Тылда тер төккен ана

Әлима Пірәліқызының өмір жолы тауқымет пен қажыр-қайратқа толы. Сұрапыл соғыс кезінде балғын балалықты қызықтамай, жастайынан еңбекке араласқан. Сондай қиын кезеңде шұлық тоқып, басқа да ауыр жұмыс істеп, майданда Отан үшін қан мен терін төккен қас батырларға тылда демеу болып отырған. Көпке үлгі болар Әлима әжей бел жазбай еңбек етіп қана қоймай, жоғары білім де алған.
Әлима Батыр өзінің өмірлік жарымен бес қыз бен екі ұлды тәрбиелей жүріп, ауданның кәсіпкерлік саласының өркендеуіне аянбай тер төккен. Аудан орталығындағы базарда тазалаушы, ет сататын дүкенде сатушы, одан кейін бақылаушы болып еңбек етіп, ел дамуына елеулі үлесін қосты.
Жапырағы жайқалған, шаңырағы шаттыққа кенелген әулеттің қадірлі анасы бүгінде бейнетпен өткен ғұмырының зейнетіне бөленіп, бүгінде перзенттерінен 22 немере, 33 шөбере сүйіп, қызықтарына кенеліп отыр.
Ауданда зұлмат заманның қиын күндерін артта қалдыруға үлес қосқан әрбір азамат еленіп, ескеріліп келеді. Жуырда сексен сегізге толған Әлима әжейге де аудан әкімдігі тарапынан құрмет көрсетілді. Тыл ардагері, ардақты ананың мерейлі қуанышына ортақтасып, құрмет көрсету мақсатында Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жәнібек Алмасұлы Әлима әженің шаңырағына арнайы барды.
Қоғамдық даму бөлімінің басшысы саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағы үшін сарп еткен ардагер-ананы мерейлі жасымен құттықтап, ұзақ ғұмыр тіледі. Сый-құрмет көрсетіп, аудан әкімі М.Шермағанбеттің «Құттықтау хаты» мен сый-сияпатын табыстады.
Кейуана барша ауданның ақсақалы мен ақ жаулықты әжелерін құрметке бөлеп жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп, іштегі шексіз қуанышын жасырмады. Сондай-ақ өзінің өмір жолындағы естеліктерімен бөлісіп, халықтың тыныштығын тілеп, келген қонақтарға ақ батасын да берді.
Сонау замандағы қиын-қыстау кезеңдерде туған жердің игілігі үшін маңдай терін аянбай төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен Әлима Пірәліқызы секілді ардақты ардагерлеріміз қандай да болсын құрметке, мадаққа лайық. Өнегелі әулеттің шамшырағы болған абыз әженің мерейлі жасы құтты болсын, ұрпақтарымен мың жасасын демекпіз!
Серік АҚМЫРЗА