-3°С-қа дейін: 19 сәуірде Қазақстанның қай өңірлерін үсік шалады
Сурет: pexels2026 жылғы 19 сәуірде Қазақстан аумағының басым бөлігінде кең антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды Zakon.kz "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, елдің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсуі мүмкін.
Синоптиктердің мәліметінше, кейбір өңірлерде тұман түсіп, жел күшейеді, ал батыс аймақтарда шаңды дауылдар болуы ықтимал.
"Түнде солтүстік өңірлерде, Түркістан облысының таулы аудандарында, Алматы облысының солтүстігі мен тау бөктерінде, сондай-ақ Жетісу облысының жекелеген аумақтарында ауа температурасы -2-3°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді", – деп мәлімдеді "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, Түркістан және Жамбыл облыстарының батысында, сондай-ақ Жетісу облысының солтүстігі, оңтүстігі және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.










