Өлмейтұғын соңында ізі қалған
Ақын Мұхтар Шахановтың «Арман» аталатын өлеңі бүгінгі қазақтың бәріне таныс. Сол поэмада дүниауи байлық пен рухани байлықтың ара жігі әдемі мысалмен өрнектеледі. Мыңғырған мал, қап-қап алтын, күміс жиған азаматтың атын аз уақытта ұрпақтары да ұмыт қалдырады. Ал санасын ілім нұрымен нұрландырған бала Әбу әлемнің екінші ұстазы атанған мәшһүр адамға айналады. «Адам өмірі мысал өлең сияқты, ұзақтығымен емес, мағыналылығымен өлшенеді» дейтін шығыс тәмсілі де осыны ойға оралтады. Жетпіс бес жыл ғұмырында ұлттық құндылықтар мен мәдени өмір айнасының кеншісіне айналған ақын, жазушы Сейіл Боранбаев та дәл осындай тұғырлы тұлға.
«Сағындықтан» – «Социалистік жолға» дейін
Сейіл Боранбайұлы 1930 жылы Қазалы ауданы, Аранды ауылдық округіне қарасты Сағындық ауылында дүние есігін ашыпты. Бұл ауылдың қазір орны да жоқ. Туған жер мен перзенттің бір-бірімен берік байланысы болатын беймәлім түсінік бар. Мұнда да сондай. Бүгінде сағым болған Сағындықтың жер бетінде болғаны туралы құнды құжат, жарымды жазба болмауы мүмкін. Ал даңқты перзенті өзін құндақтаған топырақтың атын төл есіміндей етіп тарихқа таспалады.
Ақынның өскен ортасы туралы жиені, ҚР Журналистер одағының мүшесі Алмагүл Қаржаубаева өз естелігінде былай жазады.
«Сейіл Боранбайұлы – менің туған нағашым, аяулы анам Сәлия Боранбайқызының ізінен ерген бауыры еді», – деп басталады жазба.
Ел жұртына сыйлы Боранбайдың төрт перзенті болды. Үлкен ұлы Бұқарбай – Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан айтулы азамат. Қыздары Балия мен Сәлия екеуі тете өседі. Бұл үйдің кенжесі Сейіл.
Бала Сейіл әкенің тәрбиесін көп көре алмайды. Төрт жастан асқан шағында әкесі қайтыс болады. Оларды Ұлбике, Ұшыға атты қос анасы тәрбиелейді.
Аналары дүниеден қайтқан 14-15 жасынан бастап балалар үлкен ағасы Бұқарбайдың қамқорлығына көшеді.
Автор болашақ ақынның өнер-білімге құштарлығы мектептен басталғанын айтады
«Сонау отыз жетінші жылдардағы ел басына түскен нәубет пен Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау күндерін балалық жүрегімен терең сезініп өскен Сейіл ағам мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сөз өнерін, әдебиет пен тарихты жақын тұтқан. Көкірек көзі ашық Бұқарбай көкем Сейіл ағама сол кездегі батырлар жырлары мен хиссаларды көптеп әкеліп береді. Оның зеректігі сонша, ұзақ-ұзақ батырлар жырларын лезде жаттап алып, кешкілік отбасындағыларға айтады екен», – деген жолдар бар.
Мектеп бітірген соң, бала күнінен қалаған мұғалімдік мамандықты меңгеруді мұрат тұтады. Қызылорда педагогикалық институтының тарих философиясы факультетін бітірген 1953 жылы, сол кездегі тәртіп бойынша жолдамамен, Қостанай облысының Жангелді ауданына жұмысқа жіберіледі. Еңбек жолы Қазақстанның Солтүстігінде басталған жас маман 1955 жылы туған жері Қазалыға оралып, қызметін жалғастырады.
Жастайынан шығармашылыққа жақын болған Сейіл Боранбаев бірнеше басылымға шығармалары жарық көріп, елге таныла бастайды. 1957 жылы ауданық «Социалистік жол» газетінде жұмысқа шақырылады. Редакциядағы қызметі бөлім меңгерушілігінен басталады. Бұған дейін де журналистиканың бірнеше жанрына қалам сермеп, қалыптасып қалған болса да, әр материалына ыждаһаттылықпен қарап, шеберлігін шыңдай түседі. Аз уақытта жауапты хатшы жауапты қызметіне жоғарылайды. Ал Сейіл Боранбаевтың редактор болған кезеңі аудандық басылымның беделін одан әрі биіктетіп, абыройын асқатата түседі. 1962 жылдан 1990 жылға дейін Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы болады.
Бұл кез туралы С.Боранбаевтың әріптесі, шәкірті, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Раушанбек Сейтенов былай деп еске алады.
Алғашқы редакторы болған азаматқа деген құрметі бөлек жан «Тұлға» деген тұтас ұғымға тән қасиеттердің барлығы Сейіл Боранбаевтың бойында бар болғанымен бөліседі. Ешкімге қиянат жасағанын көрмегенін айтады.
Жас тілші аудандағы газетке жұмысқа орналасқанда, Сейіл Боранбаев – редактор, Киізбай Ізетов – орынбасар, Жұмабай Жақыпов – жауапты хатшы, Молдабай Қаржаубаев, Әбен Жұмашев – бөлім меңгерушілері, Кемалбек Сағымбаев – фототілші болады. Бұл толқынға Едіге Кішкенеев, Насифулла Аяғанов, Қасқырбек Мәмбетжандар қосылады.
Жоғарыда аты аталған азаматтар кейіннен қазақ көсемсөз өнерінің көсегесін көгерткен мақтаулы мамандарға айналады. Бұл, шын мәнінде, Боранбаев мектебінің тәрбиесінің ықпалы деуге болады
«Ол кезде талап өті күші. Қазіргідей еркін көсілу жоқ. Идеологиялық басты құраға қадағалау қатты. «Партия тұрмысы», «Кәсіподақ ұйымы», «Совет құрылысы» сынды тұрақты айдарлар бөлініс бойынша сұралады.
Ұқыптылық, жауапкершілік, тәртіп басты ұстаным болып орнаған. Мықты педагог. Қарамағына жаңадан келген мамандарға жұмыс барысын үйретеді, түзейді, күзейді.
«Бір күні іссапармен Майдакөл ауылына бардым. Мақсатым – егіндік жұмыстары жайын бақылап қайту. Мәлімет рас болып шықты. Неше күннен бері тұралап тұрған техника, егін науқанындағы қиындық туралы сын мақаланы нақты айғақ-дәлелдермен дайындап келдім. Басты мақаланың бірі ретінде алғашқы бетке орналасып жатқан процесс уақытта тоқталды. Ол тұста Партия комитеті, Аудандық атқару комитеті, кәсіподақ, комсомол озаттарға ауданның «Қызыл Туын» береді. Дәл сол жолы ту осы совхозға берілгені туралы хабар келді. Сол жолы редактордың алғаш рет телефонмен қатты дауыстағанын естідім. Байланыс жарты сағатқа созылды. Әңгіме қалай басталғанын білмеймін, бірақ Сәкеңнің: «Керек болса, сол жерге көшпелі редакцияны жіберемін», – деп жатқанын естідім.
Газет ықпалымен аудандағы басшылық беріп отырған ұйғарым бұзылып, «Қызыл Ту» басқа бригадаға берілді. Не деген табандылық деп еске аламын сол сәтті», – дейді әңгімесінде.
С.Боранбаев, кейіннен «Ленин жолы» газетінде редактор, 1982-1990 жылдары облыстық «Ленин жолы» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары, облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитеттің төрағасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы болып қызмет атқарады .
1959 жылдан Қазақстан Журналистер одағының, 1986 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Боранбайұлының тұңғыш жинағы 1966 жылы жарық көреді. «Ұстаз» атты бұл кітапта басылған жырлар әлі күнге дейін Қазақстан Республикасы педагогтарының әдістемелік құралдарына пайдаланылып келеді.
Мұнан кейін «Табиғатқа тіл бітсе», «Қалытқы», «Мырза маусым», «Қайырлы таң», «Төрт түліктің төлдері», «Халқым қалай күн көрер?» атты жыр кітаптары шықты. Бірқатар өлеңдері қарақалпақ тіліндегі «Дала туысқандығы», латын тіліндегі «Дала қызғалдақтары» кітаптарына басылды.
Кішкентай оқырмандарға арналған өлеңдер топтамасы 1977 жылы «Жалын» баспасынан басылып шыққан «Қазақ балалар поэзиясының антологиясына», 1978 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Балалар әдебиетінің хрестоматиясына» енді.
«Сейіл ағамның бойында туған жерге деген сүйіспеншілік ерекше еді. Өз шаруасынан бұрын елден келген әрбір ағайынның жұмысының бітуін назарында ұстайтын. Екі-үш адамның басы қосыла қалса Аранды қырды, атамекенін жыр ғып айтып отыратын. Туған жер туралы әңгіме қозғалғанда жүзі нұрланып, ерекше қуаттанып кететін», – дейді Алмагүл Шәріқызы.
Бәрімізге таныс
«Жан-жағына елеңдеп,
Үзіп-үзіп ішеді.
Тұнық уға тереңдеп,
Жүзіп, жүзіп ішеді.
Себебі не сондағы?
Тым талғампаз болағаны», – деп басталатын «Жануарлар суды қалай ішеді?» қаншама ұрпақты тәрбиеледі.
Аффоризмге айналып кеткен
«Ежелден-ақ елміз ірі, іргелі,
Шежіреміз, тарихымыз ілгері,
Менің тілім Қаз дауысты Қазыбек,
Төле би мен Әйтекенің тілдері»
немесе
«Тегін білмей – жетесіздік,
жат маған,
Тілім – арым,
Ал арымнан аттаман.
Дүние есігін сол тіліммен
ашқанмын,
Келмеске де сол тіліммен аттанам», – деген жолдарды Сейіл ақын шығарғанын көп адам біле бермейді.
«Жүрегім» аталатын өлеңінде «Жүрек» культіне өмірдегі адамға тән құбылыстың бәрін сыйдырады. «Болса адам түсінікті» атты шығармасы кісілік, адалдық, туралық, даналық қасиеттері туралы ойға жетелетіп, оларды күйреттетін жаман қасиеттерді де саралайды.
«Сүтпен келген қасиет» жыры бала тәрбиесіндегі төл тіннің тамырына бойлатады. «Мәңгүрт болып қаламыз ба» шығармасында тілге деген жанашырлығын танытса, «Мырза деу жараса ма?» өлеңінде қаңсықты таңсық санап, жаңашылдық деп жұтаған жұртқа жол нұсқайды. «Адал бол!», «Ортан қолдар озбасын» өлеңдері намысты қайрап, әзәзілдіктен сақтануда ақыл мен парасат безбенін тең ұстауды ұсынады.
Бір өлеңі – бір әлем атанған ақын өмірден өткеніне қанша уақыт өтсе де, жырына сусаған, кітабын іздеп оқитын оқырманы көп Боранбаев шығармалары қадірі кеңімесе, кеміген жоқ. Хакім Абайдың «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегені осындайда ойға оралады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА