Кент көркін келтіргендер

Басты бағыты кент аумағын жасыл желекпен көмкеру болып саналатын «Қазалы абаттындыру» мекемесі жыл басында, қаңтар айының 16-сы құрылған. Содан бері аталған мекеме Қазалының тазалық шараларымен қатар көркейту-көгалдандыру жұмыстарына айрықша назар аударылған.

– Аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлының тапсырмасымен биыл жыл басында «Қазалы абаттандыру» мекемесі ашылды. Мекеменің құрылғанына аз болса да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарды деп айтуға болады. Жалпы коммуналдық мемлекеттік мекеменің міндетіне, қызметіне коммуналдық меншіктегі кенттің маңызы бар автомобиль жолдары мен ішкі көшелерін күтіп ұстау, кент көлеміндегі жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағдаршамдар, жол белгілері мен жол үсті таңбаларын күту де кіреді.
Бұдан бөлек, коммуналдық меншіктегі автотұрақтарды, оның ішінде айып автотұрақтар күтімі, коммуналдық меншіктегі суағарлар, гүлзарлар, субұрқақтар, көше жарықтандыру құралдарын және жаяу жүргіншілер жолдарының жұмысы. Коммуналдық меншіктегі саябақтарды күтіп ұстау мен кент теңгеріміндегі балалар ойын алаңдарын, кент теңгеріміндегі мүліктердің санитарлық-тазалығын қамтамасыз ету мен көше бойындағы бейнебақылау жүйелерін күту секілді тағы да басқа жұмыстар міндеттелген, – дейді мекеме директоры.

– Табиғатпен тіл табысып, кент аумағын гүлдендіріп, жайқалту – біздің міндет. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халық
даналығында. Бабалар өсиетін бағдар еткен аудан әкімінің бастамасымен ауданда ағаш түптерін отырғызу, жалпы сенбілік жұмысы қарқынды жүріп, бір жүйеге келді. Нәтижесінде қасиетті Қазалыны жаз бойы жасыл желекке малынып, жайқалып көз сүйсініп, көңіл қуанады. Туған жерді түрлендіріп, қоғамдық орынды таза ұстау – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, біздің мекеме үшін де маңызы зор, – дейді Олжас Ахметов.

Биыл кентті көркейту-көгалдандыруға жергілікті бюджеттен 48 миллион 279000 теңге бөлініп, орталық аймаққа гүлдер мен газондар отырғызылды. Арық жүйелері тазартылып, жасыл екпелер егіліп, суарылды. Бұдан бөлек, ескірген жаяужүргіншілер жолдары ретке келтіріп, сырлану жұмыстары да жүргізілген.
Аз ғана уақыт ішінде біршама, жүйелі де жемісті жұмыстар атқарған «Қазалы абаттандыру» мекемесіне бәрекелді деуден артығы жоқ. Кенттің көркін келтірген орынның ғұмырлы болуын тілей отырып, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледік.
Серік АҚМЫРЗА