Ел бірлігі – береке бастауы
Ауқымды шара Басықара Құрманұлының 265 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбубәкір Тыныбаевтың 95 жылдығы және Басықара елді мекенінің құрылғанына 60 жыл толуына арналды.
Басықара ауылы – қасиетті Қазалы жеріндегі қазақы қаймағы бұзылмаған, тату-тәтті, ынтымағы мен берекесі жарасқан мекеннің бірі. Сондықтан болар басықаралықтардың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты.
Негізінен округ 1934 жылы №3 ауылдық кеңес болып құрылғанын көпшілік біле бермейді.
1949 жылы Қарашеңгел ауылдық округіне кіріктірілген. Бұдан соң Құмжиек ауылдық округіне беріліп, 2001 жылы ғана өз алдына округ болып бөлінді.
Қазіргі таңда аймаққа іргелі су торабымен әйгілі ауылда даму белгілері анық байқалады. 1970 жылы Тыныбаев атындағы Басықара су торабы жұмысын бастап, бүгінгі күні республикалық маңызды нысанның біріне айналды.
Аудан орталығы Әйтеке би кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда биыл көптеген ілкімді істер қолға алынды. Ауылға кіре беріс жолдағы апаттық жағдайдағы көпір қайта салынып, елді мекенге көгілдір отын тартылды. Басықаралықтар жақын арада бұл жұмыстардың игілігін көретін болады. Сондай-ақ Әйтеке би кенті мен Басықара елді мекені арасындағы жол асфальтталды.
Екі елді мекен арасындағы 19 шақырым жолды асфальттау жұмыстарын «Строй Модуль Астана» ЖШС жүргізді. Жергілікті кәсіпкер Жасұлан Шамұратов басшылық жасайтын серіктестіктің жұмысшылары белгіленген жұмысты сапалы әрі уақытылы тапсырды. Бұл жол арқылы Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара және шалғайдағы Сарбұлақ ауылының тұрғындары аудан орталығына қатынайды. Сондықтан олар үшін екі аралықтағы жолдың тақтайдай тегіс болғаны маңызды. Ауыл күніне арналған шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ең алдымен жол жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілгенін жеткізді.
Мұнан соң ауыл орталығындағы саябақ ішінен ескерткіш тақта ашылды. Мұнда елді мекен іргетасы қаланған уақыттан бері осы ауылда тұрып, еңбек еткен жандардың есімдері қашалып жазылған.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, Арал, Жаңақорған және Қазалы аудандарының құрметті азаматы Нажмадин Мұсабаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін жеткізді.
Ауыл күніне арналған шара «Басықара – жұмақ мекенім, өзіңді мақтан етемін» атты танымдық кешке ұласты. Басықара ауылдық клубында өткен шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына аудан әкімінің «Құттықтау» хатын тапсырды.
Салтанатты шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкірат Сейтекен де ізгі тілегін жеткізіп, ауыл күнін өткізуге атсалысқан басықаралықтар мен аудан басшыларына алғысын айтты.
Ауыл күніне арнайы келген қонақтарға жергілікті өнерпаздар мен «Ар-Дана» әжелер ансамблі әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бағдарлама аясында ауыл тұрғындары футбол, қол күрес, үстел теннисі, қазақша күрес, арқан тартыс және қой көтеруден өткен сайыстарды тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегер командалар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік шара кешке орталық саябақта ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Абзал ЖОЛТЕРЕК