Ойсылқара төлінен табыс тапқан

Гүлбану Майданбайқызы сегіз жылдан бері мал шарушалығымен айналысып келеді. Кәсіпкер келіншек түйе бағып, одан ырзық-несібе көруде. Шұбатын сатып, түйе жүнін де кәдеге жаратып отыр.
Гүлбану Жанқожа батыр ауылының келіні. Әулетке он тоғыз жасында түскен жас келінге ең алғаш түйе саууды енесі үйреткен. «Ол кезде үйде бір боталы, бір ботасыз түйе болды. Соны сауып үйрендім. 2017 жыл жұмыссыз болып, үйде отырдым. Ойлана келе, кәсіпкерлікке бетбұруды жоспарладым. Бұл ойымды отбасым түгел қолдады. Осы жылы бір ай кәсіпкерлік саласы бойынша курс оқып, кәсіп аштым. 2018 жылы шілде айында 8 бас түйе алдым. Содан шүкір мал басы жыл санап өсіп келеді. 2022 жылы мемлекет тарапынан несиеге қол жеткізіп, 15 түйе, 1 бура алдым. Қазір 10 түйе сауып отырмын. Жалпы мал басы 50-ге жетті», – дейді Гүлбану Әлиева.
Кәсіпкер шұбаттан бөлек, құрт, ірімшік жасайды. Енесі, келіні үшеуі бірігіп, тапсырыспен түйе жүнінен көрпе-жастық тігеді. Гүлбану ерекшеліктеріне қарай әр түйеге ат қойған. Есімдерімен шақырса, жануарларда жүгіріп келе қояды екен.
– Томпи деген түйем бар. Түрі сондай сүйкімді, томпиған түйе. Жас болса да шаршап ұйықтап жата беретін түйені Гари деймін. Ал тұмсығы ақ түйені Ақтұмсық атағанмын. Бұдан бөлек Шағала, Ақ гари, Қаратабан, Шағатай, Ақбұрақ, Шипут, Тебеген, Ебеген, Қисық, Қаратон деген де түйлерім бар. Барлығының түр-тұрпатын жақсы танимын. Өрістен келмей қалса, аттарын атап, анау жоқ, мынау жоқ деп отырамын, – дейді кәсіпкер келіншек.
Гүлбанудан «Зарылдауық» атты түйесі туралы сұрағанымызда: «Еміп тұрса да, ботасы қасында болса да боздап тұрады. Содан еркелетіп Зарылдауық атап кеткенбіз» деп жылы жымиды.
Гүлбану Майданбайқызының жолдасы Ақтілек Қайруллаев Жанкожа батыр ауылындағы ветерниария пунктінде меңгеруші қызметін атқарады. Отбасында үш бала тәрбиелеп отыр.
– «Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекер айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Төрт түлікті бағу, басын көбейту, одан өнім алу оңай шаруа емес. Оның жем-шөбінің уақытылы берілуі, тазалығы, қорасының жайлылығы барлығы маңызды. Өзім де, жолдасым да мал дәрігері болғандықтан күтіміне ерекше мән береміз. Несібе көзіне айналдырып отырғаннан кейін бабын тауып, берекетін көру адамның өз қолында, – деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА