Жұмылған жұмыс жемісін береді
Биылғы жылдың нәтижесі бойынша аудан экономикасының барлық саласында өсім қалаптасқан. Құрылысы – қарқынды, алқабы – ырысты, әлеуеті – тұрақты. Бұл жайында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен аудандық мәслихаттың кезекті ХХХІІ сессиясында айтылды.
Жиынды аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш ашып, жүргізіп отырды. Оған аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты. Сессия барысында аудан басшысы сөз сөйлеп, жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында 11 айда оң тенденция сақталғанын жеткізді. Осы уақыт аралығында өнеркәсіп өндірісі – 100,2, өңдеу өнеркәсібі – 100, ауыл шаруашылығы – 107, тұрғын үй – 115, сауда – 105,2, құрылыс жұмыстарының көлемі – 123,9 пайызға артып, аудан экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалаптасқан.
– Негізгі капиталға 23 миллиард 57 миллион теңге инвестиция тартылып, өсім 113,3 пайызды құрады. Ал ауыл шаруашылығы дихандары биыл 17 мың 29 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, егін мерзімінде толық жиналды. Биыл негізгі дақыл күріш 6 мың 200 гектарға егіліп, әр гектардан 40,4 центнерден өнім алынып, 25 мың 47 тонна күріш жиналды. Одан бөлек, аудан орталығында 148 отбасыға жаңа баспана кілті табысталса, Кәукей ауылындағы 100 орындық клуб ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілуде. Сонымен қатар аудан орталығында «Руханият» орталығы, аудандық прокуратура, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағы мен Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарынан спорт кешендерінің, Майдакөл ауылынан 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр энергиясымен қамту мен инфрақұрылым жүргізу, тұрғындардың денсаулық сапасын жақсарту бағытында да біршама жұмыстар атқарылды. Мұнымен қоса аудан орталығы – Әйтеке би кентінде абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз, – деді аудан басшысы.
Сессияда 2025 жылға арналған аудандық бюджет жобасымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бақытжан Жарылқап таныстырды. Сессияның күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш мәслихаттың жыл көлемінде атқарған жұмыстары туралы есебін беріп, мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Аудандық мәслихаттың депутаты Әділбек Сарабеков «Экономика, қаржы, бюджет, кәсіпкерлік және құрылыс» жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі, аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков «Қазалы ауданы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысы, кәсіпкерлерге көмек көрсету, қолдау шаралары және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы» хабарлама жасады.
Жиында аудандық мәслихат депуттаттары ауданда 11 айда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Басқосу соңында аудан әкімі ел ішіндегі жасалып жатқан нәтижелі жұмыстар бірлесе атқарған жұмыстардың жемісі екенін айтып, алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.
Айнұр ӘЛИ