Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбегімен абыройға бөленген азамат

Адал еңбегімен абыройға бөленген азамат

Аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің белсенді тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер-ұстаз Жеткербай Махамбетов аға 80 жасқа толды. Ардагер ақсақалмен көптен бері сыйлас, пікірлес шығармашылық өкілі болғандықтан ол кісінің өмір жолынан хабардармын деуіме болады.

Жеткербай ағамыздың айтуынша өзі үйдегі ер балалардың кенжесі болса да нағашы атасы Махамбет пен әжесі Қаншаның тәрбиесінде болады. Оның мәнісі былай екен. Әжесі 19 құрсақ көтергенімен ашаршылық жылдары, басқа да себептермен балалары шетінен өмірден озып, екі ұл, бір қызы аман қалған. Алайда олар есейіп ержеткенімен үлкен ұлы Қасымбай Ұлы Отан соғысына аттанып, майданнан қайта оралмаған. Кенже баласы Ахмет Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектепті (бұрынғы Молотов атындағы) бітірген соң Беларуссия республикасының астанасы Минск қаласындағы әскери училищеде оқып, бітіреді. Фин соғысынан кейін Ұлы Отан соғысына қатысады. Танк бригадасы бастығының орынбасары болып жүргендегі соғыстағы ерлігі жайлы кезінде майдандық газеттерде мақалалар жарияланған. Қазалылық батыл командир 1944 жылы қанды шайқаста басынан ауыр жарақат алып, Житомир қаласындағы госпитальда қайтыс болады. Оның құжаттары мен майдандағы ерліктері үшін алған медаль, ордендерін аудандық әскери комиссариаттың қызметкерлері кезінде әке-шешесіне тапсырады. Алайда қарт ата-аналар ол құжаттарды түрлі себептермен сақтай алмаған. Дегенмен олар екі ұлын өлдіге қимай өздері бақилық болғанша күтумен ғұмыр кешкен. Соғыстан кейінгі жылдары нағашы атасы мен әжесі немере қыздарының ортасында өмір сүреді. Ал жалғыз қызы Маржан кенже баласын әке-шешесінің қолғанаты болсын, есімі атау­сыз қалмасын деген ниетте баласы етіп қойындарына салады. Осылайша Жеткербай нағашы атасының баласы атанады. Немере апалары, Қосымбек нағашы ағасының қыздары: Роза, Рамиза, Раушан жас баланы бауырына басып, туған інісіндей еркелетіп өсіреді. Алайда ержеткен соң атасының немере қыздары тұрмысқа шығады да ата-әжесінің қасында жаста болса қолғанаты болып Жеткербай қалады.
Атасы ірі денелі, қайратты кісі. Әжесінің айтуынша балшыққа батқан сиырды, құдыққа құлаған ірі қара малын арқан байлап тартып шығарып алатын болған. Бірақ соншалықты алып күш иесі болса да күреске шақырғанда бармаған. Онысы әжесіне де жұмбақ. Ал жас кезінде немересі Қанша әжесінен көп аңыз әңгімелер тыңдаған, кейін ақынжанды болып қалыптасуы соның әсері болса керек.
Нағашы атасы мен әжесі қартайған шағында, онда Жеткербай 7 класта оқып жүргенде 1959 жылы күйеу баласы Бисенбай (Жеткербайдың әкесі) қайын атасы, қайын енесін Жаңақазалы поселкесіне көшіріп, қолына алады. 1961 жылы бозбала теміржолшы болуды мұрат тұтып, Қазалы теміржол училищесінде оқиды. Көршілері орыс балалары болғандықтан олармен ауызша сөйлесіп үйренген жасөспірімге сабақ орыс тілінде жүрсе де оқу қиындық тудырмайды. Жәкең оқыған училищедегі топқа сол кездегі өндіріс шебері, қазіргі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов жетекшілік етеді. 1963 жылы училищені ойдағыдай бітірген соң талапты жасты сол кездегі училище директоры Петр Поликарпович Сиснев ұнатып, өндіріс шебері етіп қызметке қалдырады.
Атап айтар жағдай Жеткербай Махамбетов училищеде үш жыл қызмет атқарып, жаста болса ұжымдастары арасында үлгілі еңбегімен абыройға бөленеді. Оның осындай дәрежеге көтерілуіне өзімен бірге қызмет атқарған ақылшы-ағалары: О.Бекбанов, Б.Есекеев, Т.Ермағамбетов, В.И.Карпов, Л.Т. Чекурин, В.Самодуров, И.В.Полосаткин, В.Суязовтың көмегі болғанын әрдайым ризашылықпен еске алып отырады. Олардың бірсыпырасы өмірден өтіп кетсе де есімі абзал азаматтың жүрегінде өшпестей сақталған. Себебі, олардың тәжірибесінен үйренді, өнегесін көрді, қамқорлығына бөленді, ақыл-кеңесін тыңдады, көмегін, жақсылықтарын сезінді.
Жеткербай аға Отан алдындағы әскери борышын Солтүстік мұзды мұхитта өткізді. Матрос болды. Ол жөнінде сұрай қалсаң көсіле әңгімелейді. Өйткені ол қызметін өте абыройлы атқарған. Екі мұхит пен жеті теңізді әскери корабльдермен жүзіп өткендері ұзақ әңгіме. Сүңгуір қайықта қызмет атқарып, 1 дәрежелі старшина атанып, зенит артиллериясының командирі болған. Біздіңше айтқанда 60 матросқа басшылық еткен. Алғыстар алған, ақшалай сыйлықтар иеленген. Әскер қатарында жүріп, коммунистік партияның қатарына қабылданған.
Отан алдындағы борышын өтеп келген сақа матросты училище директоры П.П. Сиснев жылы жүзбен қарсы алды. Осылайша Жеткербай Махамбетов училищедегі еңбек жолын қайта жалғастырды. Осы салада 10 жыл қызмет атқарып, теміржолшы мамандар даярлау ісіне қомақты үлес қосты. Алғашқы да өндіріс шебері болған ол кейін аға өндіріс шебері қызметіне жоғарылады. Бүгінде сол тәрбиелеген шәкірттері тепловоз машинисі қызметін атқарып, зейнеткерлік жасқа жеткен. Көшеде кездессе алдынан кесіп өтпейді.
Училищеде қызмет атқарып жүргенінде білімін жетілдіру үшін Қызылорда педагогикалық институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, қазақ мектебіне орыс тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Жұмыс барысында түрлі қоғамдық жұмыстарға да жегілді. Училище бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы, қабырға газетінің редакторы қызметін атқарған ол басшылардың мадақтау, мақтауы, сыйақысынан ешқашан құр қалған емес.
Еңбеккер азамат жоғары білім алған соң мамандығына сай қызмет етуді құп көрді. Мектепке ауысуды ойлап жүргенінде халық депутаттары аудандық советі атқару комитетіне бөлім меңгерушісі қызметіне шақырылды. Халық депутаттары аудандық советі атқару комитетінің төрағасы Жолдасбек Ергешбаев, орынбасарлары: Қуанышқали Шапшаңов, Валентина Еремина, жауапты хатшысы Таяубай Сереевтің айтқан тапсырмаларын жауаптылықпен атқару арқылы әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста болып, қызмет атқарды.
Жәкең 1985 жылы Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызметке ауысты. Жұмысты жаңаша ұйымдастыруға мән берді. Осыған орай білім ордасында оқушыларды қатыстыра отырып түрлі мазмұндағы кештер, жергілікті ақын-жазушылармен, соғыс ардагерлерімен және осы мектепте оқыған ауған соғысының ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырды. Бұл жұмыстардың барлығын мектеп директоры Гүлшат Садықованың келісімімен ойласа атырып атқарды.
Адал еңбегімен абырой иеленген азамат бес жылдан соң 1990 жылы Жаңақазалы поселкесіндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 мектепке мектеп директоры Жұмамұрат Бекмамбетовтың шақыруымен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып ауысты. Жаңа ұжымда Жұмамұрат ағасының сенімінен шығу үшін аянбай еңбек етті. Оқушылар арасында қазақтың салт-дәстүрі жөнінде тәрбие сағаттарын өткізуге ұйытқы болды. Мектепте радиохабары ұйымдастырылып, мектеп жаңалықтары мен өткізілген шаралар бүкіл мектеп ұжымы мен оқушыларға хабарланып отырды.
Оқушылардың жеке шығармашылығын дамыту үшін олардың жазған балғын, балауса өлеңдері мен шағын әңгімелерін Қызылорда қаласында шығатын «Сыр мектебі» газетіне жариялануына қамқоршы болды. Оқушылар өздерінің алғашқы туындыларын газеттен оқыған соң шабыттанып, олардың қатары көбейді.
Білікті педагог кейінгі жылдары Батыс Қазақстан теміржолына қарасты мектептердің оқушыларын мамандыққа баулу, тәрбиелеу мақсатында ашылған Қазалыдағы оқу-өндірістік комбинаты директорының орынбасары, №16 орыс орта мектебі мен №249 орта мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Мектеп директорлары: Қуантай Ршымбетов, Сейілхан Бердібекұлы, Ғабит Бәймішовпен ақылдаса, сыйласа, бірлесе отырып қызмет атқарып, мектеп ұжымының жоғары жетістіктеріне жетуіне сүбелі үлес қосты. Ұжым мүшелері арасында абыройлы болды. Әріптестері сыйлады, аға деп құрмет тұтты. Жасы жеткенде зейнет демалысына салтанатпен шығарып салды.
Жеткербай Махамбетовтың отбасылық жағдайына тоқталсақ, зайыбы Зейнегүл Шеңгелбайқызы екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеген ардақты ата-ана. Балаларының барлығы да отбасылы, өмірден өз орнын тауып, әр салада еңбек етеді. Үлкен ұлы Асқар Астанада тұрады. Спорт жаттықтырушысы. Өзінің жеке «Теаквондо» спорт мектебі бар. Нұрдәулеті өнерге жақын. Республикалық ақындар айтысының жүлдегері. Қазір кәсіпкерлікпен айналысады. Қалған қыздары мен ұлдары да кәсіп иелері.
Шығармашылық иесі Жеткербай Махамбетов ағамыз жоғарыда айтқанымыздай аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің белсенді тілшісі. Қарттығына қарамастан түрлі тақырыпта жазған мақалалары газетімізде жиі жарияланады. Ардагер ұстаздың 2022 жылы «Соңғыға сөзім ұнаса» атты өлеңдері мен аңыз әңгімелері жинағы баспадан жарық көрді. Оқырмандары жылы қабылдады. Келесі жинаққа дайындаған өлеңдері мен шығармаларының бір шоғыры шығармашылық қоржынын толтыра түсуде.
Иә, ардақты аға, әрі әріптес шығар­машылық өкілі, Қазақстан Журналис­тер Одағының мүшесі, ардагер ұстаз Жеткербай Махамбетов ағамызды ұжым атынан 80 жылдық белеске көтерілуімен құттықтап, деніне саулық, атбасына амандық, шығар­машылығына шабыт тілеймін.

Раушанбек СЕЙТЕНОВ
28 қаңтар 2025 ж. 194 0

Құрылыс қарқыны жоғары

29 қаңтар 2025 ж. 106

Тегін мұз айдыны ашылды

29 қаңтар 2025 ж. 271

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031