Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазаққа біткен қайраткер

Қазаққа біткен қайраткер

Халқымызда «Таулар алыстаған сайын, олардың асқар шыңы айбынды көрінеді» деген ұлағатты сөз бар. Бұл әрине, еліне елеулі, жұртының қамын ойлаған, өзгенің мүддесін өз ісінен жоғары қойған азаматтарға тән теңеу.
Сондай ел ардақтысы – елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, есімі мен еңбегі иісі қазақтың бәріне етене мәлім, Алаштың біртуар азаматы Бердібек Машбекұлы Сапарбаев.

Бердібек Машбекұлының бүгін 9 - ақпан дуниеге келген күні.

«Азаматтың қадірі, абыройы, оның атақ-даңқымен емес, еңбегімен өлшенеді» деген сөз Бердібек ағамызға арналып айтылғандай. Арамыздан ерте кетсе де, ағамыздың ерге тән өлшеусіз еңбегі, қазақ елінің өсіп-өркендеуіне арнаған саналы ғұмыры әрбіріміздің көз алдымызда.
Бердібек Машбекұлының жүріп өткен жолы, адами, кәсіби қасиеттері жайлы шексіз айта беруге болады. Мемлекет және қоғам қайраткерінің еліміздің дамуы жолындағы еткен ерен еңбегі, мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесі, еңбекқорлығы, қарапайымдылығы, жарқын жолы жастарға, мемлекеттік қызметшілерге үлгі, өнеге.

Бердібек Машбекұлы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келгенде ел ағалары: «Біз Бекеңнің мектебінен өтіп, шекпенінен шыққанбыз» деп мақтанышпен айтып отыратын. Құлаққа тұнған сол тағылым мемлекеттік қызметті енді бастаған біздерге өмірлік сабақ еді.
Бердібек ағамыздың үлкен мектебінен өтуге құштар, жанында жүріп шәкірт болсақ деген ойымыз болатын. Сол ниеттің сәті түсіп, көрші арайлы Ақтөбе жерінде қызмет ету бақыты бұйырды.
Ақтөбе облысында басталған қызметтік қадам үлкен мектеп десем болады. Аймақ басшысының үлкен қолдауын көрдік,ұлағатты ұстаздың тәлім-тәрбиесін алдық,ағалық қамқорлығын сезіндік. Бердібек Машбекұлы облысқа қарасты барлық ауданды, ауылдық округтерді бірнеше қайтара аралап, қарапайым ауыл тұрғындарымен кездесіп, ашық жүздесу алаңына барды. Ондағы көтерілген мәселелердің бірін қалдырмай назарға алатын,өзі бақылайтын.Бірінің жоғын бірі көрсе, жақсы жаңалықты жаңғыртса деген мақсатпен аудан басшыларын бір-бірімен тәжірибе алмастырып көшпелі алқа, семинарлар ұйымдастыратын. Тіпті Қызылорда облысына аудан әкімдерін іссапарға жіберіп, Аралдан Сырдария ауданына дейінгі аралықтағы ауыл ажарына, әлеуметтік нысандар қызметіне, инвестиция тарту белсенділігіне, экономикалық даму үдерісіне назар аудартып, тың тәжірибе жинақтауға мүмкіндік жасады.

Бердібек Машбекұлы өңірдің дамуы мен аудан халқының әл-ауқатын жақсарту бағытындағы әрбір жұмысқа қолдау көрсетті.
Ағамыздың көрсеткен қолдауының арқасында құт қонған Қобда ауданында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Аудан мен ауыл келбетіндегі жаңашыл шырай, жағымды жаңалықтар елдің ауызбіршілігімен жедел жүзеге асты. Бердібек Машбекұлының ілкімді істерге осылай үйретіп, жол көрсеткен, халықпен етене болу мақсаттарын орындауға міндеттеген тапсырмалары өз нәтижесін берді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Бердібек Машбекұлының басшылығымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер орын алып,жаңа бастамалар мен жобалар қарқынды түрде жүргізілді.
Жасампаз еңбекке жұртты жұмылдыра білді. Облыс орталығы Ақтөбе қаласына ажар қосқан ғаламат ғимараттар салынды.
Халықтың сұранысында тұрған «Өнер орталығы», «Анаға тағзым үйі», «Жұбановтар үйі», «Шығармашылық академиясы», «Мұз айдыны» сарайы, «Жекпе-жек» сарайы, Триатлон паркі, облыстық музей, халыққа қызмет көрсету орталықтары, балаларды оңалту орталықтары, жедел жәрдем көрсету орталығы, перинаталдық орталық халық игіліне пайдалануға берілді.
Нұр Сити, Батыс-2 мөлтек аудандарында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, екі жылдың ішінде үлкен мөлтек аудандар бой көтерді. Аудандарда газ, су, жол құрылыстары, әлеуметтік нысандарды салу, абаттандыру мен көгалдандыру, инвестиция тарту, мал басын, егіс көлемін көбейту, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, оның ішінде бау-бақша дақылдарын егу, қосымша жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту жұмыстары кеңінен жүргізілді.

Республикалық «Жұбанов әуендері», «Бақытты бала», «Туған жерге тағзым» сияқты маңызды жобалар бастау алды. Бердібек Машбекұлының қағылездік, сұңғыла ой, семсер сөздің сайыпқыран қасиетіне, тәулік бойы тынбайтын еңбекқорлығына, ірі жобаларды жаңғыртқан іскерлігіне тәнті болатынбыз. Ақтөбе облысы, мұнан басқа да басшылық жасаған Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында да осындай халықтың игілігі үшін атқарған ауқымды жұмыстары ағамыздың артындағы өшпестей із болып қалды.
Кісілікпен кішіпейілділіктің үлгісіне айналған, қай қызметте де парасаттылықтың шыңын көрсетіп елдің аузында «әкімдердің ағасы» атанған Бердібек ағамыздың есімі мәңгі жадымызда сақталады.

Бердібек Сапарбаев мемлекеттік қызметте болған жылдарда білікті мамандар мен басшылардың тұтас буынын өсіріп, тәрбиелеген ұстаздық қызметін де айрықша атап өту қажет. Себебі, мемлекеттік қызмет саласында ағамыздан мол тәжірибе алған азаматтардың ішінен көптеген мемлекет және қоғам қайраткері шықты. Ол жиған-терген білгені мен тәжірибесін, ақылын, түйген нақылын айналасымен бөлісіп, үйретіп, жетектеуден жалыққан емес. Ұлағатты ұстаздың тәлімін алған шәкірттері бүгінде оның отаншылдық, мемлекетшілдік жолын жалғастырып, туған елдің игілігі үшін барын салып еңбек етіп жүр. Бүгінде шәкірттері әрдайым бас қосқанда ағамыздың ерен еңбектерін мақтанышпен еске алып отырады.
Қазақта «Бақ талғампаз келеді» деген сөз бар. Ол таңдаулы адамдардың басына ғана қонады деседі. Бердібек аға сондай сирек жандардың бірі еді. Осындай тау тұлғалар өмірден өтсе де, олардың бейнелері санада сақталып, сара жолдары жадымызда жарқырап тұра береді...

Ардақты ағамыздың жарқын жүзі, бекзат болмысы көзден кетпейді, көңілден өшпейді, есімі ел есінде мәңгі сақталады.
Мейрамбек Шермағанбет,
Қазалы ауданының әкімі
12 ақпан 2025 ж. 199 0

Арал: Жыл және жетістік

21 ақпан 2025 ж. 119

ТҰРҒЫНДАР НАЗАРЫНА!

21 ақпан 2025 ж. 82

Керек дерек

21 ақпан 2025 ж. 106

Үйірмеде үйренер көп

21 ақпан 2025 ж. 99

Жайлы мектеп

21 ақпан 2025 ж. 192

"Түйін" жобасы қосылды

21 ақпан 2025 ж. 123

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728