Қазалыда жаңа жылдық шырша шамы жағылды
Бүгін аудан орталығы - Әйтеке би кентінің орталық алаңында орнатылған жаңа жылдық бас шыршаның шамдары жағылды.
Бас шыршаның шамын жағу салтанатында жаңа жыл кейіпкерлері аяз ата мен ақшақар түрлі кейіпкерлермен бірге ескі ұлу жылымен қоштасып, жаңа жылан жылын қарсы алды. Осындай ерекше қойылыммен басталған шарада аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз сөйлеп, аудан жұртшылығын жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Жаңа жыл бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін, қуанышқа толы, ең жайдары, келер күнге мол сенім артатын ерекше мереке. Қазақта «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деген қанатты сөз бар. Біз де Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, берекелі іс пен баянды бақыт күтеміз.
Биылғы жыл еліміз үшін оның ішінде киелі Сыр өңірі мен қасиетті Қазалы ауданы үшін бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды деп айтуға болады.
Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалаптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ ауданымызда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты. Өткен жылы аудан бюджеті 13,6 млрд. теңгені құраса, биылғы жылдың 11 айының қорытындысымен 18,6 млрд. теңгеге жетіп, аудан бюджеті 38,8 пайызға өсті. Қаражаттың басым бөлігі халықтың игілігіне, әсіресе, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалды. Келер жылы да ауданда атқарылатын ауқымды жобаларымыз көп. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жылан жылы өзінің толағай табысы мен ырзық несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін!,- деді аудан басшысы.
Аудан басшысының құттықтау сөзінен соң шырша шамдары жағылды. Биылғы шырша шырағын жағу құрметі жас спортшы, грэпплингтен ҚР чемпионы Бексұлтан Ерланұлы мен Мұстафа Матаев атындағы №170 мектептің үздік оқушысы Әмина Жасұланқызына бұйырды.
Шараны тамашалауға аудан тұрғындары мен қонақтары орталық алаңға көптеп жиналды. Ойыншықтар және түрлі-түсті шамдармен безендірілген шыршаны аудан жұрты тамашалап, балақайлар айнала би биледі.
Мұнан соң меркелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі