Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды
Алматылықтар мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры ғимаратында өткен қаралы жиынға Премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, Үкімет мүшелері, бірқатар облыс әкімдері, Парламент депутаттары, мәдениет, спорт және басқа да салалардың өкілдері қатысты. Үкімет басшысы министр Әлихан Смайылов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жедел хатын оқыды.
Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.
Еліміздің 5 облысын басқарған қайраткердің еселі еңбегі мен азаматтық болмысы ұлықталды.
Еліміздің ең сезімтал құрылымдары мен аймақтарында аянбай еңбек етті. “Кризис менеджер” атанған тау тұлғаның әрбір жүйелі, нәтижелі жұмысының ар жағында білім мен білік қана емес үлкен жүрек жатты. Елдің өркендеп, өрістеуіне бар ғұмырын арнаған ардақты азаматтың үлкенге құрметі, кішіге ізеті де ерекше еді. Адам ретінде де, мансап биігінде де бар білгенін, түйгенін соңғы демі шыққанша кейінгі буынға үйретіп кетті. Марқұм Бердібек Мәшбекұлының асыл жары-жеңгемізге, ұл-қыздары мен туған-туысына қайғыра көңіл айтамын, - дейді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Алматы қаласының әкі Ерболат Досаев Бердібек Сапарбаевтың жарқын бейнесі халықтың жүрегінде мәңгі сақталатына сенім білдірді.
Мен ағаммен 25 жылдан астам уақыт аралығында таныс болдым. Бердібек Машбекұлы сан түрлі салада еңбек етіп, 45 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосты. Тәуелсіздікті нығайту жолында қатардағы экономистен премьер-министрдің орынбасарына дейінгі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Әрдайым жауапты қызметтің тұтқасын ұстап, қысылтаяң уақытта да жүктелген күрделі міндетті тиянақты орындап, елдің сенімінен шыға білді, - деді қала әкімі.
Еске салайық, марқұм Алматыдағы «Кеңсай-2» қорымына жерленді.