Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ыбырай Алтынсариннің дін туралы түсінігі

Ыбырай Алтынсариннің дін туралы түсінігі

«Бір Құдайға сыйынып, Кел балалар оқылық!»
Алтынсарин Ыбырай – қазақтың аса көрнекті ағартушы-ғалымы, көркем сөздің ұстасы, терең ой-пікірдің иесі 1841 жылы қазан айының 20-күні қазіргі Қостанай облысы, Арқарағай өңірінде дүниеге келген. Жастайынан әкесінен айрылған Ыбырай төрт жылдай атасы Балғожа бидің қолында өседі. Атасы Балғожа Жаңбыршыұлы белгілі би, Орынбордағы шекара комиссиясы қоластында старшина қызметін атқарған.
Ыбырай өмір сүрген ғасырдағы қазақ мәдениетінде бір-біріне қарсы екі бағыт болған. Бірі – төрелер мен байлардың мүддесін көздеп, қазақ хандығы тұсындағы артта қалған өмірді аңсап, тарихты кері шегіндіруге тырысты. Енді бірі – бұқара халықтың мүддесіне жұмыс жасап, орыс халқының дамыған мәдениетімен қазақтың халық мәдениетін ұштастыра отырып, демократиялық бағытта дамытуға бастады. Ыбырай Алтынсарин осы бағытты қолдап, халықтың діни сауатымен қатар зайырлы білімге деген ынта-жігерін оятуға бар күшін салды. Себебі, өзі білім алған (1850 жылы ашылған) мектепте орыс, татар тілін үйретумен қатар Ислам дінін бүркемелеп, мектепті тәмамдаған соң жергілікті округтерде сауатты, өздеріне бағынышты жазушыларды дайындау болған. Дегенмен, Ыбырай Алтынсарин бұл құйтырқы саясаттың ырқына көнбеді, өз бетінше бос уақытында орыс, татар, араб тілдерін толық меңгеріп шықты. Орта Азия халықтарынан шыққан Фердауси, Низами, Навой сынды белгілі ақындардың шығармаларымен де таныс болған. Жалпы, Ыбырай Алтынсарин тірі кезінде уездік қалаларда 4 орталық орыс-қазақ училищесін, 1 қолөнер училищесін, 5 облыстық мектептерді және қосымша 2 мектеп ашып, оларды тегіс оқуға қажетті құралдармен жабдықтаған.
Ыбырайдың білім алуға шақыруы. Алла Тағала қасиетті Құранда Аләқ сүресінің 1-аятында: «Сені жоқтан бар етіп жаратқан Раббыңның атымен Оқы!»,- деп бұйырған. Ибн Мәжадан жеткен хадисте Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с): «Білімді талап ету – әр ер мұсылманға да әйел мұсылманға да парыз»,- деген. Ыбырай Алтынсарин аталмыш аят пен хадисті негізге ала отырып «Сөз басы» атты өлеңінде:
«Бір Құдайға сыйынып, Кел, балалар оқылық!
Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық!
Істің болар қайыры, бастасаңыз Аллалап,
Оқымаған жүреді, қараңғыны қармалап,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық!»,-дей келе талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндеген.
Хадистерден бөлек ардақты сахабалардың білім жайындағы сөздерін жаттап, өлең шумақтары арқылы қарапайым тілде оқушыларға жеткізеді. Мәселен, ел ішінде «ілімнің қақпасы» атанған сахаба Әлиден (р.а) «Білім артық па, байлық артық па?»,- деп сауал қояды. Сонда Әли (р.а): «... Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі»,- деп жауап қатқан. Ыбырай Алтынсарин бұл әңгімені төмендегіше шумақ өлеңімен әрмен қарай өрбіте білген:
«Мал дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар.
Оқымыстың байлығы
Күннен-күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар».
Ғылымды игеру арқылы Алланы тануға шақырған Ыбырай қазіргі таңда да кездесіп жататын ғалымсымақ адамдарды сынай:
«Оқу білген таниды
Бір жаратқан Құдайды.
Танымаған Құдайды
Неғылғанда ұнайды...»,- деп намаз, ораза, зекет пен қажылық секілді парыз амалдардың басында Алланы тану (иман келтіру) тұратындығын, Жаратушыны білу үшін білімді жетілдіру қажеттілігін ескерте өткен.
Құрандағы Пайғамбар қиссалары. Алғашқы пайғамбар Адам атадан (а.с) бастап Мұхаммед (с.а.с) пайғамбарға дейінгі аралықта көптеген пайғамбарлар келіп-кетті. Жіберілген пайғамбарлардың саны туралы Құранда нақты мәлімет кездеспейді. Бір хадисте жіберілген пайғамбарлардың саны 124 мың делінсе, олардың 315-нің расул болғаны туралы ақпарат айтылған. Пайғамбарлардың жиырма бесінің есімі Құранда аталған. Ыбырай Алтынсарин Құранда келген Пайғамбар қиссаларын оқыған және хадистерде айтылған оқиғалармен де таныс болған. Бұлай дейтін себебіміз, Ыбырай Алтынсаринның «Өсиет өлеңдер» атты туындысында:
«... Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен,
Патса боп бұл дүниеге даңқы кеткен.
Отыз ұлым бар ғой деп көптік ойлап,
Құдайым отызында әлек еткен...
Жылаған Дәуіт патса тоба қылып,
Өзінің бенде екенін сонда біліп,
Мұнан соң Тақ-Сүлеймен туды дейді,
Отыз ұлға бір өзін жора қылып»,- десе, келесі шумағында:
«Әйіпті сегіз жылдай мың құрт жеді,
Болыпты бөлек-бөлек соның тәні...
Мал-жаннан, ұру, туған бәрі безіп,
Далада жалғыз жатып «Алла» - деді.
Малды алды, баланы алды, сабыр етті,
Дұшпандар мысқыл атып жәбір етті.
Разымын не берсең де Құдайым деп,
Бәрін де қабақ шытпай қабыл етті»,- деп Дәуіт (а.с), Сүлеймен (а.с) және Әюп (а.с) пайғамбардың басына түскен сынақты жеткізген.
Көктемгі мереке жайында. Кейбір деструктивті ағым жақтаушылары Наурыз мерекесін Аллаға серік қосу амалына жатқызып, атап өтуден бас тартады. Ал мұндай жаңсақ пікірге қарсы ғұламалар: «Әз-Наурыз – халықтың көңілін көтеріп, қуанышқа бөлеп, ізгі-тілектер айтысып, жақсылыққа үндейтін Алланың Хақ діні – Исламға қайшылығы жоқ халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан дәстүрлі мерекесі»-деп, тұшымды жауап қайтарған. Ал Ыбырай атамыз он сегізінші ғасырда көктемнің шуақты күніне жеткен халықтың бұл мерекені атап өтуі жайлы:
«Құдайға шүкір етер жас пен кәрі,
Бердің деп жанға рақат мұндай дәрі!
Жын-айуан, адамизат, құрт-құмырсқа
Разылық бір Құдайға асар зары,
Қырда орман, жер жүзінде бәйшешектер
Шуылдап шүкір етер мұның бәрі»,- деп жетідегі бала мен жетпістегі қарияға дейін шүкіршілік жасап, тәубе ететіндігін көруге болады.
Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсарин сол замандағы жаназа, жерлеу рәсімдері мен ас беру мәдениетінен толық хабардар болған. Оған мысал ретінде ағартушы-ғалымның 1870 жылы Орынбор газетінде жарық көрген «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі» атты мақаласынан көруге болады.
Ғылымды игеріп, даналыққа жетуге жол бастар ұстаз болған Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы шілде айының 17-жұлдызында Қостанай қаласынан үш шақырымдай жерде орналасқан Тобыл өзенінің иіні, «Инспектор көлі» жағасында салдырған өз үйінде бақилыққа аттанды.


Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы маманы Б.Шаймерден
01 тамыз 2023 ж. 194 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031