Жанқожадағы дүбірлі думан
«Өткенге – салауат, болашаққа – аманат» деген тәмсіл бар. Кеше мен бүгінді ой елегінде екшесек, Қазалы өңірінде қаншама әлуие-әмбелер, бабалар мен батырлар ғибратты ғұмырымен ел жадында жатталған. Соның бірі – ел аузында есімі батыр Жаңқожа Нұрмұхамедұлы. Ата-бабалардың өшпес рухына тағзым ету, Құран бағыштау бүгінгі ұрпақтың борышы. Соған сәйкес, жақында Жаңқожа батырдың 250 жылдық торқалы тойы Жаңқожа батыр ауылында кең көлемде аталып өтті.
Арықбалық ауылдық округі әкімі аппаратының «Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің» ұйымдастыруымен Ә.Жақсылықұлы атындағы орталық саябағында «Ел қорғаған – ер Жәкем» атты рухани іс-шара өтті. Мерекелік шара мәдениет үйі жанындағы халық театры өнерпаздарының «Арықбалық шайқасы» атты қойылымымен басталды. Қазалы ауданының құрметті азаматы С.Имандосов пен аудандық мәслихат депутаты Ғ.Әліш құттықтау сөз сөйлеп, барша жиналған тұрғындарды батыр бабаның 250 жылдығымен құттықтады.
Одан соң рухани шара «Ерлігі ұрпағына ұран болған» атты облыстық жыр-дастан орындаушылардың фестивалі, «Халқының туған бағына, батыр баба Жанқожа» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы, «Жаса, жайна туған жер» атты гүлдер көрмесі және «Сиқырлы қалам» атты аудандық суретшілер байқауына ұласты. Барша байқауға қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Ауыл жастарының демеушілігімен ұйымдастырылған спорттық шаралар да өткізілді. Спорттық шараға облыс көлемінен спортшылар қатысып, бақ сынады. Онда қазақша күрес, гір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес, аударыспақ, көкпар спорттары бойынша өткізілді.
Қазақша күрестен Арал ауданынан келген балуандар жүлделі орындарды иеленсе, гір тасы, аударыспақ, қой көтеру, қол күрес сайысында ауданымыздың спортшылары жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Атап айтсақ, қол күрестен Оразалы Сұлтанбек І орынды иеленсе, ІІ орын Жалғасбек Мақсатқа бұйырды. Ал Мақсат Жадырасынов ІІІ орынды місе тұтты. Қой көтеруден Нұрқожа Темірбек 3 минутта 102 рет көтеріп І орынды жеңіп алса, 100 рет көтерген Рамазан Оразбай ІІ орынды иеленді. Ал Илияс Каден қойды 99 рет көтеріп, ІІІ орынға жайғасты. Гір көтеруден Жәнібек Аралбаев 85 рет көтеріп жүлделі болса, Мейрамбек Бөлекбаев 78 рет көтеріп ІІ орын иемденді. Ал 77 рет көтерген Қуанжан Айдақұлов ІІІ орынды қанжығасына байлады.
Қазақша күрес, Түйе палуан сайысы бойынша, Азамат Тұрымбетов І, Бақтияр ІІ, Сағыныш Жұмақан ІІІ орынды ұтып алды.
Ал аударыспақ ойыны бойынша Алмат Көбейсін І, Аяп Аманжол ІІ, Темірхан Орынбай ІІІ орындарды жеңіп алды.
Арқан тартыс сайысында Бекарыстан би ауылының жігіттері І орынды иеленсе, ІІ, ІІІ орындарды ауыл жігіттері иеленді.
Көкпар ойынында Жалағаш ауданынан келген көкпаршылардың қанжығасы майланды.
Шара соңы “Елге тарту” атты мерекелік концертпен қорытындыланды.
Айнұр ӘЛИ