Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыста қарқын бар

Құрылыста қарқын бар

Қай қоғамда да мемлекет дамуы әлеуметтік әлеуетін танытар көкпен таласқан көрікті ғимараттарымен көрініс табады. Тәуелсіздіктің төл таңбасына, толымды табысына айналған мұндай нысандар қатары ауданда да жыл санап артып келеді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болса да, жұмысын тежемеген еңбек сүйер ерлерінің арқасында Қазалы көркемдігін кеңітіп, абыройын асқақтатуда.
Әлем жұртына өз қиындығын тигізген пандемия салдарына қарамай, құрылыс саласы қарқынын тоқтатпай келеді. Сөзімізге үстіміздегі жылы 9 нысан құрылысының жүргізілуі дәлел. Олардың 3-уі өткен жылдан өтпелі болса, 6 нысан биыл басталған. Бұл жобаларды іске асыруға 1 371,1 млн теңге бөлінген. Бүгінгі күні 5 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Бұлардың қатарында көпшілік күткен жоба құны – 75,9 млн теңге тұратын Әйтеке би кентіндегі жалға берілетін 1 қабатты 4 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы бар.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешені құрылысына ұлттық қор есебінен 194,2 млн теңге бөлінген.
Облыстық құрылыс басқармасы тарапынан аудандық маңызы бар 4 жоба жүзеге асуда. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан нысандардың бірегейі – аудан орталығынан 600 орындық мәдениет үйі құрылысының жоба құны – 948,2 млн теңгені құрайды. Облыстық бюджеттен 2019 жылы 465,8 млн теңге, 2020 жылы 360,420 млн теңге, 2021 жылға 98,0 млн теңге қаржы бөлінген рухани ошақ ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек.
Әйтеке би кентінен 250 келушіге арналған емхана игілігін тұрғындар 2021 жылдың желтоқсан айында көреді деп күтілуде.
Кент орталығындағы 250 орындық мектеп құрылысының жоба құны 982,5 млн теңгеге баланған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде құрылысын бастауға ұлттық қор есебінен 471,7 млн теңге қаржы бөлінсе, қазіргі мемлекеттік сатып алу конкурсы жүруде.
Аталмыш төрттіктегі Әйтеке би кентінде №226 мектеп-гимназиясына қосымша спорт зал салу жобасы 125,3 млн теңгені құраған. Білім ордасының қосымша құрылысын қаржыландыруға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2021 жылға республикалық бюджеттен 128,0 млн теңге, облыстық бюджеттен 11,3 млн теңге бөлініп, игерілуде. Нысан жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады.
Бұл жағдай өңіріміздің әлеуметтік жағынан да, экономикалық тұрғысынан да дамуына айтарлықтай үлес қосары сөзсіз.
Аудандық құрылыс бөлімі мамандары: «Мәдениет үйі, емхана құрылысы мен гимназияға салынып жатқан қосымша спорт зал құрылысын жыл ішінде беру жоспарланса, 250 орындық мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі нысан болып ­табылады», – дейді.
Еңбегімен еленіп, еңселі үй, зәулім сарай салуда қолтаңбасын қалдыруға қажырлы күш-жігерін жұмылдырып жүрген құрылысшылар атаулы күндерін абыройлы көрсеткішпен қарсы алып отыр.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
07 тамыз 2021 ж. 517 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930