Руханият ордасы – кітапхана
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының мәдени орталығының дамуына елеулі өзгерістер ене бастады. Соның бір айғағындай Қазақстан мен Орталық Азияның табиғаты мен тарихын зерттеуді мақсат тұтқан орыс саяхатшылары мен тарихшылары қазақ даласына білім нәрін себетін мәдениет ошақтарын ашуға жанашырлық танытып, ұйытқы болды. Соның жарқын үлгісі 1901 жылдың 2 желтоқсанында ескі Қазалы қаласында Сыр бойындағы ең алғашқы кітапхана өз оқырмандарына есігін айқара ашты. Осы орайда қазақ даласында жүрген, Россиядан жер аударылып келген орыстардың социал-демократтары көмекке келді. Кітапхана қорына қолда бар әдебиеттерін беріп, қазақ жастарының ұйымдасып ойын-сауық қоюына, одан түскен қаржыға кітаптар сатып алуына мұрындық болды. Кітапхананың қазақ халқы үшін таптырмас білім көзі екенін түсінген қазақ зиялылары кітапхана қорын толықтыруға өзіндік үлестерін қоса бастады. Сөйтіп алғашқы жылы 437 дана кітап қорымен Қазалы қаласында өз оқырмандарын қабылдады. Сол жылдары кітапхананың тұрақты 113 оқырманы болды.
Кейінгі жылдары Арал теңізін зерттеуге келген академик А.С.Берг осы кітапханаға арнайы соғып, бірнеше ғылыми әдебиет, Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шанский де Қазалы қаласында болып кітапхана жұмысын жақсарту туралы кітапханашыларға ақыл-кеңес беріп, кейін өзінің жеке кітапханасынан 200-ге тарта кітаптарды қолтаңбасымен сыйға тартқан. Бұл кітаптардың 78 данасы әлі күнге қалалық кітапхананың жанынан ұйымдастырылған «Алтын қор» мұражайында сақтаулы.
Осылайша Сыр бойынан ең алғаш дүниеге келген оқырмандар ордасында кітап қоры жылдан-жылға көбейе түсті.
1905-1907 жылдардағы орыс революциясы кезінде кітапхана қызметкерлері белсенділік танытып, патша үкіметі тыйым салған әдебиеттер мен газет-журналдарды жинастырып, тығып ұстады. Кітапхана алдыңғы қатарлы жастар мен зиялы қауым өкілдерінің бас қосатын сүйікті мекеніне айналды. Сондай жастар қатарында Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев, большевиктер секретарларының бірі Вали Семенеев, халық ағарту ісінің үздігі Бердікен Мергенбаев, көп жылдар бойы Ташкент университетінің профессоры болған Фатых Салықұлы Бакиров және басқалар болды.
Міне, осылайша дүниеге келген кітапхананың ұлан-ғайыр игілікті істерінің басында кітапхананың ең алғашқы кітапханашысы, 1900-1917 жылдарда еңбек еткен Надежда Николаевна Шалаева жүрді. Кітапхана алғашқы кездері орыс және татар бөлімінен тұрды.
Кітапхананың 1917-1956 жылдардағы меңгерушісі болған Уәли Адамовтың еңбегі ерекше. Кітапты жанындай сүйген ғажайып жанның арқасында кітапхана ісі биік-биік белестерге көтеріле білді. Осы жылдар ішінде оқырман мен кітапхана арасындағы байланыс жақсарды, кітап қоры мен оқырман саны көбейіп, кітапханада өткізілетін мәдени-көпшілік жұмыстардың түрлері бой көрсете бастады. Ерінбей-жалықпай іздене отырып кітапхананы білімнің нағыз қайнар бұлағына айналдырды. Уәли Адамов – Қазалы ауданындағы кітапханатану ісіндегі ең алдыңғы көшбасшысы болды.
1951-1980 жылдар аралығында кітапханада Сейілхан Төлегенов, Жәкеш Төлеповалар еңбек етсе, 1963-1970 жылдар аралығында Жәрмедет Хайруллаев халыққа кітапханалық қызметтің ең озық үлгілерін көрсетті.
1917-1918 жылдарда шағын кітап қорымен Жаңақазалы қыстағында өндірістік кітапхана болды. 1964 жылдан бастап 1975 дана кітап қорымен қайтадан аудандық кітапхана болып іргесі қаланды. Ал Қазалы қаласындағы кітапхана кітапханалық дәрежесін сақтап қалды. Аудандық кітапхананың алғашқы меңгерушісі болып 1964-1969 жылдары Ұлбике Үсенова қызмет етсе, 1969 жылдан кітапхана меңгерушілігіне Маржан Қарабалаева келді. Осы жылдар ішінде кітапханада төрт адам халыққа кітапханалық қызмет көрсетті.
