыған заманда жас ұрпақтың дамуына кері әсерін тигізер дүниелер көбеюде. Олай дейтініміз, әйнектің арғы жағындағы тылсым дүние. Мүлде шектеу қоя алмаймыз. Бірақ әлсіз, пайдасыз тұстарға жетелейтін жағы басым болуда. Саны бар, сапасы аз ойын мен ойыншық түрлері барлық жас буынды тәуелді етіп қойған. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер жақын адамдармен байланыс сақтаудың және соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырудың оңай әдісіне айналғалы қашан?! Айналамдағы кейбір достарымның айтылым, жазылым, тыңдалым дағдылары қолдауды қажет ететініне көзім түсті. Оны кемшілік демеймін. Осы тұрғыда әрбір балаға жан-жақты тұлға болып қалыптасу үшін әрдайым әже тақырыбындағы шығармаларды оқып отырудың маңызы зор деп есептеймін.
Әжелердің отбасындағы, қоғамдағы маңызын арттыру жөнінде республика көлемінде әжелер тақырыбындағы шығармаларды жатқа айту байқаулары өткізілсе, мектептерде «Әжелер мектебі» ұйымдастырылап, үлгілері насихатталса, «Әже тәлімі жазушылар үнімен» тақырыбында планер көмекші құралым мектеп кітапхана сөресіне қойылып, көмекші құрал ретінде қолданылса ұсынысымыды айтқым келеді.
Абай Құнанбаев он тоғызыншы қара сөзінде: «Жас кезінен жақсы сөз естіп өскен бала кейін есті адам болады» дейді. Халық даналығы тәрбиелік мәні қашан да маңызды.
Айару АМАНБАЙ,
Сәкен Сейфуллин атындағы №165 орта мектеп оқушысы