Бар жақсылық – балаға
Елімізде бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту ісі қолға алынғалы мақсатты бастама өз игілігін көрсетіп келеді. Ел Президенті сала мамандарына жүктеп отырған басты мәселенің бірі де осы. Мемлекеттік тәрбие беру орындарымен бірге ел ертеңі үшін еңбек етіп келе жатқан жеке балабақшалар саны ауданда да жыл санап артып келеді.
Осы мақсатта нәтижелі жұмысымен көрініп келе жатқан тәрбие орнының бірі – «Гауһар-Тас-2» жеке балабақшасы.
Қазір әлеуметтік жағдай тұрақталған отбасылардың дені көпбалалылар. Ауданда да табиғи өсім артқан. Үйде отырған аналар да балдырғанының дамуы мен қатарластарына ілесуін қалайтын үрдіс қалыптасқан. Сондай-ақ Кеңестік кезеңде салынған, бүгінгі талаптарға лайықталмаған ғимараттар мен тоқырау кезінде жекешендіруге өтіп кеткен нысандар орнын бүгін жаңа құрылымдық балабақшалар толықтырып отыр.
2017 жылы бұл бөбектер жайы есік ашқанда ауданда мұндай орындарға тапшылық туындап тұрған. Нарықты жан-жақты зерттеп-зерделеген құрылтайшылар өздерінің мүмкіндіктерін осы салаға жұмылдырып, жұмыстарын бастап кетеді.
Ұжымға тәжірибелі мамандар мүмкіндігі пайланылып, оқу-тәрбие процесіндегі талаптарға ұжым жан-жақты машықтанады.
Қос қабатты екі топ, 50 балаға лайықталған орында 20-ға жуық қызметкер жұмыспен қамтылған. Керемет, тартымды үлгіде жабдықталған нысанда ойын музыкалық, жатын бөлмелері, іс-шаралар өткізуге лайықталған зал, асханалар, жуыну орындары бар.
Ауласында кішкентайлардың сүйікті муьткейіпкеркерлерінің сұлбасы қойылып, жазғы серуен орны, спорттық және өзге де ойын жабдықтарымен жабдықталған. Жайлы және жарық бөбектер мекеніне баласын беруге ықыластылар көп. Бүгінде бірнеше баласы осында тәрбиеленген ата-аналар да бар.
Бір үйден екі және одан көп балалар баратын болса, олардың біреуіне ғана тасымал ақысы төленетін жағдай қарастырылған.
Балабақша ауласынан бастап, ішкі сыртқы көріністері, барлық тұтынатын заттар, ойыншықтар мен көрнекіліктер кішкентайлардың денсаулықтарына кесірін тигізбеуі, жас ерекшелік, таным-түсінігіне лайықталуы қадағаланады. Жұмысқа қабылданғалы жатқан маман тәжірибелі болса да, мінез-құлқы, әлеуметтік жағдайы жан-жақты тексеріліп, балаларға жайлылығы мен сауаттылығы сұралады екен. Мұндағы 7 педагог мектепке дейінгі жоғарғы білімді, сарапшы әрі модератор санаттарына ие. Бұдан бөлек тәрбиеші көмекшісі, музыка маманы, психолог, медицина маманы мен өзге де жұмысшылар бар.
Олардың қатарында тәжірибелері көпке үлгі болып, жетістіктерімен танылып жүрген жан-жақты мамандар: меңгеруші Тұрсынай Ешмағанбет, әдіскер Әсем Әзиева, тәрбиелеушілер Гауһар Қолдасбаева, Алтынай Зәкірова, Әмина Жұмаева бар.
«Жекеменшік балабақша ісін жүргізуді отбасылық бизнес, кәсіпкерлік көзі деп қарамаймыз. Балаларға құйылған инвестиция әрі ел ертеңіне қосылған үлес деп санаймыз. Меншік құқығына қарамай, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі ережелерін басшылыққа ала отырып, қызмет көрсетеміз. Біздің ұстаным – бар жақсылық балаларға», – дейді «Гауһар-Тас-2» балабақшасы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Жазира Айтуған.
Баласының лайықты тәрбие алуы үшін алғашқыда мемлекеттік балабақша іздеген жанның бірі Гүлзат Айтупова. Оның үйіне жақын жерден ондай балабақша табылмайды. Оның үстіне балаларды апарып-әкелудің қиындығы барын басынан өткергендер біледі.
«Бастапқыда үйреніспесе, шығарып аламын деп ойлап едім. Қазір ол ойым толық өзгерді. Одан кейінгі балаларымды да сенімді түрде тапсырдым.
Қызым Айбибі Зинулла аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүріп, балабақша аттас оркестр құрамында шет елдерде өнер көрсетіп қайтты. Үнемі ізденісте жүретін тәрбиешілер ұйымдастырған шаралар бір-біріне ұқсамайды, – дейді көпбалалы ана. Балабақшада тәрбиеленген 4 баласының үлкені төртінші сыныпқа барса, екіншісі үшінші, кейінгісі биыл біріншіге барған. Барлығы осы мекемеден тәлім алған.
Биылғы жылдың өзінде тәрбиеленушілер Ресубликалық «Ғұмырдария» байқауында, Халықаралық «Жеті өнер» сынды байқауында бірнеше рет жеңіске жетіп, шеберліктерімен танылған. Бұдан бөлек салалық жарыстар мен сайыстарда алған жүлделер өз алдына тақырып болуға арқау.
2024 жылы балабақша әлеуметтік кәсіпкерлік тізіміне бірінші санатпен енгізілген. Ондағы қызметкерлерің 53 проценті әлеуметтік санатқа жатады екен.
Біз барған кезде ұлттық киімдегі балалар төл қолданбалы өнер – киізбен жұмыс істеу үсітінде. Тәрбиешілердің айтуынша, ұлттық үрдіске маңыз беру жолға қойылған. «Әжелер өнегесі», «Аталар мектебі», «Қазақтың дастарханы», «Асық – асыл ойын» жобалары мен дәстүрлі көріністен түсінік беретін мәдени шаралар тұрақты жүргізіледі.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА