Қуаттылық қажырлы күшпен келеді
Қазалыдағы жеке кәсіпкер Мерей Есқожаевтың күріш зауытынан шыққан өнімдер көршілес мемлекеттер мен алыс-жақын шет елдердің көбіне таныс. Күніне 15-18 тоннаға дейін күріш ақтауға қауқарлы орын «Қазақстанда жасалған» заттаңбасына сай сапалы өнім өндіреді. Шаруашылық күріш жармасын өңдеу мақсатында жаңа технологиямен жабдықталған.
Қазалы қаласындағы бір кезде көңілге қорқыныш ұялататын қараусыз қалған бұрынғы «Автобаза» орнына имене бардық. Қыруар қаржы жұмсалып, күрделі жөндеуден өткен жер адам танымастай өзгеріпті. Күріш цехы өндіріс орны емес, әкімшілік кеңсесі сынды. Айнадай таза. Тәртіп пен тұрақтылық жолға қойылғаны байқалады. Жұмыскерден жауаптылық, өнімділікті талап ету үшін оларға жағдай жасалуы керек. Жұмысшылардың дені тұрақты, ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанын естігенде, мәселенің шешімін тапқанын іштей топшыладық.
«Біздің жұмыс жайлы жазылып та, айтылып та жүр. Менеджерлік маңызды. Десе де қуаттылық қажырлы күшпен келеді. Сондықтан бүгінгідей белесті бағындырған болсақ, онда Қуаныш сынды жауапты жандардың үлесі зор. Үлгілі жұмыс насихатталуы керек болса, оған біздің жігіттер лайық», – деді кәсіпорын басшысы Мерей Бердібайұлы.
Басшысы жақсы пікір білдіріп, оң көзқарас қалыптастырған маманды жұмыс орнынан таптық.
Сыр күрішін – ел ырысы деп қана емес, жұмысы, тынысы деп білетін тандырымдылығымен танылған Қуаныш Өтепбергеновті көпшілік жақсы танитын болып шықты. Арал ауданының тумасы жастайынан мал баққан әкесіне қолғабыс етіп, шаруаға шыңдалып өседі.
Өзін іздеп келгенімізді айтқанымызда, күте тұруымызды сұрады. Жұмыс тәртібі солай. Алып заманауи «МСТР-60» маркалы диірмен сағатына 2 тонна ақ күріш дайындайды. Желіде түю, елеу, ақтау, қаптау, тиісті орындарға жөнелту ісі үздіксіз қатар жүргізіле береді. Зауыттың басты ерекшелігі — күрішті ақтаумен қатар оның қауызын ұнтақтап, қалдықсыз өнім шығаруға бейімделген.
Біз айтып отырған Қуаныш осы орында әдепкіде жұмысшы болған. 2007 жылдан бастап шебер. Шебер дегеніміз – зауыт механигі, мұндағы жауапты адам.
«Қыркүйек, қазан айлары біз үшін науқанды кезең. Бұл уақытта салы жиналса, әрмен қарай ақтаумен айналасамыз. 5, 10, 20, 25, 50 келі қапқа қапталған күріштер авто және теміржол көліктері арқылы тапсырысшылырға жөнеледі. Біздің міндет – жұмыстың дұрыс жүруіне атсалысу», – дейді кейіпкеріміз.
Сөзге жоқ азамат жеке басы туралы сұрағанымызда, көп нәрсе айтпады. Ал цехтағы жұмысшылар Айдос Ршымбетов, Жеңісбек Жәкенов, Нұрадин Ибайдуллаевтың өз істеріне деген жауаптылықтары мен жастық жігерлері туралы ерекше тебіреніспен жеткізді.
«Бүгінде жастар қара жұмыс істегілері келмейді. Сіздің ойыңызша, болашақта жұмысшы күшіне тапшылық туындамай ма?» деген сұрағымызға Қуаныш Өмірзақұлы былай жауап берді.
«Жұмысшы өмір бойы жұмысшы болып қалады деген теріс түсінік. Еңбек адамды ширықтарды, шынықтырады. Жоғарыда аты аталған жігіттерді көріп, олай айтпас едім. Жастардың жұмысқа ынтасы жоқ емес, оларды көбіне материалдық жағдай қызықтырады. Егер жұмыс беруші оны реттесе, жастар неге қашады? Содан кейін отбасында баланы дайын дүниеге баулымай, «еңбектің наны тәтті» екенін айтып отырсақ, балалар есейгесін, тосырқамай, табысты қайдан да таба алады», – дейді ол.
Аймаққа белгілі азамат басқаратын кәсіпкерлік нысанда жұмысшы-қызметкерлерінің айлық жалақылары, ынталандыру ісі жолға қойылған. Қуаныш Өтепбергенов 50 жасқа толғанында, басшылық жаңа көлік сыйға тартыпты. Жұмыста жүріп, көлік мінгендер саны мұнда аз еместігін біліп, таңданыс тудырдық. Бұл лайықты құрмет, абырой биігі екені сөзсіз.
25 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған өндіріс ошағы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына, салық базасының нығайюына өз септігін тигізуде.
«Мерей Есқожаев» күріш өңдеу зауытынан шыққан өнім үнемі сұранысқа ие. Аймақ әлеуетін арттырудың алғышарты – экономиканың тұрақты дамуымен байланысты екенін ескерсек, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту басты бағыт. Мұндай берекелі бастама арқылы сапалы азық түлік, тұрақты жұмыс, өндіріс көлемін көбейтуде халықтың еңбекке қабілетті бөлігі маңызды рөл атқарады. Төл брендтің дайындалуына тер төгетін Қуаныш сынды еңбек сүйген ерлер жастарға үлгі.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