Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңарған мекен – келбеті көркем

Жаңарған мекен – келбеті көркем


Қазалыда ел дамуымен бірге ілгерілеген алтын бесік – ауылдар бар. Соның бірі – шаруасы шалқыған, тұрмысы түзу, бірлігі бекем Жалаңтөс баһадүр ауылы. Біз межелеген Қарашеңгел ауылдық округінің орталығына Әйтеке би кентінен шыққан жеңіл көлік сүтпісірім сәтте түзу жолмен жеткізді. Елді мекенді статусына қарап, ауыл демесең, аудан орталығынан онша айырмашылық таппайсың. Түп-түзу көшелер, сәулетті биік ғимараттар, абатты орталық, түрлі кәсіпкерлік нысандар осыны ұқтырды. «Көгілдір отын», таза ауызсу игілігін тұтынып отырған тұрғындардың өзге жерге көшуге ниеті жоқ. Жыл санап жас мамандардың тұрақтап қалуы қалыпты жағдайға айналған.


Тарихи тіннен тамыр алған

Батыр дулығасы мен өршіл қазақ рухын, ынтымақ пен ырысты бейнелейтін паспорттан сәл асқанымыз сол еді, «Шаңырағым – шаттығым» деген жазу бедерленген көрікті қақпа, ауыл жайлы жүректі тебірентер жолдар «кең құшағын жайып қарсы алды». Туған жерге деген тағзымды табалдырықтан ұқтырған жағдай ерекше күйге бөледі. Бір күнгі сапарымыз бұл жолдар текке жазылмағанын ұқтырды. Ауыл тәуелсіздік алғаннан кейін Орталық Азияға аты мәшһүр, түркі әлеміне түгел таныс тұлға Жалаңтөс баһадүрдің атымен аталған.
Ел басына сын туған Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл ауызбіршілігі аңыздай жұрт жадынан жоғалған жоқ. Сол кездегі «Қызылту» ұжымшарының төрағасы, жерлесіміз Қашақбай Пірімов бірінші болып танк жасау қорына 100 мың сом ақша беріп, берекелі іске бастамашы болған. Ұжымшар төрағасы Бермахан Мәшенбаев 100 мың сом, звено жетекшісі Сухан Олжанов 30 мың сом және 400 пұт астық, бригадир Пак Петр 50 мың сом және 250 пұт астықты Отан қорғау қорына қосқан. Қажырлы еңбектің арқасында өз ұжымшарын жоғары табыстарға жеткізген білікті басшы Қ.Пірімов аймақ абыройын асқақтатып, КСРО Жоғарғы Кеңесіне 3 дүркін депутат болып сайланған.
Қиыр Шығыстан Қазақстанға қоныс аударған корейлер қатарындағы «ақкүріш­тен тау тұрғызған» Петр Пак звеносы 1948 жылы өздеріне бекітілген 5 гектар күріштің әр гектарынан 80,5 центнерден өнім алған. Еңбегімен еленген ер 1949 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атанған.
Ғасырға жуық тарихы бар мекенге 1991 жылдан бастап Қарашеңгел ауылдық округі тарихи атауы қайтарылса, 1993 жылы окург орталығына батыр есімі берілген. 1997 жылдың шілдесінде құрылым таратылып, Қарашеңгел, Басықара, Құмжиек үш ауылдық округі біріктіріліп, Құмжиек ауылдық округі әкімі болған. 2000 жылдың сәуір айында Қарашеңгел ауылдық округі қайта құрылып, «Қарашеңгел ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ болып жұмыс істеуде.

Келбеті сәулетті
Облыс орталығынан 374 шақырым, аудан орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан округте 6 елді мекен бар. Олар: округ орталығы Жалаңтөс батыр ауылы, Көбек, Ойынды, Алтай, Шитүбек және Үйрек елді мекендері. Оларда 347 отбасында 1575 адам тұрады.
Білім мен тәрбие көрсеткіші көңіл қуантады. Оқушылар мен мұғалімдер, тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің бағындырған белес, алған асулары сөзімізге дәлел. Жыл сайын мемлекетік грант иегерлерін түлететін ауылдан шыққан спорт саңлақтары да ел абыройын асқақтатып келеді.
Бұл ауылда бәрі жаңа. Қ.Пірімов атындағы 250 орындық, типтік №103 орта мектеп Жалаңтөс батыр ауылында 2010 жылы бой көтерген. 2016 жылы 90 орындық №14 «Сәуле» бөбекжай-балабақшасы пайдалануға берілген. Заманауи талаптар ескеріліп жасалған орындарда кедергісіз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Музейлер кабинеті жасақталып, үйірме, спорттық алаңдар жұмысы жолға қойылған.
2014 жылы салынған «Жалаңтөс» дәрігерлік амбулаториясы тұрғындар саулығын жақсартуға лайықталған. Мәдени нысандар ауылдық кітапхана, 2017 жылы құрылысы қаланған 150 орындық жаңа клуб мәдени-ақпараттық, саяси жағдайлардың ешбірінен қалыс қалмайды. «Жалаңтөс батыр» мешіті де тұрақтылық, туралық пен тазалыққа тұрғындарды жұмылдырып келеді.
Уақыт талабына сай №10 су көтеру стансасы, ветеринариялық пункт те қажет­тілікті өтеумен бірге, округ орталығын сәулеттендіріп тұр. Автоматтандырылған телефон стансасы 132 телефон нүктесімен қызмет ұсынса, 105 үй интернет желісіне қосылуы ауыл әлеуетін көрсетеді.

Диқаны дәулетті
«Пайдалана білгенге – жер жомарт» деген тәмсілді бұл ауылдың тұрғындары жақсы біледі. Жер емген жұрт өткен ғасырда Сыр салысын ел табысына айналдырғаны туралы жазылған дерек те жеткілікті. «Қызылту» колхозы 1973 – 1997 жылдары күріш өсіру бағытындағы жұмыстарымен белгілі болған. Нарықтық кезең келгеннен кейін кәсіпкер Қасқырбай Әлімбаев «Жалаңтөс батыр» атындағы шаруашылық құрылымы жұмысын қолға алады.
Табыс тайқазанын тасытып жұрген агроқұрылым 2024 жылы 490 гектар жерге күріш егіп, алтын дән жинады. 150 гектар жаңа жоңышқа, 400 гектар көне жоңышқа, 50 гектар мақсары егіп, баптаған. Сондай-ақ 800 гектар жерден табиғи шөп орып, тұрғындар мен көршілес жатқан ауылдарды мал азығымен қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. «Құйып алмай қамбаға, Астығым бар деп ойлама» дегендей, егін-терім жұмыстарында да еңбеккер қауым ұтырлы ұйымдастырған. «Алтын күз-2024» мерекесіне жыл үздігі атанған «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның атқарушы директоры Абзал Сәрсеновке ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы» табыс­талған.
«Мал-жаның аман ба?» деп бір-бірінен хал сұрасатын мұндағылар 1294 бас мүйізді ірі қара, 2507 бас уақ мал, 1472 бас жылқы, 101 бас түйе, 200 бас құс асырап отыр.
Көкөніс, бау-бақша егудің де әдісін алған.

Берекелі «Береке»
Кәсіпкерлік көкжиегі жыл сайын кеңіп келеді. Жергілікті жұртты тұрақты жұмыс, табиғи азықпен қамтып отырған, облысқа белгілі «Жалаңтөс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орналасқан округте бұдан бөлек 6 азық-түлік дүкені бар. Тіркелген шағын және орта 80 кәсіпкердің барлығы белсенді жұмыс істеп тұр. Сұранысқа сай кәсіп түрін тауып, жұмысын жүргізуде жастар белсенділігі жоғары.
Жолсапарымызда жол көрсеткен ауыл әкімінің бас маманы Жанар Жұбаниязова бізді жаңа нысан «Берекеге» алып барды.
Журналистік жолда жүріп, ауылдарға бас сұққанда, көрсететін кәсіпкерлік нысан – азық-түлік дүкені болар деген пікірімді, ғимараттағы берекелі тірлік теріске шығарды.
Бірнеше жыл бойы ауыл амбулаториясынан босап, қараусыз қалған орын қазір қызу тірліктің ортасына айналған. Мазмұны да, бағыты да мүлде бөлек. «Ұйымдастырған, ұтатынын» осы жағдай ұқтырды.
«Өздеріңіз көріп отырған ғимарат «Туған жерге тағзым» акциясының толымды тартуы. Жыл санап қолда барды ұқсату, кез-келген істің тетігін табу жалпыхалықтық сипат алып келеді. Бұл да сондай жұмыс. Ауыл тұрғындарының демеушілігімен, «Жалаңтөс батыр» ЖШС төрағасы Қасықырбай Әлімбай және аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабековтің қолдаумен көне амбула­торияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір қажеттілікті жою, тұр­ғындар талабынан табылу мақсатында халыққа ұсынылып отыр», – дейді ауыл тұрғыны Зағипа Құрманай.
Ұзақ жылдар балабақшада қызмет еткен еңбек ардагері осы нысанның бір бөлмесінде ауыл балаларының бастауыш білімін жетілдіреді. Зағипа апайдың партасында әзірге 15 оқушы бар. Өтініш білдіргендер көп.
Бастауыш сынып балалары баратын бөлмемен қатарлас кабинет маңдайшасынан ««Озат бол» оқу орта­лығы» деген жазуға көзіміз түсті. Рұқсат сұрап, есігін аштық. Мектепте шет тілінен сабақ беретін тәжірибелі мұғалім Жадыра Мырзабекова бос уақытында қосымша ағылшын тілін меңгеремін дегендерге мүмкіндік туғызған. 2024 жылдың қараша айында тұрғындар қажеттілігіне ұсынылған жерде азық-түлік дүкені, компьютерлік қызмет, пошта байланыс бөлімшесі мен грек-рим күресі, бокс спорт секциялары орналасқан. Қуанышты шараларды безендіру, суретке түсу, шақыру билетін жасау сынды істер үшін ешкім енді қалаға сабылмайды.

Инфрақұрылым – игілік жаршысы
Ауыл әкімінен жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстар туралы сұрап-білдік.
2024 жылы облыстық бюджеттен 31,1 миллион, аудандық бюджеттен 8 миллион теңге бөлініп, Жалаңтөс батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы мен ауылдық клуб ғимараттары табиғи газға қосылған.
Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда. Осы мақсатта жыл ішінде Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты Үйрек және Шитүбек елді мекендеріне аудандық бюджет арқылы 14,6 миллион теңгеге түнгі жарық шамдар тартылған.
Жергілікті 2,3 миллион теңгеге бюджетке Жалаңтөс батыр ауылының орталық алаңына абаттандыру жұмыс­тары жүргізілген. Темір бұйым­дардан символикалық киіз үйлер мен алты­бақандар тұрғызылған. Ауыл әкімдігі ғимаратының ауласына абаттандыру жұмыс­тары жүргізіліп, брусчатка төселіп, орындықтар, урнасымен және түнгі жарық шамдары орнатылған.
Түн мезгілінде автокөлік жүргізушілерге Жалаңтөс батыр ауылына қарай бұрылу бағыты анық көріну үшін, кіре беріске орналасқан төлқұжатқа күн көзінен қуат алатын түнгі жарық шамдары қойылған.
Бала туылу көрсеткіші жоғары. Халық санының өсуіне байланысты экономикалық сұраныс да, әлеуметтік қамтылу деңгейі де күн өткен сайын артып келе жатқанына куә болдық.
«Қала мен ауыл аралығында айтар­лықтай алшақтық бар деген ұғым маңызын жойып келеді. Инфра­құрылым – игілік жаршысы. Одан бөлек масылдық, жұмыс жоқ деп қол қусыру­ды тұрғындар тірлігі мен нарықтық қатынастар талабы ығыстырып шығарды. Алда атқарылуға тиіс жұмыстар, жүйелі жоспарлар жеткілікті. Ауылішілік жолдарды жөндеу маңыздылығын көрсетуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі көше қаржы кезегін күтіп тұр, – дейді Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі Шоқан Қожантаев.


Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

19 қараша 2024 ж. 151 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 67

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930