Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамбар ата тұқымын құт санаған

Қамбар ата тұқымын құт санаған

Ақшағыл құмды Аранды ауылында тіршілік етіп жатқан сейісті оңай таптық. Бізді ақжолтай қонаққа санаған шаңырақ Бақторы атты бәйге атының кезекті жүлдесін алып, қуанышқа бөлініп жатыр екен.

– Жарықтық, жылқы деген текті жануар ғой. Сезімтал түлікті қазақ тіршілігінен ажырата айту мүмкін емес. Тіпті танымына дейін тұтасып кеткен. Басқа ұлтты білмеймін, жылқы десе қаны туламайтын қазақ болмайды ғой, – деп бастады сөзін үй иесі.
Дастарқан басына жиылғандардың аузынан жылқыны бағушылар қатары ауылда көп болғанымен, оны баптап, жаратып, бәйгеге қосатындар қатары соңғы жылдары сирегенін білдік. Шындығында, тілге жеңіл көрінгенімен, атты бәйгеге қосу – қанмен келген қасиет, жылдар бойғы жинаған тәжірибемен келетін жұмыс.

Біз сөз етіп отырған Нұрлан Дошымбетов те ат жалын ерте тартып, жылқы малына деген қызығушылығы бала күннен басталған жан. Алдымен теміржолшы, кейінгі өмірін дала төсінде мал өсіруге арнаған әкенің ісін көзімен көріп өскен үйдің балаларының барлығы бертін келе малсақ болды. Төрт түліктің тұрпаты, қылығынан оның тегін, жасын аңғару малшы отбасы үшін қиынға соқпайтын еді. Ауласында кермеде аты, кірер ауызда 4-5 тазы иті жататын шаңыраққа келген қонақтардың өрбітер әңгімелерінің дені жан-жануарлар туралы болатын. Алдасыберген ақсақалдың қасқыр, түлкі, үкі алатын иттері мен бәйгеге қосатын аттарына деген күтімін білетіндер аңыздай ғып айтып отырады. Оны серігінің сырына қанық отанасы Жібек те жақсы меңгерген. Ал бәйгеге тақымың толатын тұлпарын қосар алдында бұл әулетте ауыл-аймақтың үлкендерін шақырып, батасын алып, жақсы ниет ететін дәстүр бар-тын. Осындай өнегеге қанығып өскен, кешегі атбегінің ізбасары өз ісін пайда табудың көзі емес, ата-бабалар аманатына адалдық деп ұғынады. Алғаш өздері «көке» дейтін әкесі мен ағасы Серікбайдың ерінің алдына отырған бала Нұрлан бертін келе қашаған қуып, тай жуасытты. Мектепке бармай тұрып шабандоз балалардың бірі атанды. Қамбар ата түлегіне деген құмарлығы мақсат-мұратына айналған жігітағасы әлі күнге дейін төл кәсіптің бел ортасында жүр.

«Әкем бәйгеге ат қосарда ұзақ дайындалатын. Жылқыға үлкен күтім керек. Оның азығының мөлшері, жалпы жағдайы мен психикасына ерекше ену арқылы ғана жетістікке қол жеткізуге болады. Бөлек отау құрып, жеке шыққанымнан бастап, құрықты қолға алып, мал басын көбейтуді, оларды баптау ісін бастадым. Қазір, Аллаға шүкір, үйірге қосқан, мініске пайдаланылатын, бәйгеге жаратылған жылқыларымыз бар.

Аттарды бапқа келтіру де ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі келеді. Әркімнің бұл жолда өз тәсілі, құпиясы болады. Дәстүрлі әдістің бірі – тері қырудың да өз мәні бар. Бірақ мұндайда ат аяғына қан түсіп қалмауын қатаң қадағалау керек», – дейді Бақторысының кекілін сипап жатып.
Біз ендігі әңгіменің ауанын осы бестіге қарай бұрдық.

Бұған дейін Сұңқар атты сәйгүлікті жаратқан атбегінің Бақторы – екінші бәйге аты. Жақында Абай ауылында өткен додада Алматы қаласынан келген жылқыға жол беріп алған Бақторы Жұбаназар Аржиков атындағы екінші орын жүлдесін жеңіп алып, тігілген жылқы малын еншілеп қайтқан. Бұл бабында тұрған жүйріктің қанжығасын майлаған жеңісінің басы да, соңы да емес. Құнан кезінен аламанға қосқан ат бірнеше рет бірінші орынды қанжығалап, өзге қарсыластарынан қара үзіп, шаң қаптырған.
«Қазақ малы туралы көп айтпайды. Ол оған түскен назардан жануарлар да әлсірейтініне байланысты болса керек», – деп тамағын кенеп алған кейіпкеріміз ойын қайта жалғады: «Жыл санап ұлттық үрдіске оң көзқарас қалыптасып келе жатыр. Қазір әлем жұрты қызығушылық танытып отырған осы бағыттағы төл өнеріміз – ат спортын өрістетуге бұдан да батыл бетбұрыстар жасалса, ата кәсіпті игергендер қатары көп болар еді», – дейді.

Отанасы Табиғат Өтемісқызының айтуынша, ұлдары Дәулеттің де жылқыға деген ықыласы ерек. Оның сөзінен ұғынғанымыз, әдетте бәйге атын күнделікті міну қажет. Ал баласы ауылда жоқ кезде жарату шала болып қалатын жағдайлар да кездескен. Бабы келген, байлауы қанған жылқы ғана жарыста жақсы нәтиже көрсетеді.

Әңгіме арасында атбегі көкейіндегі қиналысын да жасырып қалмады: «Кішкентай кезімізде шағын ауылдағы адамдардың бәйге аттары бір-біріне қарсылас болатын еді. Қазір, өкініштісі сол, бір ауылдан бір ғана ат шығатын жағдайға жетіп отырмыз. Мені қинайтыны, қораларында жылқысы жоқ үйдің балаларының да оған деген қызығушылығы жоғары болады деу мүмкін емес. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада тұрып, ауылдан бір шабандоз таба алмаймыз. Көбіне Бозкөл ауылының балаларын әкеліп дайындаймыз. Олар бұл жағынан мықты», – дейді қоштасарда бәйге атын баладай баптаған азамат.

Біз де ұлық өнердің үзіліп қалмасына тілектестік білдіріп, ой жетегімен жолға қамдандық.

Айару БАҒЛАН
19 қараша 2019 ж. 2 295 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031