Жасыл алма

Төргі бөлмеге кірген әкем шықпады. Анам мүлде көрінбейді. Бұлар не істеп жатыр? Бәрінен де маған қызығы «келіншек қандай екен?» болып тұр. Үсті-басымды реттеп, шығуға бел будым. Сығалап едім, ешкім жоқ. Әлгі үшеуі қайда кеткен? Есікті ақырын ашып, төргі бөлмеге қарап тұрмын. Барсам ба екен әлде... Ішімдегі бір сезім «барсаңшы, не де болса, көзіңмен көр» дейді. «Ұят қой» деп аяғым алға басар емес. Асханадан тәтем шықты. Айтпақшы әкемнің Аралда тұратын жалғыз әпкесі күйеуімен ауылда қонақта еді. Мені көріп, «Оянып кеттің бе? Жүре ғой» деп күлімсіреп, төргі бөлмеге жетектегенде жылдамдатып ізіне ере кеттім. Қалай кірерімді білмей тұрған мен тәтемнің арқасында төргі бөлмеден бір-ақ шықтым. Артына тығыла кірдім. Оң жақ шетте жылы пешке арқасын сүйеп, бір қыз, беріректе әкем отыр. «Айналайын, қызым, өзім келісіп келіп отырмын десең, қадамың оң болсын. Әлде де маған айт, мына желөкпелер сені еркіңнен тыс әкеліп отырса, інім еді деп қарамаймын ...» «Жоқ, аға еркімнен тыс болған жоқ» деп қыз әкеме басын көтерместен жауап берді. Әкем бөлмеден шығып кетті. Тәтем «отыр, отыр» деп мені болашақ жеңгемнің жанына жайғастырды. Басын көтеріп, маған қарады. Шашы қою қара, бұйра. Көзі доп-домалақ, әдемі қыз екен. Үнсіз, жымиды. Жұлқи оятқаннан жоқ болып кеткен анам бөлмеге кірді. Қолында бір ваза толы жасыл алмасы бар. Күлімсіреп, дастарқан жайып жүр. Менің енді көңілім «келіншектен» жасыл алмаға ауды.
Алманың аз кезі ме, әлде ауылға жеткізу қиын ба әйтеуір бүгінгідей қалаған кезіңде алма жей алмайтынсың. Әкемнің тәтесі бұл жолы да мені көзімнен түсінді. «Жей ғой» деп бір алманы қолыма ұстата салды. Анама қарап едім жүзінде: «Қонақтар қайтқасын» деген жазу тұрды. Байқамаған сыңай таныттым. Білем анам тәтем мен қонақ қыз отырғанда ештеңе демейді. Мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Қонақтан бұрын жасыл алманы жеп алдым. Қолымды екінші алмаға созуға қонақтан қысылып отырмын. Бала болсам да байыптай алатын жастамын. «Барлығын жеп кете қоймас» деген үмітпен сыпайылық сақтадым.
Бір кезде ағам жолдастарымен бөлмеге кірді. Бағанағыдай емес көңілді. Әкемнің ризашылығын алғандары көрініп тұр. Ағам да риза, достары да мәз. Содан ағамның өз үйіне үдере жиналдық. Менде киініп жатырмын. Үйде қалып, вазаның қасында жатар едім. Оған үлкендердің барлығы кеткелі жатыр. Менімен қалатын адам жоқ. Әншейінде бір жерге барамыз десе, жылдам киініп алатын мен бұл жолы асыға қоймадым. Анам: «Бол енді» дегенде жасыл алманың біреуін жасырын іле кеттім. Қайран, балалық-ай. Әйтпесе, сол алманы жеме деп жатқан ешкім жоқ.
Барлығымыз мәшинеге мініп алдық. Ауылдың біз мына шетінде тұрамыз, ал ағамдар ана шетінде. Бұйырса той болады. Айналам көтеріңкі көңіл-күйде. Мен де ризамын. Алмамды жеп отырмын. Жарты жолға жеткенде тауыстым. «Қап, екі қолыма екеу алсамшы» деп қамығып қалдым. «Үйде оны жеп қоятын ешкім жоқ. Келген соң жеймін» деп өзімді жұбатып қоямын. Шынында да, сол вазаны өзім тауыстым. Одан кейін де талай жыл өтті. Иығына қап-қара бұйра шашы төгілген, мойыл көз Тамара жеңгем де үлкен әулеттің сыйлы келіні атанды. Әділбек ағам екеуі ұл-қыз өсіріп, тәрбие беріп отырған жайы бар. Кейіннен білдік ғой. Анам ағамның келіншек әкелетінінен хабардар екен. Ағам ағасына айтпаса да жеңгесімен сырласыпты. Содан анам бірнеше күн бұрын аудан орталығына жолы түсіп барғанда жасыл алмадан молырақ әкеліп, үйге сақтап қойған екен. Бір вазадан кейінде де қағазға мұқият оралған жасыл алманы бірнеше күн жегеніміз бар.
Жиырма жылға жуық уақытта жасыл алманың да түр-түрін жеуді бұйыртты Алла. Бүгінде анам бақилық болды. Анам сақтаған сол бір жасыл алманың дәмі әлі күнге аузымда. Анашым, білесіз бе, мен сіз сатып әкелген жасыл алманы әлі күнге кезіктірмедім...
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА