Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Неке: Шекараны бұзу ма жеке?

Неке: Шекараны бұзу ма жеке?

Отбасы – қоғамның ажырамас бөлігі. Неке құру арқылы адамдар мақсатты қадам жасайды. Екі жастың бір-бірімен үндесіп, ортақ мәмілелі келісімдегі қадам кейде түсініспеушілік туындап жатады. Жыл санап шаңырақ көтеруге асықпайтын сүрбойдақтар мен қос тарапқа бөлек кетіп жатқан жұптар қатары көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Мәселе неде? Қиындық қандай жағдайдан туындап отыр? Себебін іздедік...

Бас екеу болмай...
Ежелгі қазақ отбасының құрылымы туралы этнограф Сәуле Сахи былай дейді:
«Қазақ отбасын құруға ерекше маңыз берген. Гинетикалық, әлеуметтік жағдайды ескеріп, болашақ бірліктің татулығы үшін қос тарап та белсенді атсалысқан. Отбасылық барлық институттар жұмыс істегендіктен, түсініспеушілік туындамаған. Егер орын ала қалған жағдайдың өзінде әркім өз жауапкершілігін сезіне білген. Сан жылдар бойы «Құдағай жүзік», «қыз жастық» сынды дәстүрлермен-ақ қыздың жағдайын бақылап, сезініп отырған. Қазір әркім өз басымен әуре. Үлкенді кіші, кішіні үлкен тыңдамайды. Нәтижесінде коуч, психолог іздеп, проблемасын үдетуде».
Ислам дінінде некенің маңызы туралы дінтанушы Нұрғали Ескелдіұлының пікіріне зер салдық.
«Отбасын құру – Алла Тағала бұйырт­қан берекелі келісім. Асыл дінімізде бала ер жетіп, қыз балиғатқа толса, оларды үйлендіріп, тұрмысқа беру – әкедегі бала ақысының біріне баланады. Қасиетті «Нұр» сүресінде: «Бойдақтарды үйлендіріңдер. Үйленетін адам кедей болса, Алла оларды өз кеңшілігімен байытады» делінген. Қазақ оны «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейді», – деді. Сондай-ақ исламда ерлі-зайыптылардың арасын адалдық, сенім мен қарым-қатынас дәрежесін белгілейтінін, салихалы ұрпақ тәрбиелеу, өз бойыңдағы жауапкершілікті арттыру мүмкіндігі екендігін айтады.

Үйлену институты бағалы
«Үйлену оңай, үй болу қиын» дегенді қазақ текке айтпаған. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанның ең ірі облысы Алматы отбасы құрғандар санынан алда тұр. 2024 жылы мұнда 15,1 мың жұп некелескен. Түркістандықтардың үлес салмағы 13,4 мың. Астанада 11,6 мың адам жұп құрса, Ұлытау облысында 1,3 мың жұп үйленуге ниет білдірген. Алайда жас және бірнеше жыл бірге тұрған 1000 адамның 4,6-сының «әңгімесі таусылған». Бұл ресми дерек. Ал тіркелмегені қанша?..
Айырылысу көрсеткішіне көз жүгіртсек, алдыңғы ондықта Мальдив аралдары, Гуам, Ресей, Молдова, Беларусь, Қытай, Аруба, Литва және Доминикан Республикасы тұр. ТМД елдерінің қатарында Молдова, Украинада ажырасушылар көп ел ретінде тіркелген. 2024 жылғы Petrelli Previtera мәліметіне жүгінсек, туыстас қырғыздар әзербайжан, тәжік, өзбек, армияндар 50-90 орындардан көрінген. Ажырасулардың төмен көрсеткіші тіркелген Үндістан, Мозамбик және Кения елдеріндегі жағдайды әлеуметтанушылар елдің сауатсыздығы, құқық қорғау органдарының қарапайым халыққа деген көзқарасы, касталық, дәстүрлі қоғамның беріктігі себеп екенімен түсіндіреді.
Сарапшылардың айтуынша, ел азаматтары үшін үйлену, неке институтын маңызды. Жүргізілген зерттеулер сауалнамаға қатысқан ажырасқан 90 процентке жуық адамның келешекте тату отбасын құратынына сенімді екендігі қуантқан.

Билік пен бұқара базынасы
«Отан отбасынан басталады» деген ұстанымды ұран еткен қазақстандықтар үшін отбасылық мәселелер қашан да актуалды.
Жанна Асанова аталмыш мәселенің себебі мен салдары туралы депутаттық сарабын ұсынды. Сенатордың айтуынша, ажырасуға басты себеп жастардың жауапкершілік алып үйренбегендігі.
Депутат тұтас бір буынынды жалғызбастылар асырап отқандығын ашына айтты. 2021 жылы 141 мың отбасының 60 мыңы ажырасса, 2024 жылы 125 мың некенің 61 мыңы ажырасып кеткенін алға тартып, өріссіз өсімді тоқтату үшін оқушыларды өмірлік қажеттілігі бар дағдыларға баулу қажет.
«Тігін тігу, тамақ пісіру, тас қалау, үй жөндеу, тұрмыстық техникаларды жөндеу, алғашқы медициналық көмек, төтенше жағдайлардағы дағды, өзін-өзі қорғау, қаржылық сауаттылық – бәрін үйрету керек. Мұның бәрі балаларға өзін дамытуға көмектеседі, – дейді сөзінде.
Ғалым Камал Әлпейісова біз білетін статистиканың күмәнді тұстары барын айтады.
Ол Үкімет беретін Арнаулы әлеуметтік көмекті үшін заң жүзінде ажырасқандар болғанымен бөлісті. Әлеуметтік жағдайын тіктеу үшін ажырасқандар барын, сондай-ақ ажырасушылар қатары көбіне алып қашқандармен артатынын айтады.
«Күйеуінің қолынан көз жұмған Салтанаттың аянышты тағдырын ешкім ұмытқан жоқ. Мемлекетке де сілкініс әкелді. Арнайы заң қабылданып, зорлық-зомбылықсыз қоғам құру қағидаттары қатаңдалды. Дегенмен «Мені заң қорғайды» деп болашағын байыптамай, ажырасып кеткен қыздарды да білеміз. Ері үйленіп алды. Ал жұмыс істемейтін бірінші әйелі күнін көре алмай, төркіндеріне де жеккөрінішті болып жүр. Әйел текке ажыраспайды. Оған көңіл бөлінуі керек. Ері ақша бермесе де, құлдырайды. Сол үшін ене де, шеше де екі жастың ажыраспағанын қалап, жағдай жасауы керек», – дейді көпбалалы ана Рахия Сейітақын.
«Үндестік таппаған адамдар ажырасуы керек» деген пікірде қоғам белсендісі Лаура Ашмақыш.
«Менің танысым бар. Жоғары білімді қыз. Бірнеше жыл күйеуінің қорлығына көнді. Таяқ та жеді. Достары, туыстарымен араласпады. Жиырма жылға жуықтағанда, ажырасып кетті. Оны ешкім кінәлаған жоқ. Кейін түсінігі бар жақсы азаматқа ұзатылды. Бала сүйіп, бақытты күй кешіп отыр. Түсінгенім, бір-бірімен түсініспеген, ешкімге кедергі келтірмей, екі жаққа кеткен дұрыс. Бұл үйленіп, ажырасуға үндеу емес. Барынша екі жас асықпай, ұзақ уақыт араласып барып, отау құрғандары жөн деп ойлаймын».
Өткен жылы әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заң жобасын талқылау барысында, мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ер адамдардың рөлін көтеретін заң керектігін білдіргенде, сенат спикері Мәулен Әшімбаев елдің азаматтарын, әйелдерді, ерлерді қорғайтын заң талаптары барын, түрлі қылмыстық әрекеттерге қарсы жауапкершілікті күшейтетінін жеткізді.

Дайын адам ғана тұрмысқа шығуы керек
Жасым жиырма төртте. Жақындарымыз «кәрі қыз» деген статусқа кіргенімді айтып, асықтырып жүр. Бірақ мен оны дұрыс көзқарас деп ойламаймын. Өзімнен үлкен әпкем бар. Жездем түк ақша бермейді. Қыз күнінде көрген адамдар қазір танымайды. Түсінігі де түбегейлі өзгеріп кеткен. Мен уақыт болды екен деп, көрінген жігітке тұрмысқа шыққым келмейді. Кім біледі. Дұрыс таңдай алмай қалуым да мүмкін. Сондықтан үйленгеннен кейін де материалдық жағдайы бар, машина, баспанадан қиындыққа тап болмайтын, жан-жақты дамыған, шет ел көрген, ата-анама көмектесе алатын адам болуды мақсат тұтамын. Оның біразын жасап та үлгердім. Ойымша, дайын адам ғана үйленіп, тұрмысқа шығуы керек.

