Катар Қазақстанның әскери полигондарын пайдалана алады: Сенат келісімді мақұлдады
14 қарашада сенат отырысында Қазақстан мен Қатар үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық келісімін ратификациялау туралы заң қаралды. Заңға сәйкес, екі ел әуе кеңістігі мен әскери полигондарды бірлесіп қолданбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: bm.ge
Екі мемлекет үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім 2023 жылы 12 желтоқсанда Доха қаласында жасалған екен.
“Келісімді ратификациялау екі мемлекет арасындағы әскери білім беруге, әскери қызметкерлерді даярлауға, біліктілікті арттыруға, әскери медицина, ғылым, мәдени, спорт саласында ынтымақтастық іс-шараларын өткізуге, және өзге де салалаларда келісілген қызметтер мен жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді”, – деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Сондай-ақ қызметкерлерге тіл үйрету, ақпараттардың құпиялығын сақтау, кедендік рәсімдеу, дауларды шешу, тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығу өткізу, бейбітшілік пен бітімгерлікті қолдау операцияларында консультация алу қарастырылған. Заң мәселелері бойынша түзетулер енгізу тәртібі айқындалған.
“Келісім жауынгерлік даярлық іс-шараларын өткізу кезінде осы елдердің әуе кеңістігін және әскери полигондарын өзара келісілген мерзімде пайдалану, техникаларды тасымалдау мүмкіндігін көздейді. Осы Заңды орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әр нақты жағдайда өзге тәртіп көзделмесе, мемлекеттердің заңнамасы аясында тараптар көзделген қаражат шегінде өздері дербес көтереді. Қазақстан және Қатар мемлекеттері үкіметтерінің заңды іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары ретінде екі елдің Қорғаныс министрліктері белгіленген”, – деп қосты ол өз баяндамасында.
Келісім 5 жыл мерзімге жасалды. Егер қазіргі мерзім аяқталғанға дейін тараптар алты айдан кешіктірмей келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабардар етпесе, уағдаластық келесі бес жылға автоматты түрде ұзартылады.