Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ертешіл адам ештеңеден ұтылмайды

Ертешіл адам ештеңеден ұтылмайды

Қазалыда Қазақстанға танымал еңбекті сүйген ер тұрады. Ол – бақытты басқа жақтан іздемей, туған жерін түлетіп, тамырына бойлап-ақ таңдаулылардың таңдаулысы болған жан. Біз сөз етіп отырған Балғазы Томаевты көпшілік тындырымды тірлігі, жауапкершілігі жоғары қасиетімен қастерлейді.

Кейіпкерімізді өрісті өндірушілік ісі, сапалы табиғи өнімінен танылған аудандағы «РЗА» акционерлік қоғамынан таптық. «РЗА-Агро» жауапкершілігі шектеулі серік­­тес­тігінің егіс бригадирі Балғазы Аймағамбетұлы Ү.Түктібаев ауылында тұра­ды екен.
Майдакөл ауылының перзенті мектеп бітірген 1978 жылы Үкіметтің өндірісте қалу бастамасымен Жалпақ учаскесінде жұмысқа араласады. Ауылды, елді өркен­детуді идеологиялық қарқын, азаматтық үлес деп ұққан буын үшін еңбектің орны биік болды. Сол жерге бұла күші, жігер қайратымен келген жас жігіт үш жыл тер төгеді. Жастайынан төрт түліктің сырына қанық бозбала алғаш малшының көмекшісі, яғи бұзаушы болса, ұзамай бақташы атанады.
Шаруаға ширығып, жауапты бақташы атанып үлгерсе де, оның көкейінде оқып-даму, ізденісін арттыру туралы арманы үнемі қылаң береді. Осындай мақсатта 1981 жылы Алматыдағы ауылшаруашылық техникуыма оқуға қабылданады. Техникумды тәмамдаған жас мамандығы бойынша Қазалы ауданындағы жинақ банкіне жұмысқа қабылданады. Аталмыш мекемеде 1993 жылға дейін бақылаушы қызметін атқарады.
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дегендей, мамандығына машықтанса да, оның көкейінде үнемі туған жерге деген сағынышы тұрады. 1993 жылы ойын жүзеге асырып, ауылдағы шаруашылық құрылымының егіс бригадирлігіне ауысады. Бір жарым жылдан соң бас есепші орынбасары болады. Бірашама уақыт ауылдағы байланыс бөлімін басқарады.
Алға ауылдық округінен «РЗА-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмы­сын бастағанда, білікті басшы Самұрат Имандосов жергілікті кадрлар күшін қуаттандыру, еңбекке тарту мәселесін алға қояды. Ауыл шаруашылығы саласында маманданған Балғазы Томаевқа жұмысқа шақыру туралы ұсыныс білдірілгенде, ол келісім береді.
Сол кезден бері Б.Томаев Ү.Түктібаев ауылындағы «РЗА» АҚ шаруа қожа­лығында бригадир болып жұмыс істеп келеді.
«Жігіттің күшін сұрама, тындырған ісін сұра» дейді халқымыз. Кеудесіндегі «Ауыл шаруашылығының үздігі», «Озат ұйымдастырушы» медалі, «Қазалы ау­да­ны­­ның 95 жылдығы», «Жанқожа Нұрмұхам­медұлының туғанына – 250 жыл» мерекелік медалі, облыс, аудан әкімінің төсбелгісі, Алғыс хат, Құрмет, Мақтаулары еңбекке берілген баға деп ұғындық. Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен алғаш рет өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің І форумына шақырылуы тек емес. Сол маңызды жиында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталуы жүріп өткен жолының лайықты тартуы іспетті.
«Сіз шыққан биік қаншама тер мен еңбектің үлесі. Осы жолда жүріп, өкінген сәттеріңіз болды ма?» деген сұрақты қойдық.
««Еңбектің наны тәтті» деген. Ешқашан өкінген емеспін. Қайта жастық шағымның ел қажетіне ойысқанына мақтанамын. Әр адам істеген жұмысынан рахат табуы маңызды. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеу үшін табандылық, тәртіп, бірсөзділік керек», – дейді.
«Саланың кадр тапшылығы туындауына не тосқауыл?» – дедік артынша.
«Салаға үкімет тарапынан көңіл бөлінуі керек. Көп жағдайда аграрлық мамандар жалақысы мардымсыз. Өзім қызмет ететін «РЗА» АҚ-да өнім­ділікке байланысты көтерме ақы, қол­дау білдіріледі. Өкініштісі, ол жыл қорытындысымен жүзеге асады. Жастар уақыт жоғалтқысы келмей, аз уақытта көп ақша табу үшін вахталық жұмыстарға кетіп жатады. «Жеңілдің үстімен, ауыр­дың астымен жүруге» дағдыланған олардың көзқарастарынан ата кәсібіміз ақсап жатқанын жасыруға болмайды. Бұл бағыт тоқтамаса, ата қоныстан айырылып қалу қаупі туындары сөзсіз.
Қазақ ешқашан кедей болған жоқ. Өзінің күнкөріс қамын, дәулеті мен тұрмысын мал шаруашылығы, егіншілік арқылы сан жылдар бойы өрістетті. Енді тек соның тек тетігін тауып, табыстылыққа ойыстыруға болады», – деді тебіреніспен.
Президенттің келесі жылды ауыл шаруашылығы жылы деп атайтыны, кәсіп­керлерге «енді бағытты ауылға қарай бұрыңдар» деген ұстанымы кейіпкеріміздің кеудесіне қуаныш ұялатыпты. «Ауылда қазақстан­дық­тардың 40 проценті тұрады. Әр елді мекенді Солтүстіктегі «Родина», Қы­зыл­ордадағы «Нағи Ілиясов» секілді дамытуға барлық перзент мүдделі болуы керек», – деген ойын да жасырмады.
Ісіне мығым, ортасына сыйлы, айтары бар азаматпен болған сәттен еңбекті сүйген, ертешіл адам ештеңеден ұтылмайтынын ұғындық.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
26 қараша 2024 ж. 35 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 32

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 28

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930