Анамдай келіншек керек
«Отызға таяған жігіттің бірімін. Білімім, ата-анам, жұмысым бар. Бір отбасын асырауға қауқарым жеткілікті. Бірақ асықпай жүруіме кездескен қыздардың түсінігі кедергі. Өзім армандаған қызға жолығатынымды білемін. Қазіргі қыздар қатты ақылды. Жігіттерге ақылды не өзін бағаламайтын «ыңғайлы» қыздардың күйеуі болу ұнамайды. Қыз «беттен алып, төске шаппай», ақылын жасырып, назы, қылығымен ерді баурап алуы керек. Қысқасы, анамнан аумаған қызды күтіп жүрмін», – дейді Қасымхан Науат.

Бәрі уақытымен болғаны жөн
«Көпбалалы үйдің тұңғышымын. Есімді білгелі көргеніміз жетімсіздік болды. Тойып тамақ ішуге, қалаған киімді киюге жағдайымыз жетпеді. Бұл жағдай мені ерте есейтті. Іштей «өссем, үйдегілерге өзім көрмеген қызықтың бәрін көрсетемін» деген пікір қалыптасты. Солай жасадым да. Университетті қызыл дипломға бітіріп, бауырларымның барлығын аяқтандырдым. Ата-анам да риза болды. Тұрмысқа шықпадым. Қазір бір ұлым бар. Аллаға шүкір деймін. Бірақ бәрі өз уақытымен болғаны дұрыс екен. Әркім өз күнін өзі көруі керек», – дейді аты-жөнін атамауымызды өтінген кейіпкер.

Барлық адам ұрпақты болуды қалайды
Ажырасудың негізгі себебін – ұрпақ сүймеу деп санайды Асыл Ниетқали. 38 жасар келіншек жұбайымен 13 жыл отау құрған. Екі жыл жүріп үйленген жастарға бала таба алмағандығы бөгесін болған.
«Күйеуімді кінәламаймын. Екеуміз бір-бірімізді ұнаттық, сүйдік, қабылдадық. Бірақ мені жүнжіткен елдің әңгімесі болды. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Жұғысты болсын!», «Жаңалық жоқ па?» деген сөздер жүйкемді жұқартатын. Балалы болмаған келіндер қазақ үшін жаман ырым бастаушылар сияқты. Қоғам ол түсініктен әлі арылған жоқ. Мені қыздың көрпесін тігуге, беташарда келіннің жанында тұрауға, тіпті басқа кәдеге қосуға қорқатын. Ұрысқан жоқпыз. Жағдайды күйеуіме айтқанымда, ол алғашында ашуланған болатын. Көптің айтқан әңгімесінен азаматтың басы төмендегенін өзім қаламадым. Үш жылдан кейін күйеуім үйленді. Балалары бар. Ал мен тұрмыс құруға қорқамын.

Ажырасу мәселені шешпейді
«Күйеуім екеумізді группадағылар «қыз Жібек пен Төлеген» дейтін. Расымен ол өте салмақты, ажарлы, өнерлі жігіт болатын. Кейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Осы кезде картаға барын тігіп, астындағы машинасынан да айырылып қалғанын кешірдім. Бірақ менімен ауылдас, сіңлім болып жүрген келіншекпен көзге шөп салуы шыдамымды тауысты. Ешкімнен ақыл сұраған жоқпын. Ажырасуға бел байладым. Мектепте мұғалім болып істейтінмін. Балаларымды ешкімнен кем қылмадым. Бар жауапкершілікті өзіме алып, балаларымды әкелерімен араластырған жоқпын», – дейді.
Бұрынғы күйеуі қазір жаман әдеттерін қойған. Келіншегімен жап-жақсы өмір сүруде екен. Апаның көзқарасынан «Шыдағанымда мен де жеңер ме едім» деген ойды ұғындық.
«Оның ісі ақтауға келмейді. Бірақ болмашы нәрсеге бола ажырасып кетіп жатқан, сондай қадамға барғысы келіп жүрген жандарға айтарым, ажырасу мәселені шешпейді. Өзің қиналасың. Әсіресе ер баланы тәрбиелеу оңай емес», – дейді Алмагүл Әбілжан (Аты-жөні өзгертілді).

Талып қала жаздадым
Үлкен немересі осындай сөзді айтқан әжесі «жағасын ұстаған».
«Немерем сыныптастарына қарағанда етжеңді, толықтау. Осыны өзі мін көре ме, бір жолы маған: «Әже, мен шетелдік жігітке тұрмысқа шығамын» дегенде талып қала жаздадым. Ойлап отырсам, өзіне сенімділігі жоқ қыздарда да таңдау болмайды екен. Мұхит асқан қаракөздеріміздің дені осындайлар не тұрмыстық жағдайлары дұрыс болмағандар. Шетелдіктердің мақсаты қандай екені тек Аллаға аян», – дейді.

Туысты емес, коучты тыңдайды
Отбасындағы бірлік пен берекенің артуына замандар бойы сақталған дәстүр емес, қазір коуч енгендігін айтады қызылордалық Қаламқас Жақсыбек.
«Жап-жақсы келіншек бар еді. Сауда жасайтын. Сол қыз өзін дамытамын деп 1040 курс сатып алып, «ақша потогын ашып», қарызға белшеден батты. Осындай әсіретәуекелшілдік салдары айрандай ұйыған отбасын ыдыратып, үйінен, бар мүлкінен айырылып қалды. Бәрінен балаларға обал. Қазіргі қыздар күйеуді, жанашыр туысты емес, психолог, коучты тыңдайтын болды», – дейді ол.

Салық салу
салғырттықты жоя ма?
Бойдақтарға салық салу тәртібін Одақ тұсында өмірге келгендердің барлығы біледі. Ондай ақы әлемнің көптеген елдерінде бар. Яғни бойдақтардың жалақысының 3-5 пайыз мөлшерінде қаржы ұсталады. Осы үрдісті депутат Болат Керімбек үлгі етті. Бойдақтарға салық салу қоғамдағы қатынасты реттеп, жастарды тәртіпке, отбасын құру ретке келіп, көпбалалы болу мақсатына қатысты шешім болатынын айтады.
«Отбасын құрған ер азамат сүрбойдақтардан қарағанда 10-15 жыл ұзақ өмір сүреді екен. Бұл әлемде дәлелденген мәлімет, оны социологтар да, демографтар да айтып отыр. Бізде «он үште отау иесі» дейді ғой. 13 жаста қазір қисынсыз, бірақ 35 жасқа дейін әр азамат өмірін жоспарлап, отбасылы болу керек. Бұл менің ұсынысым, – деген депутат демографиялық тұрғыда бұл қазақ қоғамы үшін қажеттігін алға тартады.
Бұл туралы қоғам көзқарасы екіге жарылған. Бірі дұрыстығын айтса, бірі масылдықты көбейтетінін атап, қарсылық танытып отыр.

Сөз соңы немесе
сингапурлық үрдіс
Құқық қорғаушылар дерегінше, еліміз­дегі әйелдер еркектерден, туыстарынан психологиялық, физикалық қысым көретіні белгілі болып отыр. Бұдан бөлек «Оң жақта отырып қалған» қыз, сүрбойдақ жігіт, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар да – қоғамның асқынған дерті. Оларға мән беру – ортақ міндет.
Сингапурда әйелдері босанса 12-16 апта декреттік демалыс, ерлеріне де 2-6 апта аралығында демалыс қарастырылған. Мұнда ажырасу өте қымбатқа түскендіктен, көпшілік бұл қадамға бара алмайтын көрінеді. Заң бойынша, ажырасқан ер адам әйел адамға басқа ерге шыққанша, алимент төлеуі тиістелген. Осындай тәртіп те тәрбиені түзеп, жауапкершіліктің артуына ықпалдасар ме еді, кім білсін?! Тек жылаған ана, бәріне өзін кінәлайтын ұрпақтың жауаптылығынан қоғам жалтармаса етті.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
ФОТО: ЖИ

25 ақпан 2025 ж. 191 0

Мектептегі көңіл – күй

25 ақпан 2025 ж. 102

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728