Қасиетті көл қараусыз жатыр
Қазалы ауданында туризм саласын дамытуға мүмкіндік мол. Себебі мұнда шетелдік және өзге өңір туристерін қызықтырар қасиетті жерлер жетерлік. Содан да болар «киелі, қазыналы» деген тіркестер біздің ауданға тән айтылады.
Осындай қасиетті өлкенің табиғат берген сыйы – Қ.Пірімов ауылында бар. Оны жергілікті халық «Қараболат әулие» жері деп атайды. Жергілікті халық аталған жерде қара тұз кені мол екендігін растауда. Жер астынан табиғи жолмен пайда болған тұзды кен – Қ.Пірімов ауылынан шығысқа қарай 25-30 шақырым қашықтықта орналасқан. Тұзды көлдің ені – 50-60 метр, ұзындығы 700-800 метрді құрап жатыр. Балшық пен су аралас табиғи қара тұзға халық шілденің 10-нан тамыздың 10-на дейін түсетін көрінеді.
Қазақта «дәм-тұзың таусылмасын» деген сөз бар. Қара тұз – табиғаттың өзі жасаған таңғажайып минерал. Темірмен байытылған бұл тұз денсаулыққа байланысты көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі. Қара тұз өзінің ерекше иісі мен дәміне қарамастан медицинада да, тамақ дайындауда да кеңінен қолданылады. Ұзақ уақыт бойы бұл дәмдеуіш әлем елдерінің тағамдарын бағындырды.
Қазір ол үнді тағамдарының ажырамас бөлігі болса, Нью-Йорктегі ең жақсы мейрамханаларда дәмі ерекше астармен бірге жүреді.
Мамандардың зертеуінше, тұз – адам денесінің зат алмасуы үшін қажетті зат. Оны қалыптан тыс көп тұтыну – зиян. Дәрігерлер тұзды қалыптан тыс тұтынудың жоғары қан қысымына, жүрек ауруына және бүйрек қабынуы сияқты ауруларға әкелетінін ескертеді.
Байырдан ғұн, түркі бабаларымыз тұзды тастамай өзімен бірге ала жүрген. Тұздың құдыретін ықылым заманнан ата-бабаларымыз білген.
Қазіргі заманда оның құрамын анықтап, ағзаға әсерін анықтаған ғалымдар бабалымыздың шексіз даналығына бас иеді. Тұз – натрий хлориді, NaCІ. Түссіз кристалды зат. Суда, сұйық аммиакта, спирттерде, этиленгликолда, құмырсқа қышқылында ериді. Ал тұз қышқылында ерімейді. Табиғатта галит минералы (тас тұзы) түрінде мұхиттар мен теңіз, сондай-ақ көл және жерасты суларының құрамында кездеседі.
Қазалы ауданындағы қараусыз жатқан қара тұз кені бүгінде жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда. Маусым сайын мұнда келушілер саны артып, ол жердің суына шомылғандар дертіне дауа тауып жатқандығы жайлы жергілікті тұрғындар ерекше таңданыспен айтып жүр. Ол көне Құмжиек пен Өтебастың ортасындағы маңайда болғандықтан жеңіл көлікпен бір сағатта жетуге болады. Тұзды көлдің ені – 50-60 метр, ұзындығы 700-800 метр көлемді алып жатыр. Балшық пен су аралас табиғи қаратұзға халық шілденің 10-нан тамыздың 10-на дейін түседі.
Қашақбай Пірімов ауылының байырғы тұрғыны Қонысбай Рамазанның айтуынша, бала кезінде ата-анасы сол маңайды паналап, мал баққан. Ел арасында Қараболаттан соғыстың кезінде үкімет тұз алған деген дерек бар. Жеке адамдар пойызға апарып сатқан деген де алып-қашпа сөздер кездеседі. Бертін келе «РЗА» АҚ ұжымы да осы жерден тұз алған екен. Табиғаттың шеберлігіне таң қаласыз, жердің астынан өздігінен қаратұз шығады. Мұндай қасиетті кен орны жайлы естіген тұрғындар дертінен айығу мақсатында шілде-тамыз айларында барып ем жүргізеді.
Осы ауылдың тағы бір азаматы Есімбек Сағымбаевтың сөзінше, Қараболат деген кісі ашаршылық кезінде жертөле қазып отырған. Қаратұзды сатып күн көрген. Алайда, құмды жер болған соң жертөле құлап, үсті көміліп қалған.
«Бір жылдары арнайылап барып емге пайдаланатын адамға бір бөшке тұз-суымен әкеліп берген болатынмын. Қаратұз кәдімгі сумен жуылмайды, ағып кетеді. Тек өзінің суымен адам бататындай ыдысқа салып, шомылады. Жел қатқанға, қышымаға, тері жараларына, буын ауруларына пайдасы мол. Екі қолымда экземам бар еді. Сол тұзға 1-2 минут ғана малдым. Содан бір қолым толық жазылды. Екіншісінде жара шамалап қалып қойды.
Сондай-ақ тұзды төрт түлікке берсе, дертінен айықтырады. Аусыл болмайды. Кезінде сол тұзбен малшылар соғым етін тұздайтын болған. Ем қуған адамдар әр жерден барады. Жертөленің орны бар, киізбен қоршап қойған. Ол жерде Қараболаттың кемпірі мен келіні тұрған көрінеді.
Халықтың айтуынша, кемпір қайтыс болады. Дала салқын, тоң кезі болуы керек. Келіні енесін жертөлеге қойған. Кейін жертөле құлап қалған. Оны білетін адам келіп, сыртын қоршаған. Бұны ешкім зерттемеген. Басында бейіт жоқ. Қараболат әулие деген ауызекі әңгіме ғана бар», – дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы Шығыс халықтарында әлі күнге дейін тұзды пайдалану, тұзды тамақ және шай ішу дәстүрі сақталып келеді. Мәселен, Қытайдағы және Монғолиядағы қандастарымыз шәйді тұзбен ішуді әлі сақтап келе жатыр.
Ал қазақ халқы тұзды қатыққа қосып, құрт жасаған. Кепкен құртты қоржынға салып, алыс сапарларға бірге алып жүрген. Тұзды құрт – адамның шөлін басып, алыс сапарларда қарнын ашырмаған. Тіпті жолаушының әлсіреп қалмауына септігін тигізген.
Ғалымдардың мәліметінше, тұздың басты құрамы натрийдің белгілі мөлшерін ағзада бүйрек сақтайды. Адам денесіндегі натрий көрсеткіші төмендесе, бүйрек өз қызметін тездетіп, натрийді қанға өткізеді. Оның мөлшері шамадан асып кетсе, бүйрек оны сыртқа шығаруға дәрмені жетпейді. Сол себепті натрий қанда ұзақ тұрып қалады. Нәтижесінде ағза, оны сумен сұйылтуға тырысады. Бұл үрдіс қан қысымының көтерілуінің негізгі себепшісі болады және жүректің соғу реті жиілей түседі-мыс.
Құмжиектіктердің сөзіне құлақ түрсек, бұл тұзға арнайылап келіп екі-үш күн басында ем алған қолайлы. Жағдайыңа қарай жағып жатса, тіпті төрт күн түнесе де болады. Оның балшығы да дертке дауа дегенді алға тартады жергілікті тұрғындар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА