Нақты жоспар – оң нәтиже кепілі
Өткен жыл аудан үшін табысты болды. Түрлі жобалар жүзеге асып, бірнеше нысан бой көтерді. Ауқымды шаруалар атқарылып, жауапты сала мамандарына талап күшейді. Қоршаған ортаның тазалығы алдыңғы қатарға шықты. Шалғай елді мекендер көгілдір отынға қосылып, тұрғындар жаңа пәтерге жайғасты. Ал жаңа жыл басы жағымды жаңалықтармен басталып, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қазалылықтармен кездесуге қайта келді.
Кеше облыс әкімінің қатысуымен аудандық прокуратура ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров және зиялы қауым өкілдері мен кент тұрғындары қатысты.
– Бүгін Әйтеке би кентіндегі аудандық прокуратура ғимаратының ашылуына куә болудамыз. Бұған дейін прокуратура қызметкерлері аудан орталығынан ғимарат жалға алып, пайдаланып келді. Енді, міне, сәулетті, заман талабына сай, жаңа ғимаратқа ие болды. Прокуратура қызметкерлері еліміздегі конституциялық тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, азаматтардың құқықтарын қорғау мен заңсыздықтарды жою жолында бар күш-жігерін жұмсап, қызметтерін адал атқара береді деп сенемін. Баршаңызды аудандық прокуратура ғимаратының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Әділетті Қазақстан құру жолындағы ізгі мақсат-мұратымызға адал еңбекпен, бекем бірлікпен, тату тірлікпен, толайым жетістікпен жете берейік! Жаңа жыл әр шаңыраққа бақ-береке әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, – деді облыс әкімі.
Одан соң ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды. Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров рәсімге келушілерді құттықтап, облыстың Құрметті азаматы Самұрат Имандосов ақ батасын берді.
Аймақ басшысының жұмыс сапары Жедел басқару орталығында жалғасты. Онда ол орталықтың жұмысымен танысты. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалалық және аудандық полиция бөліністеріндегі кіші жедел басқару орталықтарын қаржыландыру жүктелген еді. Облыс әкімдігі өңірдің 7 аудандық полиция бөліміндегі Жедел басқару орталығын құруға қаржы бөлген. Бұл қаржыға ақпараттарды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыратын, қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын 77 бейнекамера, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 7 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы сатып алынған. Сонымен қатар «ЖБО 2.0» бағдарламасы қамтамасыз етілген. Аудандағы орталықта бейнекамералар пилоттық режимде жұмысын бастады. Мердігер мекеме стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылар мен «ЖБО 2.0» бағдарламасын іске қосу үшін тексеру жүргізуде. Ал орталықтың мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Аймақ басшысы да тексеруді толыққанды жүргізуді тапсырды.
Айта кеткен жөн, аудан экономикасында оң өзгерістер байқалып, барлық салада тұрақты өсім қалыптасты. Ауқымды істер мен жарқын жобалар жүзеге асты. Былтырғы жылдың басында аудан бюджеті 10 миллиард 800 миллион теңге болса, жыл қорытындысымен 18 миллиард 946 миллион теңгеге жетіп, 70 процентке өсті. Ал бұл қаражат тұрғындардың өзекті деген мәселелерін шешуге бағытталуда. Сонымен қатар қазан айында Әйтеке бидің 380 жылдығы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Осы уақытта 148 отбасыға жаңа баспана кілті табысталып, «Әмір Арена» спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Абай ауылы «көгілдір отынға» қосылып, тұрғындар қуанышқа бөленді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені және «Майдакөл» ауылында 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Кәукей» ауылындағы 100 орындық клуб өткен аптада іске қосылды. Өткен жылы ауыл арасындағы, елді мекенішілік жолдардың жағдайын жақсару бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Бүгінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 88,2 процентке жетті. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Жайлы мектеп ақпан айында, «Руханият» орталығы сәуір айында пайдалануға берілмек.
Айнұр ӘЛИ