"Сиқырлы қала және улы тұзақ"
Баяғыда бір әсем қала болған екен. Бұл қаланың тұрғындары денсаулығын бағалап, әр күнін қуанышпен өткізетін. Олар таудың таза ауасын жұтып, мөлдір өзеннен су ішіп, табиғаттың берген байлығын пайдаланып, бақытты өмір сүретін.
Бірақ бір күні қалаға қара бұлттай тұман келді. Бұл тұманмен бірге бір сиқыршы келді. Оның аты "Есірткі" болатын. Ол өзін өте мейірімді әрі жомарт адам ретінде таныстырды. Қала тұрғындарына әдемі түсті дәрілер мен ұнтақтар таратып:
– Менің сыйлығымды қабыл алыңдар! Бұл заттар сендерді бақыттырақ етеді, уайымдарыңды ұмыттырады, – деді.
Алғашында тұрғындар бұл ұсынысты қабылдамай, сиқыршыдан сақтанды. Бірақ күндер өте кейбіреулері қызығушылық танытып, сиқыршының берген заттарын қолданып көрді. Олар алғашқыда өздерін жеңіл сезініп, бақытқа бөленгендей болды. Бірақ уақыт өте келе әлсірей бастады, денсаулығы нашарлап, жүздері солып кетті.
Сиқыршы болса, бұл жағдайға мүлде бейжай қарады. Ол тек өз пайдасын ойлап:
– Егер бұл дәрілерді көп алсаңдар, қайтадан күшті боласыңдар, – деп алдап отырды.
Қалада бір дана қария тұратын. Оның аты Ақылбек еді. Ол тұрғындарға жиналып:
– Сиқыршының тұзағына түсіп қалмаңдар! Оның сыйы – улы. Егер одан құтылғыларың келсе, сендерге күш, бірлік және өздеріңе деген сенім қажет, – деді.
Қарияның сөзін тыңдаған тұрғындар бірігіп, сиқыршыны қуып шығуды шешті. Олар таза табиғатты қайта қалпына келтіріп, есірткіден зардап шеккендерді емдеді. Сол күннен бастап қалада ешқашан есірткіге жол берілмеді.
Інжу Шаттық,
Б.Әбдіразақов атындағы №88 орта мектебінің
8 «Б»сынып оқушысы