Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Заманның заңғар жазушысы

Заманның заңғар жазушысы

Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ғасырға жуық өмір сүрген классиктің шығармалары елдің әлеуметтік тағдыры турасында сыр шертеді. Уақыт өзгергенімен, өзектілігімен өміршең. Жазушының туындылары әлем елдерінің бірнеше тіліне аударылып, жаһан жұртына таныс.
Әбдіжәміл Кәрімұлы – 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң ауылында туған. Майдангер-жазушы 2022 жылдың 5 ақпанында келместің кемесіне мінді.

1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғы­сына қатысқан. 1956 жылы Мәс­кеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. 1992 жылдан халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – соғыс тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығар­масы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы, «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» және «Сең», «Соңғы парыз» романдары көптеген тілге аударылған.
Өшпейтұғын артында із қалдырған жазу­шының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай, Жалаңтөс батыр ауылында ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында «Заманның заңғар жазушысы» атты облыстық көркемсөз оқу шеберлері байқауы өтті.
Шара қонақтарын клуб кіреберісіндегі «Ардақты елдің айбарлы арыс­тары» атты кітап көрмесі күтіп алды. Көрме ұйымдастырушысы, ауыл кітапханашысы Шұғыла Абашова әдебиет – халықтың жүрегі мен жаны, оны сезіну үшін өткенді түсініп, қазіргі мен болашақты ұштастыру қажет екеннін насихаттай отырып, заңғар жазушының шығармаларын оқуға шақырды.
Мұнан соң көрермендер кеш залына өтіп, кеш шымылдығы түріліп, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Болат Жолтаевқа сөз берілді.
– Қазақ әдебиетінде туған өлкесін тамылжыта жырламаған ақынды табу мүмкін емес. Төмпегін төбеге, төбесін тауға дейін жеткізетін қазақ жазушыларыларының қатарын­да Әбдіжәміл Нұрпейісов те бар. Ол – әдебиетіміздің мақтаны­шына айналған алыбымыз, қазіргі қазақ әдебиетінің асқаралы биігі десек, артық айтқандық емес. Алыптардан кейінгі қазақ прозасының тізгінін ұстаған және оны танытқан таудай тұлға барша оқырманының, қазақтың санасынан орын алып, мәңгілік қалмақ.
Бүгін осынау ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында шара ұйымдастырып жатқан­дарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң байқау қатысушылары сахна төріне шақырылып, таныстырылды. Мұнда бақ сынауға аймақтың түкпір-түкпірінен ақындар келді. Дәлірек айтсақ, 18-35 жас аралығында өткен ақындар мүшәйрасына Қызылорда қаласы, Қармақшы, Арал ауданынан және жергілікті ақындар қатысты.
Талапкерлердің байқау шартына сай көр­кемсөз оқу шеберлігін, сахна мәдениетін сақтауын саралап, әділ бағасын берген №103 Қ.Пірімов атындағы орта мектептің «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі – Амангелді Мешітбай, Мәдениет саласының үздігі, Мәдениет саласының ардагері – Кенже-Әлі Асқар мен Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі – Айгүл Маратқызы қазылық жасап, бағасын берді.
Екі кезең бойынша өткен сайыс нәтижесінде байқаудың бас жүлдесіне Арал ауданынан келген Олжас Қылышбекұлы лайықты деп танылды. Бірінші орынды жалаңтөстік Нұрман Серікұлы иеленсе, екінші орынға қармақшылық Перизат Ерполат, ал үшінші орынға қызылордалық Гауһарана Сейітнәбиқызы жайғасты. Ал арнайы жүлдені, «Көрермен көзайымы» бағамымен бекарыстанбилік Қанат Сырлыбай марапатталды.
Шара соңында ауылдық клуб меңгерушісі Ербол Ізтілеу байқау қатысушыларын құт­тықтап, қаржылай қолдау біл­дірген азаматтарға алғыс айтты.
– Бүгінгі байқауда бақ сынаған ақын­дарымызды шын жүректен құт­тықтаймын. Осынау ұлы тұлғаны ұлықтауды мақсат тұтқан шараның өтуіне мұрындық болған азаматтарға, дәлірек айтсақ – облыстық мәслихат депутаты – Ібайдулла Тілеп, жеке кәсіпкер – Мерей Есқожаев пен Жалаңтөс батыр ауылының тұрғыны, ауыл әкімі – Шоқан Қожантаевқа және «AMANAT» партиясының Қазалы аудандық филиалына алғысымды айтқым келеді, – деді ол.
Заманның заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай өткен облыстық байқауға жиналған ауыл жұрты керемет көңіл-күймен тарқасты.

Серік АҚМЫРЗА
30 қараша 2024 ж. 69 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031