Қазақстанда депрессия кезінде жұмысқа шықпаса бола ма?
Қазақстанда депрессия кезінде жұмысқа шықпаса бола ма?
Midjourney көмегімен жасалған кескін
Қазақстанда "депрессия" диагнозы қойылғанда еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеуге бола ма? Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінен сұрап білдік, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сұрақ
Редакцияға оқырман жүгініп, әлеуметтік желілерде депрессия кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеуге болатыны туралы жазбаны көргенін айтты.
"Threads-та қызық пост көрдім. Шынымен депрессия кезінде аурухана парағын ашып береді ме?" – деп сұрады ол.
Скриншот: Threads
Денсаулық сақтау министрлігі жауабы
Жағдайды нақтылау үшін министрліктің баспасөз қызметіне жүгіндік.
Ведомство мәліметінше, депрессия диагнозын психиатр дәрігер қояды.
"Сондай-ақ алғашқы белгілерді жалпы практика дәрігері немесе психолог анықтай алады, бірақ нақты диагноз қою, ем тағайындау және пациентті бақылауды психиатр дәрігер жүргізеді", – деп түсіндірді министрлік.
Депрессия кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағын шынымен рәсімдеуге болады. Бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты.
"Егер дәрігер пациенттің жағдайы уақытша еңбекке қабілеттілігін шектейді деп есептесе, жеңіл дәрежедегі депрессия кезінде уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ашылуы мүмкін", – деді баспасөз қызметі.
Ал орта және ауыр дәрежедегі депрессия кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің стандарттарына сәйкес стационарлық жағдайда емделу ұсынылады.













