Балалар қауіпсіздігін қалыптастырған білім ордасы

Сол кездері Ақтөбе облысынан 35 отбасын төрт түлігімен оңтүстікке жермен көшіру кезінде қыс айының қатты суықтығынан «Кеңтүп» елді мекенінде қыстап, осы жерде мекендеп қалады. Бір жылдан соң «Кеңтүп» елді мекенімен бірігіп, «Қазалы қой совхозы» болып құрылды. Совхоз орталығында «Кеңтүп» елді мекенінде халықты тұрақтандыру мақсатында төрт жылда орталықтан бастауыш мектебін ашу туралы қаулы шығарылады. Алғашқы мектеп салынып, «Кеңтүп» бастауыш мектебі болып аталды. Бастауыш мектеп ғимараты төрт бөлмелі болып, білім ұясында 37 бала оқыды. Сабақты 6 мұғалім беретін. Мектеп жасындағы бала саны көбейіп, ауыл тұрғындарының көмегімен қолдан кесек бастырылды. Сөйтіп мектеп жанынан тағы бір ғимарат бой көтерді. Кейін «Кеңтүп» бастауыш мектебі 7 жылдық болды. Білім ордасы екі ғимараттан тұрды. Сол кездері 72 оқушыға 13 мұғалім дәріс өткізді. Сұранысқа сай 8 жылдық мектеп қатарына өтті. Оқушы саны – 157-ге жетті. Уақыт өте келе қаншама маңдай тер, ерен еңбектің нәтижесінде №100 «Кеңтүп» орта мектебі аталып, 10 жылдыққа ауысты. Оқушылар саны да ұлғайып, 170 бала құралды. Мектепте 27 мұғалім оқушыларға оқу-ағарту ілімін сіңірді. Келе-келе білім ошағының ауласын көгалдандыру мақсатында жоғары сынып оқушылары кесек құйып, үлкен спорт залы оқушылар мен ұстаздар күшімен салынды. Төрт сынып бөлмесінен тұратын қосымша құрылыс салынып, мектептің материалдық-техникалық оқу базасы ұлғайтылды. Аудандық спорт мектебінің «Еркін күрестен» филиалы ашылды. Совхоз орталығынан алыс елді мекенде тұратын малшылардың балаларын оқумен қамтамасыз ету үшін совхоздың күшімен ауыл орталығынан 70 балаға арналған мектеп жанынан интернат үйі бой көтерді.

Қазіргі таңда мектепте 2023-2024 оқу жылында І ауысымда 14 сыныпта 212 оқушы, МАД тобында 28 оқушы, барлығы 240 оқушы білім алуда. Оларға 36 жоғары білімді мұғалім дәріс береді. Оның ішінде 4 мұғалім – педагог-зерттеуші, 13 мұғалім – педагог-сарапшы, 10 мұғалім – педагог-модератор, 34-і – техникалық қызметте.
– Ы.Алтынсарин педагогикалық құндылық бағытында. Дүйсенбі күннің алғашқы сабағында мемлекеттік Әнұран орындалады. Мереке күндері мен сенбі, жексенбі күндері түнгі рейд жұмысы күшейтіліп, қатаң бақылауда болады. Тоқсан сайын учаскелік полиция қызметкері мен ата-аналар жиналысы өткізіліп, оқушылармен кездесу ұйымдастырылады. Мектеп педагог-психологының жылдық жұмыс жоспарына сай оқушылардан сауалнама алынып, тәуекел тобына бейім оқушылар анықталды. Олармен жыл бойы жұмыс жүргізіліп отырады. Ай сайын буллинг, кибербуллинг, лудоманияға байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отыр. Сонымен қатар білім алушыларымызға әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Жыл бойына ыстық тамақпен 64 оқушы қамтамасыз етілді. Мектебімізде 30 үйірме жұмыс жасайды. Оқушылар 100% қамтылып отыр. Ауылдық мәдениет және спорт мектебіне 50 оқушы қатысады, – дейді №100 «Кеңтүп» орта мектебінің директоры Марат Кеулімжай.
Директордың айтуынша, біліктілік арттыру курстарынан жыл сайын педагогтар білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап келеді. Алдағы уақытта әр 3 жыл сайын білім жетілдіру жоспарлануда. Жыл бойына өткізілген аудандық, облыстық іс-шаралар мен байқауларға мектеп оқушыларын қатыстырып, жүлделі орындарға ие болуда. Біртұтас тәрбие бағдарламасының жобасы аясында ұлттық және азаматтық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында «Мектеп театры», «Дебат», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп парламенті», «Эко мектеп» жобасы жүргізілуде.
Қазіргі таңда интернатта 30 тәрбиеленуші бар. Оған 2 тәрбиеші, 2 бала күтуші жұмыс істейді. Тәрбиеленушілер тегін жатын орынмен, 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Мәдени мұра» бағдарламасын басшылыққа алып, Шығыс жастарының жалынды жетекшісі – Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығына байланысты мектепте өлкетану-мұражайы ашылды.

№100 орта мектебінде 91 оқушы әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балаларына жатады. Оның 33-і көпбалалы отбасынан, 11-і толық емес жанұядан, 59 оқушы тұрмыс жағдайы төмен әулеттен, 1 оқушы мүмкіндігі шектеулі бала санатында. «Мектепте жол» акциясы бойынша мектепте қайырымдылық шаралар жүргізілді. Демеушілерден 300000 мың теңге қаржылай сонымен қатар оқу құралдары, сумка, киімдер берілді. Әлеуметтік топтағы 64 оқушыны кәсіпкер Ж.Әзілхан ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Сегіз жыл бұрын мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Зәулім ғимарат қатты отын қолданылатын 1 бу қазандығымен жылытылады. 2021 жылдың қазан айынан бастап мектепке сұйық отынмен жылытылатын қуаты – 5000 киловольттық 2 бу қазандығы орнатылды.
Мектеп ғимаратына маусым, шілде айларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Нұрсәуле – Құрылыс 2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестік мердігер демеушілігімен мектеп жанындағы интернат үйіне 2 әжетхана (қыз бала, ер бала) орналастырылды. Оқу кабинеттерінің ауданы санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сай, мұғалімдерге және балаларға арналған жұмыс аймағы, оқу көрнекі құралдары және оқытуға арналған техникалық құралдарды орналастыруға арналған қосымша кеңістік белгіленген. Киім ілетін орындар бірінші қабаттарда орналасқан.
Мектепалды даярлық және бастауыш сынып оқушылары мен тәрбиеленушілер әрбір сыныпқа бекітілген оқу кабинеттерінде оқытылады. Оқу кабинетінің саны – 22, 32 камера құрылған. Оның 10-ы сыртта, 22 камера іште орналасқан. Медициналық пунктке лицензия алынған. Екі бөлме – 31, спорт зал – 281,9, асхана – 149,4 шаршы метрді құрайды. Мектеп аумағында оқу, дене шынықтыру – спорт, демалыс, шаруашылық аймақтары бар. Шаруашылық аймағы ас блогының өндірістік жайларына кіретін жақта орналасқан және көлік кіретін жолы бар. Шаруашылық аймағы орталықтандарылған ауыз су жүйесімен жабдықталған. Кәріз жүйесі септик арқылы орналастырылған. Ғимараттың сыртқы беті мен ауласы жарықпен қамтылған. Сыныптарда, кабинеттерде, шеберханаларда, асханалар мен басқа да бөлмелерде жиһаздармен жабдықтардың орналасуы адамдарды құтқаруға және өрт сөндіру құралдарын алуға кедергі жасамайды. Оқу сыныптары мен кабинеттердегі парталар саны өрт қауіпсіздігі ережесіндегі белгіленген саннан аспайды. Терезелерге ашылмайтын торлар орнатуға тыйым салынған дейді мектеп басшысы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА