Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастардың арыны мен беталысы мені қуантады

Жастардың арыны мен беталысы мені қуантады

Ол – республикалық «Ана тілі», «Жалын» альманахында, Атырау облысындағы «Нарын таңы» газетінде қызмет еткен қайсар қалам иесі. Ақындықты жастайынан жанына серік етіп, ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, қуанышы мен замана үніне үн қосуда бүгіп қалуды білмейтін жан. Бірнеше кітабы жарық көрген, шығармалары әлемнің өзге тілдеріне аударылған, оқырманы көп автор. Айдарымыздың бүгінгі қонағы Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын Шәмшия Жұбатова

Мектептен қуып жібере жаздаған
– Сәлеметсіз бе, Шәмшия ханым, әңгімені балағын түріп алып, ақ кеме болып ыңыранып ағып бара жатқан алыстағы балалықтан бастасақ. Бір сұхбатыңызда: «Мені ата-ана емес, кітап пен өмір тәрбиеледі» дейсіз. Халық ақынының ұрпағысыз. Алғашқы өлеңге алып келген ақ толқын жалдар, балауса жолдарға ой жүгіртсек...
– Мен әкемнің тәрбиесін көрген жоқпын. Әкем Нұрсұлтан біріншіге барған жылымда өмірден озды. Бізді анамыз тәрбиелеп, отбасында тазалыққа, тамақты дәмді дайындауға, қонақ күту сынды жақсы отанасы болуға баулыды. Оның барлығы мен үшін аздық етті. Маған рухани тәрбиеші қажет болды. Сондықтан жас күнімнен кітапқа ұмтылдым. Мені кітап тәрбиеледі. Қандай қиындыққа тап келсем де, түрлі кітаптарды оқып, ондағы даналық сөздерді бойыма сіңіріп, қиындықтан шығуға ұмтылдым. Еш уақытта адамнан көмек сұраған емеспін, қажетімді кітап өтеді. Көңілімнің кемшін тартқан тұсын толықтырып, көкжиегімді кемелдендіре түсті. Кітап – менің ғана емес, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі дер едім.
Мектепте оқып жүргенімде өте арманшыл болдым. Өзге оқушылардан ерекшелігім сол кезде байқалды. Жанқожа ауылындағы шағын мектепте білім алдым. Ойда жоқ жерде бірдеңені ойлап-тауып, соны сыныптастарыммен жүзеге асырамын деп, мұғалімдерден үнемі «сөз естіп» жүретінмін. Мұғалімдер жанымды ешқашан түсінген емес. Олардың пікірінше, мен жуас, момын, тұйық, белгілі бір қалыптан аспайтын адам болып шығуым керек еді. Бірақ ішкі табиғатым оған барғызбады. Тіпті бір жолы ісімді тәртіпсіздікке балап, мектептен шығарып жібере жаздағаны бар. Қазір баланың тұлғалық қабілетін дамытуға күш салыну қажеттігі айтылып жүр. Мен идеяшыл, тынымсыз, жоқ жерден жаңа ойлар ойлап табатын бала болдым.
Біздің кезімізде кітап көп оқылатын. Кітабы жоқ үй болмайтын. Газет-журналдардың әр жаңа санын күтіп, таласа-тармаса оқитынбыз. Бірде қолыма Дихан Әбілевтің жыр жинағы түсті. Қызығып оқығаным сонша, ойымнан өлең болып ұйқастар төгіле бастады. Алғашқы балалық әсерден туған «Көсем атын айтамыз біз жыр қылып» деген сол өлеңімді аудандық газет редакциясына жолдағанымда, басып шығарды. Сыныптас­тарым менің тырнақалды туындым шыққан басылымды төбелеріне көтеріп үйге келіп: «Сенің балаң үлкен ақын болғалы тұр» дегенді айтқанында, анам ерекше толқынысты әсер кешкені әлі есімде. Содан кейін Баубек Бұлқышев туралы жазылған шығармаларды оқып, батырға еліктедім. Жетінші сыныпты бітірген соң, аудан орталығына ауыстым. Сол кездегі №420 мектепке барғанымда, оқу орнының басшысы менің әкемді танитын, ұстаз тұтатын жан болып шықты. Оқушы көп, оқитын жер аз болғанына қарамай, әке қадірімен мектепке қабылдандым.
Сыныбым керемет, озат оқитын балалары көп, өте дамыған оқушылардан топтасқан болып шықты. Мұғалімдері де нағыз педагогтер. Барлық сабақ үлкен дайындықпен өтетін. Жаңа ортам жаңа қызығушылықтарыма жол ашты. Тіпті денешынықтырудың өзінде күрделі спорт түрлерін меңгертетін. Әр пәнді жібермеуге тырысамыз. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аз уақытта комсомол комиететі хатшысы абыройлы жауапкершілігін жүктедім.
Онда Табиға Қонақбаева деген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі өзі жеке қамқорлығына алып, шығармашыл қабілетімді оятып, әдебиет әлеміне баулыды. Өлең жазсам, апайға көрсетемін. Ұстазым талдап, өз пікірін айтады. Алда қандай кітап оқу керектігіне бағыт береді.
Бір жылдан соң бір топ өлеңімді аудандық газет суретіммен, ақ жол тілеп басылып шықты. Мектепте оқып жүргенде-ақ атым аймаққа таныла бастады. Маған жан-жақтан, тіпті түрмеге түскендерден де мазмұнды хат келетін. Оларды бүкіл сыныптастарым тосып отыратын. Аудандық атқару комитеті жанында Қалжан Нұрмаханов атындағы әдеби бірлестік болды. Сол Р.Жанай басқарған бірлестік мүшесі болып, әдеби ортаға ерте ендім. Бірлестіктің әрбір отырысы қызу өтететін. Жаңа шығарма талқыланып, әдеби тұлғалар өмірі, шығармаларына талдау жасайтын. Ақын қыз деген атым ерте жайылып, спектакль сценарийін жазып, мектепте саханалай бастадық. Біздің қойылымдарды аудан басшылары келіп тамашалайтын. Әдебиеттегі алғашқы баспалдағым осылай басталды.

Белгісіз буынға баландық
– Қаламгер – уақыт жаршысы, адамзаттың рухани тынысына дем беруші. Өз тіліңізбен айтсақ, «Сандар озып жатқанда сападан да, Отыз ауыз ойлы сөз есітір ме едім?»... Ардың ісі әдебиеттің әлеуеті, бүгінгі көтеріп отырған жүгі қандай?
– Мен қай уақытта да үндемей қалған емеспін. Қоғамда өз даусымды білдіріп, ақындық-жазушылық мінберінен сөз сөйлеп отырғанмын. Бірер жыл бұрын Қазақстан халқын қайғыртқан бес баланың отқа оранғанына азаматтық үнімді қостым. Жер сілкінісі, қоғамдағы әділетсіздіктің қай-қайсысына да үндемей қал алмадым. Ковидте де үнемі елмен бірге екенімді айттым.
Алматыға 1975 жылы оқуға түсіп, әдеби ортаға келгенімде, қазақ әдебиетінің жарқын өкілдері мені жылы қабылдады. Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шахановтармен қатар отырып, өлең оқыдық. Кештерде жолықсақ Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереевалар қанаттандырып, өз пікірін айтатын. Сол үлгілі үрдістен мен де жаңылған жоқпын. Жастардың үнемі жанынан табылып, апалық алғысымды айтып, тура жолға бағыттаймын. Жас кезімізде жарыққа шыққымыз келеді. Шығармаларымыз тезірек жарияланғанына асығатынбыз. Сондайда редакциядағылар: «Күтіңдер, алдарыңда аға-апаларың тұр. Кезегі жеткенде, шығасыңдар» дейтін. Біз тосамыз. «Қазіргі уақыт – жастардікі. Барлық бағыт жастарға бақытталады» дейді. Меніңше, замандастарымыз екі аралықта белгісіз буын болып қалған сияқты. Бірақ біз өзіміз жазатынды жазып, айтарымызды айтып үлгердік деп ойлаймын.

Күлтегіннің сөзінде қаншама ақ өлең жатыр
– Жастар жанашырысыз. Жаңадан өсіп келе жатқан таланттыларды танудан, танытудан ешқашан танған емессіз. Сіздерді әдебиетке әкелген уақыт өкілдері азатсүйгіш, ертеңінен үмітті, кеудесінде оты бар сайдың тасындай жандардан құралды. Қазіргі техникалық қолжетімділік, бүгінгі буынның стилдер мен әдістер плюрализмі тән постмодернизге бой алдыруы өзінің қалыптасқан үлгісі бар қазақ поэзиясын тым еркінсітіп, жалаңаштап бара жатқан жоқ па?
– Қазір біз өте күрделі қоғамдық сатыда өмір сүріп жатырмыз. Бүкіл түркі әлемдері бірігіп жатыр. Адамдардың санасы мүлдем өзгерді. Қоғам жаңа сатыға көшті. Әркез өзімді біліммен толықтырып отырамын. Әйтпесе көшке ілесу мүмкін емес. Жасым біразға жетсе де, жаңа технология, жаңа сөз тіркестері, техника түрлері мен үшін қызықты. Бір күн ізденбесем, оқымасам, қарайып қалғандай сезінемін. Сондықтан заманмен бірге болуға тырысамын. Жастардың арыны, беталасы мені қуантады. Жаңа үлгіден қазақ әдебиеті жалаңаштанады деп ойламаймын, керісінше, байиды. Олардың арасында уақытша үлгілер болуы мүмкін. Үлкен үміттеніп қараймын. Курстасым Аманхан Әлімов «Ақ өлең – өлең емес» деген болатын. Меніңше, ақ өлең – озық өлең үлгісі. Күлтегіннің бір ауыз сөзінде қаншама ақ өлеңнің үлгісі жатыр. Ақжол Түменбай деген ақын шығармалары шаттандырады. Соңғы кезде әнге мәтін жазуға көбірек көңіл бөліп кетті. Әннің мәтіні лирика емес. Екеуі – екі бөлек дүние. Бауыржан Халиолла деген керемет лирик ақын да айтысқа кетіп қалды.

Қазақстанның атын әлемге танытар едік
– Тілдік стихияңыздағы тереңдік, қолданы­сыңыз­дағы психологиялық параллелиз оқыр­манын үнемі тәнті етеді. Мәселен, «Қамшы» қазақтың культі, мал қайыратын құрал ғана емес, қоғамдық маңызды миссияларды атқарушы, «Өң мен түс» – басы бар өмірдің соңы болатынын ұқтырған философиялық түйінге жетелейтін ауқымды тақырып. Шығарманы заман тудырады. Алайда оның тұғырынан табылмай, жоқтаушысы, іздеушісі болмаса, құны құлдырамай ма?
– Ақын-жазушы көрінбей кетсе, жазбай жүр деп айта алмаймын. Отыз жыл оқырманды жоғалтып алған уақыттың орнын толтыру оңай дүние емес. Қаламгер жазып жатыр, дамып жатыр, бірақ екі ортадағы байланыс үзілді. Оқырман көп жиналатын жерге бару керек. Бұрынғыдай әдебиет идеологиялық құрал ретінде маңыздылылықта деп айтуға тағы келмейді. Қаншама құнды шығармалар бар. Насихат кемшін. Қаржы қолбайлау. Мәселен, Германиядағы Франфургте кітап жәрмеңкесіне шақырту алып едім, қалып қойдым. Қарашада Америкада онкүндік аударма ісімен айналысуға мүмкіндік туып отыр еді, оған бара алмадым. Қаржылай көмек болса, бүкіл Қазақстанның атын әлемге танытар едік.

Руханияттың алтын бесігі
– Құт мекеніңіз – Қазалыға, аудан аттас басы­лымға айтар тілегіңіз...
– Қазалы мен үшін әр уақытта ыстық. Менің балалық шағымның мекені. Бақытты кезеңімнің куәсі. Туған жеріме барсам, үйде отыра алмай, ауасын жұтуға демалып, терең тыныстаймын.
Қазалы жаңарған, өсіп дамыған, адамдар санасы оянған үлкен қала болып жатыр. Осыны тоқтатпай, алға қарай жүре берсе, үлкен инновациялық ортаға айналары сөзсіз.
Сыр өңіріндегі қаламгерлер мықты. Бір ғана Арандының өзінен сексеннен астам ақынның өлеңі кітап болып басылуы мені қуантады.
Мені үнемі Ынтызар Әбішев, Зейнолла Шыраев ұмыт қалды-ау деп ойлайтынмын. Аллаға шүкір, ұмыт қалмапты. Сыр өңірі – руханияттың алтын бесігі. Сондықтан Қазалыдан шыққан қаламгерлер Қазалының дәнді дақылдары сияқты. Сол киелі топырақтан талай алып бәйтеректер шығады деген үміттемін. Екі қала аралығы қосылып жатыр. Сол аралық әдемі ағаштар отырғызылған шырайлы орынға айналса деген тілектемін.
Қазалының басылымдарынан бұрын бюро­кра­тизм­­нің иісі аңғып тұратын. Бюллетень сияқты еді. Қазір кәдімгі әдеби-сараптамалық, ауданнның жаңалықтарымен бөлісетен, республикалық газеттен бірде-бір кең емес, көшелі газеттерге айналған.
Қаламдарыңыз мұқалмасын, беделдеріңіз биіктеп, ауданмен бірге асқақтаған абыройларыңыз арта берсін!
– Көп рахмет!


Сұхбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
02 қараша 2024 ж. 27 0

Ер есімі – ел есінде

02 қараша 2024 ж. 24

Бала жанының бағбаны

02 қараша 2024 ж. 22

Көркейе бер, Қазалым!

02 қараша 2024 ж. 22

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930