Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек еткеннің еңсесі биік

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Қазалы қаласына жақын тұста орналасқан Ақтан батыр ауылы бар. Мұндағы халық таңмен таласа тұрып, тірлігін шыр айналдыратын еңбекқор жандар қатарынан десек жаңылмаймыз. Қай қайсысы да қарап отырмай, шаруаны ұршықша иіріп, адалынан табыс табудың жолын жақсы меңгерген. Осындай мақтауға және жанындағыларға сыйлы ақтандықтар көпке үлгі болып жүр. Олардың пайымынша, қашанда әрекетке – берекет бар. Қол қусырып, қарап отыру пайда бермейді. Мүмкіндікті таба білу қажет. Ізденсең, талпынсаң, тер төксең алынбайтын қамал жоқ дейді. Тек ғана алға жетелеп, табысқа жетелейтін – төзімділік пен ынта дегенді тілге тиек етті ақтандық тұрғындар. Сол кейіпкерлер жайлы баяндап беруді жөн көрдік.

Мал баққанға бітеді...

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деушілерге қолдау көрсетіліп, түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы жан-жақты қызмет атқаруда. Оның игілігін Ақтан батыр ауылының тұрғыны Асылхан Бисенов көріп отыр. Ол осы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан құны 5,3 миллион теңге несие рәсімдеп, 14 бас жылқы сатып алды.
Еңбекқор кәсіпкер осыдан 8 жыл бұрын қыс айында «Табанкөл» шаруа қожалығын құрған болатын. Сол уақыттан бері сиыр мен жылқы басын ұлғайтуға ден қойған. Оларды күтіп-баптау мақсатында арнайы жер учаскесін жалға алып отыр. Көларық ауылдық округіне қарасты «Табанкөл» учаскесінен ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін көлемі 60 гектар жерді пайдалану құқығы бар.
Қазір шаруа қожалықтың есебіне 62 бас мүйізді ірі қара, 53 бас жылқы тіркелген. Жалпы Асылхан Сейілханұлы ата кәсіпті жаңғыртып, жайылымда ірі қара басын көбейтуді мақсат тұтқан. Ал малының еркек төлдерін бордақылап, сойып сатуға ниетті.
– Жаның қалаған кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін оның қыр-сырын меңгеру керек. Бастапқыда қиындықтар кезігер. Бастысы, жобаңызды тереңінен зерделеп, қаржыны мақсатты жұмсай білсеңіз, еңбегіңіз зая кетпесі анық. Бүгінде кез келген шаруа үшін «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының тиімділігі зор. Жеңілдетілген пайыз несиелерін алып, жұмыс істеп жатқандар баршылық. Мен де тәуекелге бел будым. Енді алға қойған ауқымды жоспар жетерлік, – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, еттің сапасы мен сіңімділігі малдың қоңдылығына байланысты. Сондықтан малды етке тапсырар алдында оны жайып, семіртеді немесе бордақылайды. Негізінен малды жайып ceмірту – еңбекті аз қажет eтетін және оңай iскe асырылатын іс. Күн сәулесі, таза ауа, көк шалғын малдың тез қоңдануына үлкен әсер етеді.
Сонымен қатар жайып семіртілген мал етінің сапасы, басқа бордақылау түрлеріне қарағанда әлдеқайда жоғары болады. Жақсы жайылымда еңбекті дұрыс ұйымдастырған жағдайда жылқы мен сиыр тәулігіне 700-800 грамм салмақ қосады.
Малды бордақылау азық қорына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Табиғи жайылымды пайдалану, мұнымен қатар құрама жеммен немесе шөппен үстеп қоректендіру, байлауда құрама жем пайдаланып семіртуге болады. Етке тапсырылатын малды табыннан бөліп, бөлек үстеп азықтандыру маңызды.
Жылқы – ерекше күтімді қажет ететін жануар. Ол кез келген шөпті жемейді. Жылқыны семірту үшін оған жоңышқа мен жем берген дұрыс. Кейбіреулер жүгеріні арнайы үгітіп береді. Сондай-ақ жүгеріні бұқтырып тұтынатындар да бар.
– Кез келген малды дұрыс күте алса, уақытында жем, суын берсе, аз уақытта қоңданып шыға келеді. Жылқы мен бұқаны қорада жем-суын беріп, жатқызбай ұстаған жөн. Тек түрегеліп тұру қажет. Бұқаға аралас жемнен бөлек, езілген күнбағыс берген жақсырақ. Ол жылқыға қарағанда жем талғамайды, бәрін жей береді. Бірақ оған шөпті аз салып, тек кешке күйіс қайтару үшін жоңышқа берген дұрыс. Мысалы, 1,5 жасар сиырды бір-екі ай жақсылап күтсең, 80-90 келі салмақ қосады. Суды жемнен бұрын немесе жем жегеннен кейін екі сағаттан соң беру міндетті. Мал жемнен кейін су ішсе, салмақ қоспайды, – дейді Асылхан Бисенов.
Етке тапсырылатын мал жайылымда семіртіліп, тек қана етке тапсырар алдында қысқа уақыт бордақыланылады. Ал жайылым жеткіліксіз болса, етке тапсырырылатын жарамсыздыққа шыққан сиыр және еркек малды қорада байлап баптайды. Азық қорына байланысты арнайы мал бордақылау шаруашылықтарының да мал өcipyдегі өз тәсілдері бар дейді ақтанбатырлық кәсіпкер.

Шаруаға мығым азамат

Төрт түлікті тіршілігінің тірегі етіп, көшпенді өмірге бейімделген халқымыз сүтін сусын, етін азық, терісі мен жүнін киім, өзін көлік еткен. Оның ішінде қыл құйрықты жылқыға айрықша көңіл бөліп, молынан өсірген. Санына ғана емес, сапасына да мән беріп, тұқымын жақсартып отырған. Ертеңін ойлап, болашағына көрегендікпен көз жіберген бұрынғылар: «Үш бие бұлақ, екі бие ел асы, бір бие жоқтың қасы» деген тоқтамға келген. Сондағысы бие өсірудің ерекше қажетті екенін ескергені.
Ақтан батыр ауылының тұрғыны Алпысбай Ойысбайұлы бұл қағиданы бұлжытпай орындап отыр. Қорада екі бие байлап, саумал сауып отыр. Өзімен қоса жақын-жуықтарын шипалы сусынмен қамтамасыз етіп келеді. Ол І-топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында болғанына қарамастан таң атысынан, кеш батысына дейін тынбай еңбек етеді. Ұлдары Оралхан мен Қыдыржанға да жылқыны баптау тәсілдерін үйреткен.
Оның айтуынша, ең алғашқы рет буын ауруынан 23 жасында соққы алып, құлаған. Қызылордада білікті дәрігерге көрініп, емделіп шыққан. Екі жылдан соң шаңырақ көтерген ол көп ұзамай тағы төсек тартады. Ұзақ ем алса да қол арбаға таңылады. Денсаулығын күйттеп, жылқы еті мен қымыз ішіп, пайдасын түсінгесін оны бағуға ықылас қояды. Соның арқасында осы күні қолына кетпен ұстап, аулаға бау-бақша егумен де айналысады. Үй іргесінде жүзім, шие, өрік ағаштары, тәтті бұрыш, сәбіз-жуа, аскөк, қызанақ пен қияр, тағы басқа да өнімдер көктеп тұр. Бұл күндері Алпысбай Рахмет Құдай қосқан жары Айгүлмен бірге екі қыз бен екі ұл тәрбиелеп отырған бақытты жан.
– Қазір жылқының еті, сүті, майы, терісі, жал-құйрығы, тезегі бәрі тұрмыстық қажеттілікке жаратылуда. Бұрынғылар бие сүтін ашыту арқылы нәрлі тағам, қасиетті сусын ретінде тұтынған. Оның ашытылмаған түрін «саумал», ашытылғанын «қымыз» деп атаған. Жас балалар мен қарттар және науқас адамдар негізінен бие сүтін ашытпай, саумал күйінде пайдаланған. Ал сыйлы қонақтар мен құрметті адамдарға бабына келтіріп ашытып барып құйған. Қымызды сусын ретінде пайдаланудан бөлек, түрлі аурулардың алдын алу және сауықтыру үшін дәрумен ретінде де қолданғаны белгілі. Мысалы, толық ашытылмаған қымыз, саумал – көксау, өкпе туберкулезі, кеңірдек қабыну, асқазан, ішек ауруларына, қан аздық, қан қоюлану, жоғары қан қысымы, қан тамырының қатаюы, түрлі бауыр, сүйек босау сияқты ауруларға ем-дом ретінде қолданылған. Соңғы жылдары ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүр жаңғыра бастады. Соның нәтижесінде саумал мен қымызға сұраныс артып отыр. Маған Қазалы қаласы мен Жанқожа батыр, тағы басқа да ауылдардан тұтынушылар жиі хабарласады, – дейді Алпысбай аға.
Зерттеулерге сүйенсек, жылқы сүтінің қант құрамы 65 процент болып, сиыр сүтінен 13-15 есеге дейін жоғары болады. Ал жылқы сүтіндегі май қанықпаған, төмен молекулалы май қышқылдарынан құралған. Ол адам денесінің зат алмасуында маңызды рөл атқарады. Жылқы сүтінің ақуыз құрамы да жоғары, 20-ға жуық амин қышқылы болғандықтан, оны «ақуызды сүт» деп те атайды. Оның үстіне жылқы сүті адамды ажарландырып, ағзаны қорғайды.
«Ешкі малдың ептісі, жылқы малдың тектісі» деген ұранды ұстанған кейіпкеріміз күзге дейін бие сауып, олар суалған соң үйірдегі жылқыларды соғымдыққа бордақылайды екен. Өмірге ерекше көзқараспен қарайтын Алпысбай Рахмет “Алдыңа талап пен мақсат қойсаң алынбайтын асу жоқ” дейді. Ал біз оның дәмі тіл үйірер саумалынан дәм татып, еңбегіне береке тіледік.

Ине-жіптен игілік иірген

Бұл күні қолөнер туындылары алуан түрлі. Әсем әшекейлерден және шағын ойыншықтардан бастап, күрделі кестеленген композицияларға дейін және көлемді кілемдерді, тоқыма матадан жасалған бұйымдардары қамтиды. Пішіндердің ықшам да, мәнді үйлесімі, түстердің жоғары талғамы, өрнектердің әсемдігі, композициялық шешімі, колдың дәлдігін және қиял ұшқырлығын ұштастырады. Бұдан шебердің өзіне тән тәсілдермен орындауын қажет етеді.
Халық өнерінің сарқылмай дамуы үшін ол шебер жандардың колында өрістеп, жүрек жылуына бөленіп жетіле береді. Көне замандарда қалыптасып, бүгінге дейін өз қасиетін жоғалтпай жеткен, қазақ ұлттық мәдениетінің аса құнды салаларының бірі – қолөнер деп айтатынымыз да содан болар. Қолөнер – ілкі заманның шежіресі, халқымыздың рухани болмысының айнасы, салт-дәстүрдің сарқылмас кеніші. Өңірімізде қазақтың тұрмыс-тіршілігінің өзегі болған мұраны жаңғыртып, төл өнерді жанына серік еткен жандар аз емес.
Қазақтың болмысынан сыр шертетін ұлттық қолөнермен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл өнер төзімділікті, ептілікті, ұқыптылықты, шеберлікті қажет етеді. Тігін тігу өз алдына, көрпе-жастық, текеметке басылатын әрбір ою-өрнектің өз орны, мән-маңызы, ерекшелігі бар. Сондықтан ғасырлар қолтаңбасы болған ою-өрнектің тарихын жете білетін шебер ата-бабадан мирас болған бай мәдени мұраны ұқыптылықпен сақтап, тігін тігу ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Осындай өнерді дамытып отырған ақтанбатырлық Жанар Жәдігер. Ол қыз жасауы, қырқынан шығару, тұсау кесер рәсімдеріне қажетті қазақи ою-өрнекпен әшекейленген заттар әзірлейді. Мұнан бөлек ісмер жас той қалыңдығына арнап гүл, моншақ пен бисерлерден құрастырылған сәндік бұйымдар дайындайды. Қазіргі заманауи қолданыстағы фетр матасынан түрлі себет пен той шашуына арналған сөмке тігеді.
– Бала күнімнен тоқуға, тігуге, ою оюға әуес болдым. Қатарластарым күнұзаққа далада ойнаса, мен ине, жіп, түйме, қайшыны ермек қылатынмын. Тігіншілік – ерекше шыдамдылықты қажет ететін мамандық. Осындай қиын саланы таңдағаным үшін еш өкінбеймін. Себебі мен өз кәсібімнен ерекше ләззат аламын. Жалпы қандай бұйымды болмасын әдемі етіп жасау үшін әуелі ынта керек. Өзің сүйсініп жасаған бұйым жұртшылықтың көңілінен шығады. Тігіншілікті де, икемі бар адам меңгереді.
Бүгінде адамға бір кәсіп аздық етеді. Тұрақты жұмыстан түсетін табысқа ғана сеніп отыра беруге болмайды. Дағдарыс пен дамуды қатар кешкен қоғам тек таза еңбек пен үнемшілдікке қалыптасуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан халықтық қолөнерге өз үлесімді қосқым келеді. Ине-жіппен жұмыс істеу шығармашылық қабілет пен асқан төзімділікті қажет етеді.
Қазір бәрі дайын. Қалауыңа қажетті дүниелер сырттан жеткізіліп тұр. Дегенмен қолдан жасалған бұйымдарға да сұраныс артуда. Халық бір-біріне ұқсайтын заттардан жалыға бастады. Сондықтан ісмерлердің туындысына жүгінеді. Құдайға шүкір тұрақты тұтынушыларым бар. Дайындалған дүниелерім лезде иесін табады. Тапсырыс та үзілмейді, – дейді Жанар Жәдігерқызы.
Өнерлі тігінші бізбен әңгімесінде, тігіншілік өнерді анасынан тәтесі Гүлзат меңгерген. Ол алғаш рет ескі шалбардан Жанарға сабаққа ұстайтын сөмке тігіп сыйға ұсынған. Осыдан кейін бойжеткенде тәтесінің жанында жүріп тігін тігуге деген қызығушылығы артады. Бір қызығы, мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзіне ұнаған киім үлгілерін пішіп, тігіп алатын.
Бүгінде ісмер жас отандық өнерді дамытып, танымал дизайнер болуды армандайды. Ине-жіптен игілік иірген, әрі қиялы ұшқыр ісмер ісі берекелі болатындығын әрбіріміз жақсы түйсінеміз. Бірақ бұндай бақ тек санаулыларға ғана тиесілі.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
10 желтоқсан 2024 ж. 158 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 270

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 158

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031