Қазір қай жақтан үй алған дұрыс?
massaget.kz Алматы немесе Астана? Дәл қазір қай жақтан үйлі болған дұрыс?
Алматы мен Астанадағы пәтер бағасы қанша?
Алдымен нарықтағы бағаға шолу жасап көрдік. Ұлттық статистика бюросының Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, Алматыға қарағанда жаңа пәтерлер Астанада қымбат.
Мәселен, 2024 жылғы қарашада Алматыдағы жаңа пәтердің 1 шаршы метрінің бағасы 582 036 теңге болса, Астанада 595 466 теңге болған.
Пәтерлерді қайта сату бойынша да жағдай осындай. Алматыда 1 шаршы метрі үшін 594 615 теңге, ал Астанада 632 176 теңге (қарашадағы жағдай бойынша).
Сарапшы не дейді?
Жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Қайрат Қожанов Алматы мен Астанадан үй алудың артықшылығы мен кемшіліктерін тізіп берді.
"Нақты қай жерден үй алу керек екенін білу үшін адам белгілі бір сұрақтарға жауап табуы қажет. Менің жеке пікірім, адам қайда жұмыс істейтініне немесе оқитынына байланысты болмақ. Менің мысалымда бүкіл туыс-туған, отбасым, достарым, әріптестерім Алматыда, өзім де Алматы қаласында оқығанмын. Болашағымды Алматымен байланыстырамын, сондықтан Алматыдан баспана алғанды жөн көремін. Дәл сол сияқты жағдайларды қарау керек", - дейді ол.
Сарапшының пікірінше, инвестиция жасау немесе болашақта сату үшін алатын болса, қазір Алматы мен Астана теңескен.
"Бұрын тек Алматы дейтін. Қазір Астанадан да үй алып қоюға болады. Бірақ тағы бір ескеретін жайт бар. Егер сіз оны жалдамалы пәтер ретінде бергіңіз немесе сатқыңыз келсе, сол мекенжайда жүруіңіз керек. Алматыда отырып Астанадағы мәмілені жасай алмайсыз, бұл қиындықтар туғызуы мүмкін. Жеке өзім инвестиция ретінде тек Алматыдан аламын. Өйткені Алматыны жақсы білемін, пәтерді көргісі келген адамға кез келген уақытта көрсетуге бара аламын. Ал басқа өңірден болып, балаларыңыз Астана мен Алматыда оқығысы келсе, екеуінің біреуінен инвестиция ретінде үй алып қойсаңыз болады", - деп түсіндірді ол.
Қайрат Қожанов бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс қашан да жоғары екенін, сондай-ақ аудандарды да мұқият зерттеу қажет екенін айтты.
"Тағы бір айтатын нәрсе: Алматыдағы үйлер Астанадағы үйлерге қарағанда қымбат. Өйткені оның географиялық аумағына, қаланың Орталық Азиядағы хаб болуына байланысты. Бір жағында Қырғызстан, бір жағында Өзбекстан, бір жағында Қытай тиіп тұр. Астананы бүкіл оңтүстік-батысқа Алматы байланыстырады. Сондықтан бүкіл базар Алматыда орналасқан, тауар айналымы Алматы арқылы өтеді. Бұл да қалаға деген сұранысты арттырады. Бұл екі қала Нидерланд мемлекетіндегі Амстердам мен Гаагаға ұқсайды. Гаага - үкіметтік, мемлекеттік мекемелер орналасқан қала, ал Амстердам - Алматы секілді ірі мегаполис", - дейді сарапшы.
Фото: Ұлттық статистика бюросы Massaget.kz-ке ұсынған статистика