Жаңару мен жаңғыру
1980 жылы елімізде кітапханалардың орталықтандырылуына байланысты аудандық кітапхана аудан көлеміндегі кітапханаларды біріктіретін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі болып қайта құрылды. 1998-2015 жылдар аралығында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне басшы болып Мамық Үржанбекова сайланды. 2015 жылдан Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің коммуналдық мемлекеттік мекемесін Индира Назарова басқарып келеді.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданы бойынша аудандық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы, кенттік кітапхана, қалалық, қалалық балалар кітапханасы және 21 ауылдық, 26 көпшілік кітапхана халыққа рухани-мәдени кітапханалық қызмет көрсетеді. Аудан кітапханаларының әдістемелік оралығы болып табылатын аудандық орталық кітапханада әдістеме-библиографиялық, кітап қорын толықтыру және өңдеу, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі жұмыс жасаса, 2022 жылдың қараша айынан бастап ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі ашылып, қалың оқырманға қызмет көрсетудің мазмұны тереңдеп, тәрбиелік-тағылымдық мәні мен маңызы артып, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Кітапхана жүйесіне 2005 жылы 2 модульден тұратын РАБИС бағдарламасы енгізіліп, 2006 жылы Интернет жүйесіне қосылды. 2015 жылдан бастап РАБИС бағдарламасы 5 модуль бойынша жұмыс атқарып келеді.
Бүгінгі күні аудан кітапханашылары ұдайы ізденіс пен жаңашылдықты жандарына серік етіп, рухани құндылықты насихаттауда сүбелі үлес қосып келеді. Әдістеме – библиографиялық бөлімі жүйе кітапханаларының жұмысын үйлестіріп, жетекшілік етуге бағытталған. Кітапханалар жұмысына талдау жасау, ауылдық филиалдарға әдістемелік көмек көрсетуде жүйелі жұмыстар атқара отырып, инновациялық қызметті басты бағыттары санайды. Бөлім меңгерушісі З.Мұстафаева, әдіскерлер М.Сүйегенова, А.Әбілтаева.
Кітапханалардың кітап қорын жылдан-жылға жаңа әдебиеттермен толықтыруда, облыс орталығынан бөлініп, келіп түскен кітаптарды өңдеуден өткізіп барлық 26 кітапханаға тарату кітап қорын толықтыру бөлімінің негізгі жұмысы болып табылады. Бұл бөлімде бөлім меңгерушісі М.Елдесбай, кітапханашылар А.Жұбан, М.Ағыбергенова қызмет жасайды. Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі анықтамалық аппаратты жетілдіре отырып, атаулы күндер күнтізбесі, әдебиеттер тізімі, реферативтік журналдар, библиографиялық көрсеткіштер мен әдістемелік құралдар әзірлейді. Аталмыш бөлімде бөлім меңгерушісі А.Орынбай, библиограф Г.Нысанбаева, А.Назарова, редактор М.Төлеу қызмет жасайды. Аудандық орталық кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі жұмыс жасайды. Көпшілік оқырманның кітап қорымен танысуына, қажетті әдебиетімен сусындауына, оқырманның сұранысын зерттеп, зерделеу, жоспар бойынша оқырмандармен мәдени-рухани шараларды ұйымдастыруда, түрлі танымдық-тағылымдық кездесулер мен жаңа кітаптың тұсаукерін өткізуде жұмыстар атқарып келеді. Бұл бөлімде бөлім меңгерушісі С.Бекмамбетова, кітапханашылар А.Айтжанова, Г.Махамашова, П.Ниязымбетова, Г.Прімбетова, Н.Әжіғұлова оқырмандармен тығыз байланыста қызмет жасайды.
Кітапханалық қызметтің бір бөлігін аудандық балалар кітапханасы құрайды. Бөлім меңгерушісі Ж.Көмекбаева, кітапханашылары Г.Тұрғамбаева, З.Ашербекова, Д.Алдақияровалар жас балғындар үшін танымдық шаралар өткізіп, түрлі тақырыптарда кітап көрмелерін ұйымдастырып, балалардың ой-өрісінің дамуына, қажетті әдебиеттерімен сусындауына бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар балалардың қолымен жасалған түрлі тақырыптағы суреттері мен қолынан жасалған бұйымдарына арналған арнайы көрме ұйымдастырылған. Облыста, ауданда өткізілетін қандай да бір рухани-мәдени шараларға белсенділікпен атсалысып, өз үлестерін қосып жүрген қалалық, қалалық балалар, кенттік, ауылдық округтердегі кітапхана қызметкерлерінің әрбірінің кітапханалық қызметінің ерекше екендігін атап өтуге болады. Атап өтсек, қалалық кітапхана меңгерушісі Ж.Сейталиева, Н.Қожанова, Ж.Абдирова, Ж.Ерімбетова, қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Т.Мырзалиева, Э.Шәмет, Қ.Садирова, кенттік кітапханада Г.Өтеп, Э.Жолтаева көпшілік оқырманның оқуына, олармен өткізілетін түрлі шаралардың өз дәрежесінде өтуіне бір кісідей атсалысып келеді. Әрбір ауылдық кітапханашы да оқырманға кітапты насихаттауда, рухани-мәдени шаралар ұйымдастыруда жұмыстар жүргізіп келеді. Ұлттық құндылықтар мен өлке тарихының тұрақты жинақталуы, ақпараттық ортаның қалыптасуы, әрбір оқырманның сұранымының табылып, кітапхана қорының сапалы, жан-жақты ізденіспен табылып, заманауи талаптар биігінен көрінуіне рухани орталық шырақшыларының қосып жүрген үлесі осындай.
Ұлболсын Талапбаева