Face ID жүйесін елдегі барлық балабақшаға енгізуге асықпау керек – Мәжіліс депутаты
Биометрия мен Face ID технологиясын енгізу кезінде қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау өте маңызды.
Білім беру және денсаулық сақтау саласында биометриялық сәйкестендіруді пайдалану мәселесі «AMANAT» партиясының Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесінің кезекті отырысында талқыланды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгінде тұлғаны веб-камера арқылы сәйкестендіру технологиясы елдің кейбір балабақшалары мен ауруханаларында пилоттық режимде енгізілген. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, биометрия мен Face ID технологиясын енгізу кезінде қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау өте маңызды.
«Денсаулық сақтау және оқу-ағарту министрліктері Face ID технологиясын енгізе бастады. Туризм және спорт министрлігі де Damu Bala жүйесіне биометриялық аутентификацияны енгізуге дайындық жүргізіп жатқанын білемін. Яғни, жан басына қаржыландыру қарастырылған жерлердің барлығында Face ID базалық талапқа айналуда. Біздің міндетіміз – бұл жүйенің қауіпсіз болуын қамтамасыз ету және азаматтарымыздың одан зардап шекпеуін қадағалау. Себебі әңгіме балаларға қатысты болып отыр. Жалпы балалардың биометриясына көптеген елдерде тыйым салынған. Бүгінгі отырыс қорытындысы бойынша биометриялық ақпаратты қорғауды күшейту үшін әсіресе заң деңгейінде қандай қосымша шаралар қабылдау қажеттігін анықтауымыз керек. Сонымен қатар Face ID құралдарын пайдалану тәртібіне бірыңғай көзқарасты айқындау маңызды. Биометриялық деректерді жинаумен байланысты емес қызмет алушыларды тексерудің балама тәсілдерін сарапшылар қоғамдастығымен бірге талқылауды ұсынамын», – деді ол.
Қызылорда облысында 2023 жылы 422 балабақшаны мониторингтен өткізу үшін жұмыс тобы құрылды. Нәтижесінде табельдегі көрсеткіштер мен балалардың нақты саны сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі балабақша тәрбиеленушілерінің келуін Face ID арқылы есептеп отыруды қолға алды. Жоба биыл Қызылорда, Атырау және Жамбыл облыстарында іске қосылды. Бұл туралы Кеңес мүшелеріне Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова толығырақ мәлімдеді.
«Тәрбиеші смартфондағы мобильді қосымша арқылы баланы кіреберісте суретке түсіреді, содан кейін баланың суреті (бет-әлпетінің биометриясы) серверге жіберіледі. Егер биометриялық дерек сәйкестендірілсе, табельде балаға «келді» деген статус беріледі. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабының 2-тармағына сәйкес, басқа тұлғалардың бейнесі бар суреттерді жариялау, пайдалану және тарату тек олардың келісімімен ғана рұқсат етіледі», – деді ол.
Сонымен бірге ата-аналар мен педагогтер жеке деректердің таралу қаупі мен тәрбиешілерге тән емес міндеттердің жүктелуіне алаңдаушылық білдіруде. Кейбір жағдайларда ата-аналардың келісімі алынбаған. Осыған байланысты министрлік тәрбиешілердің балаларды суретке түсіру әрекетін тоқтатып, жүйені жетілдіруді, сондай-ақ келісім жинау туралы заң талаптарын қатаң сақтауды ұсынды.
Face ID жүйесін барлық жерде бірдей қолдануға болмайды, әсіресе мұндай сәйкестендіру қажет емес мекемелерде оны енгізуден сақ болу керек. Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Юлия Кучинскаяның пікірінше, Face ID жүйесін елдегі барлық балабақшаға енгізуге асықпау керек.
«Тұлғаны растайтын құжаттар бар емес пе? QR-код арқылы цифрлық форматта көрсетілетін құжаттарды да пайдалануға болады. Әр баланың дүниеге келген сәттен бастап өзіне тиесілі құжаты бар, неге соларды қолданбасқа? Face ID ойлап табудың қажеті қанша? Заман талабынан қалмау керектігін түсінемін, бірақ әңгіме балалардың қауіпсіздігі туралы болғанда, бәрін мұқият таразылау керек. Ертең бұл деректер түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін. Мұны қажеттілік деп есептемеймін, министрлік баланың балабақшаға келгенін тіркеудің басқа әдісін табуы керек деп санаймын», – деді ол.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов ведомствоның Астана қаласындағы 56 медициналық ұйымында Face ID бойынша пилоттық жоба іске асырылғанын айтты. Жалпы қабылдаулар саны 813 мыңнан асса, 419 мың азамат идентификациядан өткен, оның ішінде 195 мыңы – Face ID технологиясы арқылы. Енді келесі жылдан бастап министрлік бұл тәжірибені бүкіл ел бойынша кеңейтуді жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау жүйесінде балалардың биометриясынан бас тарту туралы шешім қабылданды. Ал ересектер үшін идентификацияны цифрлық құжат арқылы (генерацияланған құпиясөз немесе QR-код арқылы) немесе биометриялық деректер бойынша таңдау мүмкіндігі болады. Бұл ретте жеке шешімдер қолданылмайды.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері орталық және жергілікті атқарушы органдарға қатысты бірқатар ұсынымдар қабылдады. Оның ішінде Face ID жүйесін пайдалану кезінде, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты, азаматтардың жеке деректерін қорғау тетіктерін пысықтау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне биометриялық идентификация үшін камераны тек азамат медициналық ақпараттық жүйеге тіркелу кезінде таңдап қосу тәртібін реттеу тапсырылды.
«Мәжіліс депутаттары реттеушілермен бірге биометриялық деректерді пайдалану тәртібін реттейтін заңнамаға өзгерістер пакетін әзірлейтін болады. Енді бұл талаптар қатаң әрі нақты болады, Face ID жүйесі жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей етіп жасалады. Биометрияны пайдаланудың міндеттілігі заң деңгейінде ғана, нақты және негізді түрде реттелуі тиіс деп санаймыз», – деп түйіндеді Екатерина Смышляева.