Әлеуеті артқан ауыл
АУЫЛ – РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ, БЕРЕКЕ МЕН БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БАСТАУЫ. ТӨРТ ТҮЛІГІН ТҮЛЕТІП, ЕГІСТІГІН ЖАЙҚАЛТЫП, ШАРУАСЫН ӨРГЕ СҮЙРЕП ОТЫРҒАН АУЫЛ – БҮТІН БІР ЕЛДІҢ АСЫРАУШЫСЫ, ҚАЙНАҒАН ЕҢБЕКТІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ. КЕЗІНДЕ ҚИЫН-ҚЫСТАУ ШАҚТЫ ТУДЫРҒАН НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА КӨШУ САЛДАРЫН СЕЗІНІП, БҮГІНДЕ ЫНТЫМАҒЫ ҺӘМ ТҰРМЫСЫ ЖАРАСҚАН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА ЖАҢҚОЖА БАТЫР АУЫЛЫ ДА БАР. БҮГІНДЕ ДАМУЫ МЕН ЫНТЫМАҒЫН ҚАТАР ҰСТАҒАН МЕКЕН ҚАЛЫҢ ЕЛДІҢ БІР ПҰШПАҒЫНАН ОЙЫП ТҰРЫП ОРЫН АЛАДЫ.
ӨРІСІ ӨРКЕНГЕ БАСТАҒАН
Арықбалық ауылдық округі аудан орталығы – Әйтеке би кентінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Жанқожа батыр ауылының әлеуеті жоғары, тұрғындарының тыныс-тіршілігі қалыпты. Жерінің көлемі – 18 334 гектар. Оның 4916 гектары жайылымдық жер болса, 3737 гектары шабындық, ал 714 гектары егістік жерді құрайды. Округте – 1636 адам тұрады. Арықбалық ауылдық округінде өткен жылы 33 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, олардан 3 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Маусымдық жұмысқа – 14, ақылы қоғамдық жұмысқа – 31, жастар практикасын –6 жас маман атқаруда. Сонымен қатар,жайлы мектеп құрылысына 30 адам жұмысқа тартылған.
Кәсіпкерлік саласын дамыту – жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономиканың одан әрі өсуінің нақты факторына, халықты жұмыспен қамтудың, әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты міндет жүктеді. Бұл ретте жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету белгіленді. Бюджетіміздің толығуына өзіндік үлесін қосып отырған ауылдағы кәсіпкерлердің бүгінгі аяқ алысы қандай?
– Арықбалық ауылдық округінде кәсіпкерлік кең өріс алған десек болады. 33 шаруа қожалық, 2 заңды тұлға, 64 шағын кәсіпкерлік тіркелген. Халыққа 5 дүкен, монша, тұшпара өндіру цехы, 6 жолаушылар тасымалы, жүк тасымалы, мүлік жалға беру, 2 балық өнімдерін өндіру орны қызмет көрсетеді. Ауылда құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысатын кәсіпкер де бар. Мал шаруашылығымен айналысатындар қатары да уақыт өткен сайын артып келеді. Елді мекенде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 1 кәсіпкер 15,0 миллион теңге несие алса, 1 кәсіпкер «Қызылорда» өңірлерді дамыту орталығы арқылы 3,0 миллион несие алып кәсіп жүргізуде. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 14 адам кәсіпкерлік негіздері туралы білім алды. Нәтижесінде 5 тұрғын 1 476 800 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Барлығы 7,4 миллион теңге. Соның ішінде 2 тұрғын балық шаруашылығын дамытуға, 2 тұрғын жылқы шаруашылығы және бір тұрғын ойын-сауық шараларын өткізуге арналған құрылғыларын алды. 2024 жылдың 10 айы бойынша барлығы 25,4 млн теңге қаражат алынды. Алдағы уақытта қаржы ұйымдары арқылы шаруашылықтарды несиелендіру бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз, – дейді Жаңқожа батыр ауылының әкімі Мәулен Қайруллаев.
Экономиканың дамуына себепші болатын бірінші кезекте ауылшаруашылық саласы. Бұл сала дамымай, бәсекеге қабілетті экономиканы құру мүмкін емес. Дамуға бағыт алған елімізде әсіресе өндірісті өркендету, оның ішінде ауыл шаруашылығын жолға қою керегі жиі айтылып жүр. Жүзеге асырылып жатқан нақты іс-шаралар да бар.Айтпағымыз, ауылда «Орынтай» ШҚ тоған шаруашылығы жұмысын бастаған. Бір азамат тоған шаруашылығын ашу үшін жерін, екі кәсіпкер құжаттарын дайындап жатыр екен. Ауылдық округ бойынша мал шаруашылығымен 33 шаруа қожалығы айналысады. Шаруа қожалықтары 3737 гектар шабындық жерден 1500 тоннаға жуық мал азығын даярлап, қамтамасыз етуде. «Коммуна» су арнасына механикалық тазалау жұмыстары да жүргізіліпті.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТТЫ
Ауыл орталығындағы 10 көшенің 9-ы толық жөндеуден өткен. Ауыл көлеміндегі барлық көшелердің ұзындығы 10,7 шақырым болса оның 10,3 шақырымына асфальт төселінген. Жол ережелерін сақтайтын белгілер, жүргіншілер жолы салынған, 6 көше толығымен жарық шамдарымен қамтылса, жарықтандыруды қажет ететін 4 көшеге жарықтандыру үшін өтінім берілген. Биыл көгалдандыру бойынша мердігермен келісім шартқа отырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Аптасына 2 рет сусорғыш арқылы ауыл тұрғындарының бау-бақшаларына аяқ су беру жолға қойылған. 25 гектар жер белгіленіп, бау-бақша дақылдары егіліпті. Көктемгі, күзгі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық айлығына мекемелер мен ауыл тұрғындары, ауыл жастары белсене араласуда. Ауылдың тұрмыс-тіршілігінен бөлек білім беру саласы да тұрақты дамып келеді. Мәселен, 2024 жылы мектеп бітірген 16 оқушының барлығы ҰБТ-ға қатысқан. 3 түлек «Алтын белгі» иегері атаныпты. №24 «Жауқазын» бөбекжай-балабақшасында 90 бала тәрбиеленуде. Денсаулық сақтау саласы бойынша да жұмыстар жүйелі. Дәрігерлік амбулаторияда күнделікті келген науқастар қабылданып, мамандар халық игілігіне жұмыс істеуде. Сырқаттарға 11 төсектік күндізгі стационар қызмет көрсетеді.
Ал Жанқожа батыр ауылдық Мәдениет үйінде биылғы10 ай көлемінде 40 іс-шара өткізілген. Соның ішінде 6 аудандық, 1 облыстық мәдени іс-шара ұйымдастырылыпты. Қамтылған көрермен саны – 3300 адам. Ауылдың өнерпаздары аудандық – 20, аймақтық – 1, облыстық – 9 және республикалық – 2, Халықаралық – 1 байқауға қатысқан. Ауыл кітапханасында 22251 кітап қоры бар екен. Орталықтағы шағын спорт алаңы мен спорт мектебі тұрақты жұмыс жасап, жеткіншектердің жігерін жанып, спорттың түр-түріне баулып келеді. Спорт мектебінде 88 бала дайындықтан өтуде. 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аса қауіпті аурулардың алдын алу жоспарларына сәйкес, ауылшаруашылық жануарларына диагностикалық тексерулер мен жұқпалы ауруларға қарсы ем-шаралары кестеге сай толықтай атқарылуда. Биылғы жылы ауыл көлемінде кенеге қарсы ветеринариялық шаралар жүргізіліпті. Күл-қоқыс тастайтын арнайы жерді ауыстыру бойынша халықтың ұсынына сәйкес аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, полигон жері мал қорымының жанына ауыстырылған. Жыл көлемінде қатты қалдықтарды бөлек сұрыптайтын 3 дана контейнер орнатылған.
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – ЖАҢА МҮМКІНДІК
Жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөлу – мемлекеттің ең маңызды міндеті. Биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 262 миллиард 100 миллион теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құраған. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынады. Осы жобамен аймақта 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған. Оның 10-нының құрылысы жүргізілуде. Қазалы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 білім ордасының іргетасы қалануда. Соның бірі – ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылындағы 300 балаға арналған білім ошағы. Құрылысы 2023 жылдың қыркүйек айында басталған бұл мектеп биыл ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталмыш нысанның жауапты мердігері – «Аңсар» ЖШС. Бұл білім ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып, қауіпсіздік толық қамтылатын болады. Қазіргі таңда мектеп құрылысы қарқынды жүруде. Мектеп 2 қабаттан тұрады және ішінде спортзал, асхана, кітапхана, басқа да арнайы кабинеттер қамтылған. Сондай-ақ мектеп ауласында оқушылар үшін арнайы ойын алаңдары салынады. Бұдан бөлек, жарық шамдар да орнатылатын болады.
Айта кеткен жөн, Әйтеке би кентінде де «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ордасының құрылысы салынуда.
АУЫЛДЫ ДАМЫТУ – АУҚЫМДЫ МІНДЕТ
Ауылға көңiл бөлу, оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақ мемлекетінің қалыптасуы және дамуы негізінен ауыл өмірімен тікелей байланысты. Ауыл болуы үшін оның тірлігін пайымдайтын әртүрлі жағдайлар қажет. Бұрынғы замандарда көшпелі қазақ халқының тіршілігі көбінесе мал өсіру мен оны пайдалану мүмкіншілігіне байланысты болды. Қазіргі нарықтық экономика қоғамында ауыл болашағы әлемдік өзгерістерге сәйкес көптеген факторлардың, яғни табиғи-климат жағдайы, демографиялық, саяси-әлеуметтік, өндірістік-экономикалық, халықтың тұрмыс деңгейі және тағы басқалардың әсерімен анықталады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Үкімет ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендерді көркейтуге көп көңіл бөлуде.
Биыл Қазалы ауданында елді мекендерді газдандару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде Жаңқожа батыр ауылына да магистральді газ құбыры тартылып жатыр. Ауылдың орамішілк газ желілерін жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепті 2004 жылы мектеп бітірген түлектер ауылдың кіреберіс паспортын әктеп, сырлап, «Жанқожа батыр ауылы» деген жазуды қайта орнатып, жарықпен қамтамасыз еткен. 1984 жылы мектеп бітірген түлектер ауыл орталығында орналасқан субұрқаққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Темір қоршаумен қайта қоршап, әктеп, сырлап, жаңа субұрқақ, түнгі жарықшамдар орнатқан. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 1994 жылғы түлектері ауылдың кіре берісіндегі қақпаға жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл шаралар батыр бабамыздың мерейтойына керемет тарту болды.
Жалпы биыл ауыл ажарын арттыруға күш салынуда. Орталықтағы ардагерлер алаңы абаттандырылып, спорттық жаттығу құрылғылары орнатылып, халық игілігіне берілген. Ауыл көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауылдың кіре берісіндегі жарықдиотты аркаға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар жайлы мектеп бағдарламасы аясында ауыл көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы, сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
ТҮЙІН: Ауыл – қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің де маңызы жоғары. Бүгінде түрлі бағдарлама біршама жылдан бері жүзеге асырылып, ауыл-аймақтың даму үдерісі назарға алынып келеді. Өңірдің көптеген аймақтарында ауыз су, жол, газдандыру, мектеп, балабақша секілді түйткілді мәселелер шешіліп, ауыл халқының тыныс-тіршілігінде жаңа бір леп пайда болғандай. Біз баяндаған Жаңқожа батыр ауылының қазіргі келбеті ажарлана түскен. Онысын жүзеге асып жатқан жарқын жобаларынан, көкжиекке құлаш сермеген кәсіпкерлігінен байқадық. Тұрғындардың әлеуметтік әлеуеті жақсарған. Иә, ауылды өркендету – ұлттық экономикамыз бен мәдениетімізді жаңғыртудың тірегіне айналмақ. Ауылға көңiл бөлу, оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл жолда атқарылған, алдағы уақытта атқарылар жұмыс легі тоқтамақ емес.
Айнұр ӘЛИ