«Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы: зерттеулер, тәжірибе, нәтиже»
![](/uploads/posts/2025-02/medium/1739597312_img-20250215-wa0060.jpg)
Әр тарихи кезең артына өлшеусіз мұра қалдыратын дарынды өкілдерін жарыққа шығарып отырады. Ол елдің мұң-мұқтаждығын көре біліп, халқының сол мұқтаждығына перзенттік махаббатын арнаған, туған халқының игілігі үшін бар күш-жігерін жұмсаған, ардақты азамат ретінде халық жүрегінен, тарих төрінен орын алып отырған.
Қазақ халқының тарихында аса көрнекті орын алған, сондай тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халқымыздан шыққан тұңғыш педагог, ғалым, ағартушы, жазушы, этнограф. Алтынсарин өмір сүріп жатқан халыққа білім мен ағартушылықтың сәулеті іспетті болды. Патша Үкіметі халықтың сауатты болуын қаламады, сондықтан да ол өзінің мәңгілікке мұра болып қалған ағарту ісін бастады.
Мектептің білімдік және тәрбиелік мақсаттары, оқу-тәрбие үдерісін адамгершілік идеяларына негіздеп ұйымдастыру, элективті оқу жоспарлары мен бағдарламаларын прогрессивті педагогикалық идеяларды есепке ала отырып құрастыру, ауыз әдебиетінің құндылықтарын қолдану, мұғалім рөлінің маңыздылығы жөніндегі Ыбырай Алтынсариннің идеялары бүгінгі күнгі мектептің мәселелерімен үндесіп отыр.
Ыбырай Алтынсарин мектептік білім жүйесін дайындауда мұғалімнің тұлғасына, оның моральдік бейнесіне аса мән беріп, «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп орынды айтқан. Қазақ психологиялық-педагогикалық ой тарихында мұғалім-тәрбиешінің рөлі туралы одан көп құнды пікір айтқан адам жоқ болар.
Ыбырай ағартушылық жолына түскен күннен бастап, қазақ балаларын ана тілінде оқыта алатын мұғалім кадрларын даярлау ісіне белсенді кірісті. Патша өкіметі Ыбырайдың бұл ісін қолдамай, оны қудалай бас¬тады. Бұл жөнінде Ыбырай өзінің бір хатында «оқушылар даярлайтын училище ашуға талпынамын деп басыма пәле іздеп алдым, өкімет орындары маған теріс қарай бастады, «жер» аударылуға аз-ақ қалдым» деп күйініп жазады.
Ол қазақ балалары үшін зайырлы мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзі сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындалды. Ағартушылық идеялары жігерлендірген ол ауыл-ауылды аралап, жергілікті халыққа білім алудың маңызы мен қажеттілігін түсіндіруге күш салды. Мектептер ашу үшін қаржы-қаражат жинауды қолға алды. Ондай ақшаның алғашқы үлесін Ы.Алтынсариннің өзі қосты.
Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметі басталды. 1864 жылы қазақ балаларына арналған интернаты бар мектеп салтанатты түрде ашылды. Үгіт жұмыстарының нәтижесінде оқуға 16 бала жазылды. Кейінірек бұл мектептердегі оқушылардың саны арта бастады. Халық ағартушысы жүргізген үгіт жұмыстары нәтижелі болды. Бұл ретте ол былай деп қуана жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны — бұл балалар әлдеқандай үш айдың ішінде оқуды, тіпті жазуды үйреніп алды».
1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Оның еңбегінің арқасында білім беру саласы қазақ даласында кең орын алды. Атап айтқанда, облыстың барлық уездік қалаларында училищелер ашу қолға алынды. Ол осы мақсатпен Торғай облысының қазақ ауылдарын түгел аралап шықты. Халықтан қажетті қаржы жинастырды. Соның нәтижесінде Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашты. Оларды мұғалімдермен және оқушылармен толық қамтамасыз етті. Ол мектептердің жабдықталуына, олардың жанында шағын кітапханалар ұйымдастыруға ерекше мән берді.
Ыбырай қазақ мектептерінің инс¬пекторы болып жұмыс істеп жүргенде Қазан мұғалімдер семинариясының директоры Н.Ильминскийге жаңадан ашылып жатқан екі сыныптық орыс-қазақ мектептері үшін мұғалім кадр¬ларымен көмектесуді сұрап, бірнеше рет хат жазған еді. Бұл кезде Қазан мұғалімдер семинариясы Қазан, Орынбор округтары ұлт мектептері үшін мұғалім кадрларын дайындайтын бірден бір оқу орны еді.
Ыбырай Орскіде ашылған педагогикалық мектептің оқу жұмысын үнемі жетілдіріп отырды. Ол Қазақстанда педагогикалық білім берудің негізін қалады. Сондықтан Ыбырайды Қазақстанда педагогикалық білім берудің негізін салушы, «Ұстаздардың ұстазы» ре¬тінде бағалауға тиіспіз.
Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру ісінің дамуы да Ы.Алтынсариннің есімімен байланысты. Тор¬ғайда кәсіптік-техникалық училище ашылды, содан кейін Қостанайда ауыл шаруашылығы училищесін ұй¬ым¬дастырды. Ы.Алтынсарин өзі оқып, қызмет еткен жылдары Орын¬¬бор, Қазан, Уфа, Петербург қа¬лаларындағы сол кездегі Шығысты зерттеуші ғалымдар В.Катаринский, А.Мазахин, уездік қызметкерлер Яковлев, Караулов, Плотников және тағы басқалармен тығыз байланыс¬та, достық қарым-қатынаста болады. Солар арқылы белгілі татар ағартушылары Ш.Маржани, Қ.На¬сыри, С.Кукляшев, әсіресе, Петербург университетінің оқытушысы, Ш.Уә¬лихановтың досы, белгілі татар ағартушысы Хұсин Файызхановпен де танысып, достасады. Олармен хат алысып, хат жазысып тұрады. Оқу ағарту ісінде бұлардың қайсысының болса да Ы.Алтынсаринге көп көмегі тиген.
Әрине, Ыбырай олармен істес, қызметтес, достас болып жүргенмен, қазақ халқының тағдыры, келешегіне байланысты барлық мәселелер жөнінде үнемі пікірлес бола бермеген. Мәселен, ол Н.Ильминский, А.Алектронов, А.Бессонов және тағы басқалардың миссионерлік әрекеттеріне қарсылық білдіріп отырған. Ы.Алтынсарин сол кездегі қазақ жазуын (яғни, араб әрпіне негізделген қазақ емлесін) орыс алфавитіне көшіруге мүлде қарсы болған. Бұл туралы жоғары орындарға бірнеше рет хат жазып, ұсыныстар жасаған. Мысалы, ол 1871 жылғы 31 тамызда Н.Ильминскийге жазған хатында былай дейді: «Шапағатты төрем, Николай Иванович! Сіз бұл хатыңызда қазақ арасына орыс алфавитін енгізу жөнінде пікір айтқан екенсіз. Бұл талассыз пайдалы пікір ғой. Дегенмен, оны жүзеге асыру, меніңше, үлкен қиыншылыққа кездеседі. Орыс әрпімен жазылған кітаптар қазақ арасына, тап біздің ойлағанымыздай, жеңіл және тез сіңе қоймайды. Бірінші жағынан, фанатизмнің салдарынан, екінші жағынан, орыс жазуына көзі үйренбегендіктен, оның таныс еместігінен, оның үстіне, елімізде тарап отырған татар жазуының әсерінен. Кітаптарды қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс әріппен шығару керек. Міне, менің шын пікірім осы».
Алайда, Ы.Алтынсариннің өз заманы үшін бұл орынды ұсынысын Н.Ильминский де, сол кездегі оқу министрі Толстов та қабылдамаған. Ы.Алтынсарин сонымен бірге кейбір миссионерлердің оқушы қазақ балаларын еріксіз шоқындыруына үзілді-кесілді қарсы шыққан. Қоғамдағы кемшіліктерді көре тұрып, оны өзгертудің негізгі жолы – адамдарды ағарту, білім беру, өмірді төңкеріс жолымен емес, реформа арқылы әділетсіздікті жойып, жақсылық орнатуға болады деп есептеген.
Қазақ әйелдеріне білім беру ісі де Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. Ы.Алтынсарин Қазақстанда әйел¬дерге білім беруде біршама қадамдар жасады. Аса көрнекті халық ағартушысының басшылығымен қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Ы. Алтынсарин мектепті халық ағарту ісінің маңызды буыны санады.
1887 жылы Ырғызда бірінші қазақ қыздар мектеп-интернаты ашылды. Аса маңызды бұл бастамада патша өкіметі тарапынан қатты кедергілерге ұшырайды. В.Катаринскийге жазған бір хатында былай деп хабарлайды: «Қазақ қыздарына арнап ашылмақ мектептің табысты боларына губернатордың күдігі бар… Ал мұндай маңызды істі бастамаса, ешқашан да, ештеме де болмайды ғой. Бұл істің Ырғызда оңға басатындығына мен қазірдің өзінде кәміл сенемін».
Көп ұзамай бұл арманы жүзеге асады. Ырғыз қаласында 1887 жылы 20 орындық қазақ қыздарына интернаты бар арнаулы мектеп ашылады. Шындығында бұл қазақ халқының өмірінде болған қатты үлкен оқиға еді. Маңызды бұл бастаманың сәтті болғанына ол қатты қуа¬нады. Оның қажырлы еңбегі арқасында 1891 жылы Торғай қаласында, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақта және 1896 жылы Ақтөбеде училищелер ашуға рұқсат етілді.
Орскіде ашылған қазақтарға арналған мұғалімдер мектебі оның алғашқы мектебі еді. Бұл мектепті 1886 жылы 12 мұғалім тұңғыш рет бітіріп шықты.
Халық училищелерінің инс¬пекторы болған кезінде ол өзін мұғалімдердің ағасы, досы деп санап, оларды жұмысқа шебер жұмылдыра білді: «Мұғалім балалармен істес болады: егер олар бір нәрсені түсінбесе, онда мұғалім шәкірттерді кінәламай, олардың көкейіне қондыра алмағаны үшін өзін-өзі кінәлауға тиіс. Мұғалім балалармен сөйлескенде, ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлықпен сөйлесуге тиіс: шұбалаңқы сөздер мен керексіз терминдерді қолданбастан, әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру керек».
Қазақ мектептеріне байланысты дидактикалық міндеттерді қоя білу және орындау саласында Ыбырай үлкен жетістіктерге жетті. Ол мектепте ұйымшылдық және тәртіп орнатып, оқу процесінде қатаң режим және оқушылар арасында тәртіп болуын талап етті. Оның мұғалім міндеттері туралы нұсқаулары – оларға қалай оқыту керектігі, оқушылармен болатын байланыс, олардың қалай оқу керектігі – оның өз заманындағы методиканы терең және жан-жақты білгенін көрсетеді. Ауызша әңгіменің ойлау мен жазбаша жаттығулардың көптеген әдістері туралы түсіндірмесінде ол балалардың әрбір еңбегінің құр босқа ойсыз жаттауға жұмсалмай, мағыналы және жүйелі болуы керек екенін жазды. Ол нашар оқыту мен нашар қарым-қатынас балалардың басын қатырып, шатастыратынын, ал, керісінше, балалар сергек болса, олармен қарым-қатынас, неғұрлым оқушылардың көңіл-күйіне жақсы әсер көп болса, сабақ соғұрлым табысты болатынын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Ол қандай да болмасын оқу¬лықтардың құнды жақтарын мең¬геріп, оларды қазақ мектептерінде пай¬далануға бар күшін салды. Қазақтың тұңғыш педагогтерінің бірі болған ол, К.Ушинскийдің кітаптарын өте жоғары бағалады. Оның «Балалар әлемін» алғаш рет баспадан шыққан кезінде-ақ, ол оны өзінің оқытушылық жұмысында пайдалануға асықты. Оның пікірі бойынша, бұл оқулық әсіресе, орыс емес балаларды оқытуға арналған деп тапты.
«Қазақ даласында орыс-қазақ мектептерін көбейту мәселесін қызу қолға алу қажет, ол мектептер дүниеге ғылыми көзқарастың ұрығын сеуіп, халықтың дамуына кедергі болатын соқыр сенімдерді жоюға себепші болады. Бұл әлі де келе жатқан ешбір діннің ықпалына ұшырамаған халықтың әдет-ғұрпымен бірге салт-сананың сақталуына әсер етеді» деп тұжырымдады. Ыбырай жасаған оқу жоспарлары мен мектеп бағдарламалары әдеттегі бастауыш мектептердің оқу жоспарынан анағұрлым терең болды.
Ол өзін халқымыздың салт-дәстүрлерін және әдет-ғұрыптарын жетік білетін, жан-жақты ғалым ретінде таныта білді. Бұл ерекшелік ұлы ағартушының оқулық, хрес¬томатияларынан да айқын аңға¬рылады. Ыбырай жастарды оқу білім-өнерге үндегенде, құрғақ наси¬хатқа ұрынбайды, қайта өз ойын нақтылықпен дәлелдеуге ұмтылады.
Ыбырайдың қазақ балаларына арнап жазған «Қазақ хрестоматиясы» оқу құралына енген материалдарға зер салып қарасақ, оның балалардың жас ерекшеліктері мен қабылдау мүмкіндіктеріне сәйкес құрылғанын көреміз. Автордың халық ауыз әдебиеті асыл үлгілері мен мақал-мәтелдерді, небір көркем шешендік сөз нұсқауларын таңдап-талғап хрестоматияға енгізген.
Халықты және жастарды оқуға, өнер-білімге шақыруда Ыбырайдың ұран салып, ту етіп көтерген, әрқашан жаңарып, түрленіп, құлпырып, оқыған сайын сүйсіндіріп отыратын, ескірмейтін еңбегі «Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Әй, достарым», «Әй, жігіттер» деген өлеңдері. Ыбырай бұл өлеңдерінде алдымен сауат ашу, оқыту мәселесін бірінші орынға қояды, баланы оқыту барысында тәрбиелеу керектігін түсіндіреді. Оның өлеңдері мен әңгімелерінің қай-қайсысы болмасын балаға тәртіпті, үлгілі, өнегелі кісі болуды уағыздайды.
«Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сендерге бердім батамды!» деп ол өз халқының келешек ұрпақтарына сеніп кеткен еді. Міне, сол ұрпақ Ыбырай арманының жүзеге асқанын бұл күнде айқын көріп отыр.
Осылайша, қазақтың көрнекті ағартушысы Ы.Алтынсариннің педа-гогикалық мұрасын зерделей отырып, бір жарым ғасыр бұрын айтып кеткен педагогикалық ойлары бүгінгі күнде де өзінің терең өзектілігімен және заманауилығымен әлі де таң қалдыратынына көзің жеткендей. Соның ішінде, 12 жылдық мектепке көшу, заманауи білім беру жүйесін реформалаудың өзі адамды ізгілендіруге, оны әдепсіздіктен сақтандырып, жанын сұлуландыру, қоғам және қоршаған әлеммен қарым-қатынасқа ендіруге бағытталған. Ол өз халқының сауатты, мәдениетті болғанын көргісі келді.
Абатова Гүлайна,
#182 мектептің бастауыш
сынып мұғалімі