Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бөлмесін баққа айналдырған

Бөлмесін баққа айналдырған

Оның ойы таза, танымы тұнық. Өзгелер сынды қажетсіз дүниеге жоғалтатын уақыты жоқ. Күнделікті күйбең тірліктен торыққанда, қызығушылығы құтқаруға көмектеседі, қуанғанда қызығын еселетеді. Табиғат пен адам арасында ерекше үндестік болатынын білетін келіншекті Әйтеке би кентінен таптық.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы – тәрбие саласының маманы. Жұмысында балақайлардың шат-шадыман күлкісі шаттық сыйласа, үйіндегі баққа айналған бөлмелеріндегі өскіндері оны үнемі сағындырып тұрады. Біз сөз етіп отырған Ғазиза Бакиева – Ғани Мұратбаев ауылының тумасы. Әкесі Қалибек – ауылдағы мектепте ұзақ жыл ұстаз болған ұлағат иесі. Қолы қалт етсе, бақша егуді әдетке айналдырған. Анасы Бибісара да 20 ақпаннан бастап қызанақ еге бастайтыны бала күнінен жанына ұялатып өскен қыздың бөлме гүлдеріне қызығушылығы да сол алыста қалған балалық шағынан бастау алған.
Келін болып түскен үйіне ұшқан ұясында алған тәлімін көрсетіп, айналасы мен ішін гүлдендіріп қою оның дағдысына айналған. Гүл өсіруді жай ермек емес, терең ілім деп санайды кейіпкеріміз.
– Әр гүлге әртүрлі топырақ керек. Оларды қоректендіру маңызды. Жейтін асы дұрыс болмаған адамның денсаулығында кінәрат кездесетіні сынды, топырағы құнарсыз өскін өспейді. Жайқалып, қалыпты күйге енуі үшін түрлі дәрумен, қопсытқыш, қоспалар қосуды қажетсінеді, – деп бастады әңгімесін.
Кейбір адамдардың гүлді дайын топыраққа отырғыза сала, өспей қалғанына шағымданатындарына реніш білдіреді. Ғазизаның гүл өсіретінін білетін таныстары өсімдіктерді күту жөнінде ақыл-кеңесіне жүгінеді екен. Кейде білмегендері туралы жан-жақты мәлімет іздеп, оларды бір-бірімен салыстырып, дұрыс тұжырым жасауға тырысады. Талай қиын жағдайға тап болған гүлдерге жаңа «өмір сыйлаған» оның алғаусыз алғысқа кенелген сәттері жиі болатынын білдік.
«Жолдасым Нұрлыбек Бимұрат теміржол саласында жұмыс істейді. Ол – отбасының тірегі ғана емес, менің хоббимнің демеушісі. Ұлым көмекшім. Мен жоқта гүлдерді қалай суару керектігін біледі. Шөлдеген «достарымыздың» жайын айтып тұрады. Жақында мектепке гүл сұраған екен, күтімі оңай деп долларды тандады», – деп күліп алды. Сөздің төркінін кейін түсіндік. Баспанасында бөлме гүлдерінің 50 түрінің 100-ден астамы бар. Арасынан 10-нан аса лимон, мандарин, паттахаия дракон, тәтті болгар бұрышы, манго, құрма, сары құрма сынды жеміс ағаштары мен көкөністерді де көзіміз шалды. Гүл өсіруші барлығын тұқымынан баптаған. Оларды қоятын орынға да назар аудару керектігін жеткізді. Себебі бөлме ауыстырғанда, ауы­рып қалатындары да кездеседі.
«Мына ыдыстағы гүл «Паттахаия дракон» деп аталады. Кішкентай болғанымен, өсіріп жатқаныма жақында 2 жыл толады», – деп ерекше тебіреніспен жеткізді.
Соңғы уақытта жаңа гүл түрлері топтамасын жинаумен «ауырып» жүргенін айтады. Ондайда көбіне жолдасы қолдау білдіретін болып шықты. Эксперимент жасауға қорықпайтын қыз жаңа дүниені игеру жанын жадырататын жеткізді.
«Гүл жағдай болса, кез келген үйде өсетінін халық білсе деймін. Нәзік табиғат сыйының қай-қайсысы да адамдарға жағымды көңіл-күй сыйлайды. Олардың әрбірі өсіріп баптағаны үшін 130 рет салауат айтады дегенді естідім. Бұл әдемілік үшін ғана емес, сауап жинайтын іс екенін ұғынғанда, үлкен әсерге бөлендім», – дейді.
«Алғашқыда сыйға ғана беретінмін. Кейіннен қолқалап сұрайтындар көбейген соң, лайықты бағаға бағалайтын болдым. Алайда әр гүлге бауыр басқаным сонша, менен кеткеннен кейінгі жағдайы қандай болды екен деп баламдай алаңдаймын», – дегенді айтты сырлы әлемнің иесі.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ

04 наурыз 2025 ж. 455 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31