Елімізде биылғы жазда ауа райы қандай болады: алдағы үш айға арналған болжам жарияланды
Қазақстан аумағы бойынша жаз мезгіліне арналған ауа райы болжамы
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini
Қазақстанда биылғы жаз өткен жылдарға қарағанда ыстығырақ болуы мүмкін. «Қазгидромет» РМК алдағы үш айға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, жаз мезгілі – ауа температурасы жоғарылап, атмосфералық белсенділік күшейетін кезең. Бұл уақытта аптап ыстық, өткінші жауын-шашын, нөсер, найзағай, бұршақ және екпінді жел жиі болады.
Консультативтік болжамға сәйкес, маусым айында республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі. Шығыс өңірлерде және елдің қиыр солтүстік-батысында температура климаттық норма шамасында болады. Норма көрсеткіштері: Қазақстанның басым бөлігінде +18...+23°С, елдің оңтүстік-батыс жартысында +24...+28°С, ал оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аудандарда +7...+17°С болады.
Күндіз ауа температурасы +30...+38°С-тан +15...+20°С-қа дейін құбылып отырады. Сонымен қатар, республиканың оңтүстік жартысында кей күндері ауа температурасы +40...+45°С-қа дейін жетуі мүмкін. Аптап ыстық күндер салқындау күндермен алмасып, нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі.
Маусымның алғашқы онкүндігінде республиканың солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда түнгі және таңғы уақытта үсік жүруі мүмкін.
Шілде – жаздың ең ыстық кезеңі. Бұл айда ауа температурасы климаттық норма шамасында болып, орташа ыстық болады деп болжанып отыр. Норма көрсеткіштері: Қазақстанның басым бөлігінде +18...+24°С, оңтүстік жартысында +25...+30°С, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында +9...+17°С болады.
Жаздың соңғы айы – тамызда да елдің басым бөлігінде ыстық ауа райы күтіледі. Ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады. Тек республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінде температура норма шамасында сақталады. Норма көрсеткіштері: Қазақстанның басым бөлігінде +20...+28°С, солтүстік-шығыс жартысында +16...+19°С, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда +11...+15°С.
Жауын-шашынға келсек, жалпы жаз мезгілінде республиканың көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады деп күтіледі. Нормадан аз жауын-шашын:
- маусым айында елдің оңтүстік-батысында, солтүстік пен орталықтың жекелеген аудандарында күтіледі. Норма: Қазақстанның басым бөлігінде 25-49 мм, оңтүстік-батыс жартысында 1,7-24 мм, солтүстіктің жекелеген және оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында 51-155 мм болады;
- шілде айында батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде күтіледі. Норма: Қазақстанның басым бөлігінде 25-49 мм, оңтүстік-батыс жартысында 1,4-24 мм, солтүстік-батыс, солтүстік, орталық және шығыстың жекелеген аудандарында, сондай-ақ оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аймақтарында 50-84 мм;
- тамыз айында оңтүстік-батыста, орталықта, сондай-ақ оңтүстік пен шығыстың кей аудандарында күтіледі. Норма: Қазақстанның басым бөлігінде 1-24 мм, солтүстікте, солтүстік-батыстың, шығыс пен оңтүстік-шығыстың басым бөлігінде 25-49 мм, ал солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстың жекелеген аудандарында 50-63 мм.
Айта кетерлігі, маусымдық ауа райы болжамы жылына алты рет жарияланады:
- 15 ақпанда – көктемге (наурыз-мамыр);
- 15 наурызда – жылы кезеңге (сәуір-қазан);
- 15 мамырда – жазға (маусым-тамыз);
- 15 тамызда – күзге (қыркүйек-қараша);
- 15 қазанда – суық кезеңге (қараша-наурыз);
- 15 қарашада – қысқа (желтоқсан-ақпан).
«Маусымдық ауа райы болжамы белгілі бір маусымға арналған ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшерінің климаттық нормадан ауытқуын сипаттайтын орташа метеорологиялық көрсеткіштерге негізделеді. Сондықтан бұл болжам консультативтік сипатқа ие және кейін тоқсандық, айлық, онкүндік, апталық және тәуліктік болжамдар арқылы нақтыланады», – делінген синоптиктер болжамында.













