Жүйелі жұмыс – жемісті нәтиже
Биыл мәдени мұрасы мен теңіздей терең тарихы бар Қазалы ауданы үшін жемісті жыл болды. Көптеген ауқымды жобалар жүзеге асты, тұралап қалған жол да жанданып, өз мәресіне жетті. Кеше Р.Бағланова мәдениет үйінде қорытынды шара өткізді.
Мерекелік іс-шарада ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Қызылорда облысы, Қазалы ауданының «Құрмет» грамоталары, құрылыс, теміржол саласындағы еңбек ерлеріне төсбелгі тағылып, жыл үздіктері де анықталды. Ұрпағының ертеңін жарқын ететін, тыныштық пен тұрақтылыққа, күнделікті адал еңбекпен елге, туған жерге деген жанашырлық пен әр салада қалтқысыз қызмет етіп жүрген аудан азаматтары мен азаматшаларының еңбектері бағаланды.
Аталған кеште аудан басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы
– Баршаңызды санаулы сәттерден кейін төрімізге енгелі тұрған Жаңа 2025 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – халықтың зор қуанышпен асыға күтетін мерейлі мерекесі, үкілі үмітпен, игі тілекпен қарсы алып, толайым табыстармен шығарып салар сәті. Осы күнде әрбір адам өзіне есеп беріп, алдағы жұмыстарын жоспарлайды. Біз де әдеттегідей, жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралап, келер жылға мақсат-міндеттерімізді айқындаймыз.
Шын мәнінде, ұлу жылы еліміз үшін де, өңіріміз үшін де бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың, жасампаздық пен жарқын істердің жемісті жылы болды.
Өтіп бара жатқан 2024 жыл Сыр өңірімен қатар қасиетті Қазалы ауданы үшін бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен толайым табыстың кезеңі болды деп айтуға болады. Аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Сондай-ақ ауданымызда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асты, – деп аудан әкімі жыл ішінде ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Алыс ауылдар шет қалмауда
Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда. Ауыз сумен қамту бойынша биыл аудандық Ажар, Жұбан елді мекендеріне бюджеттен 31,4 миллион теңгеге су тұщытқыш қондырғылары орнатылды. Сонымен қатар алдағы жылға Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын бастауға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 492,5 миллион теңге қаржы бөлінді. 2025 жылы таза ауыз су 100 пайызға қамтамасыз етілетін болады.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 2024 жылы құны 479,4 млн. теңгеге 3 жоба жүзеге асырылуда.
Келер жылы Қазалы қаласы мен Қожабақы ауылының электр желілері қайта жаңғыртылып, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығында қосалқы стансасының құрылысы басталатын болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы электр желілерінің тозу деңгейі 62,5 пайыздан 58 пайызға төмендету жоспарлануда.
Елді мекендерді газдандыру жобаларына 2024 жылы 2 млрд. 190,3 миллион теңге қаржы бөлініп, 3 жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар «көгілдір отынға» қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газга бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз.
Медицина саласындағы
мардымды іс
Ұлт саулығын нығайтып, ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Қазалы ауданында өткен жылы халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында да біршама жұмыстар атқарылып, келер жылға бірнеше жобалар қолға алынуда.
2024 жылы аудандық аурухана ғимаратына жапсарлас 42 төсектік қосымша құрылыстың (МРТ бөлімі, кардиология және инсульт орталығы) жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Аудандық ауруханаға 42 төсектік қосымша құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталатын болады. Жоба құны 1 миллиард 922 миллион теңге.
Мұнан бөлек аудандағы бірқатар денсаулық сақтау мекемелеріне 25 жедел-жәрдем автокөлігі табысталды.
Спорттағы серпін
Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің ерекше қолдауымен ауданымызда спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жолға қойылды.
Өздеріңізге белгілі, қазан айында аудан орталығында «Әмір Арена» спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілсе, 2024 жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек аудан орталығы мен елді мекендерде де демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынуда.
Аудан спортын дамыту аясындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында спортшыларымыз Әлем чемпионаттарында 1 алтын, 4 күміс, 7 қола, Азия чемпионатында 3 алтын, 2 күміс жеңіп алса, Халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда 28 алтын, 42 күміс, 61 қола медальды қоржынға салды.
Биыл Париж қаласында өткен жазғы ХХХІІІ (33-нші) Олимпиада ойындарында қазалылық Жұбаназар Абылайхан дзюдо күресінен бақ сынады.
Сондай-ақ жуық арада ғана Тайландта бокстан әйелдер арасында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Гүлсая Ержан чемпион атанып, көк туымызды көкке желбіретсе, бірер күн бұрын Катар астанасы Доха қаласында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз Тәңірбергенова Алтынай 64 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдегер атанды.
Серік АҚМЫРЗА